1598 мемлекеттік функциясы Үкіметтен министрліктерге беріледі - Ұлттық экономика министрі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздегі әкімшілік реформа аясында 1598 мемлекеттік функция Үкіметтен министрліктерге беріледі. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев мәлім етті.

«ҚР Президентінің 2014 жылғы 25 тамыздағы Жарлығын іске асыру мақсатында заң жобасымен Үкіметтің өкілеттігі нақтыланады. Атап айтқанда, бұндай өкілеттік мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық негізгі бағыттарды айқындау, мемлекеттің қорғаныс қабілеттілігін, қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және оларды жүзеге асыру бөлігін қамтып отыр», - деді министр Е.Досаев.

Министрдің сөзіне қарағанда, Үкімет пен министрліктер құрамына енбеген орталық мемлекеттік органдарға стратегиялық, реттеуші, жүзеге асырушы, бақылау-қадағалау функциялары, стратегиялық жоспарлар мен бағдарламаларды жүзеге асыру өкілеттіктері беріледі. Осыған орай, заң жобасымен 15 кодекске және 125 заңға өзгерістер енгізу көзделеді. «1598 функция Үкіметтен министрліктердің құзырына беріледі. Министрліктердің нормативтік-құқықтық актілер қабылдау және мемлекеттік қызмет стандарттары мен регламенттерін бекіту функциялары кеңейе түседі», - дейді Е. Досаев.

Еске сала кетейік, аталған заң жобасын ҚР Президенті шұғыл деп жариялаған болатын. Құжат бүгін Мәжілістің жалпы отырысында жұмысқа алынған еді.