16 елдің әскери қызметшісі ЭКСПО көрмесін тамашалады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «АрМИ-2017» халықаралық әскери ойындарына қатысып жатқан 16 мемлекеттік әскери қызметшілері «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесін тамашалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әр мемлекеттің команда басшылары елорда төріндегі жаһандық көрмеге арнайы қонақ ретінде шақырылған болатын. Олар ең алдымен «Нұр Әлем» павильонын аралап, ғимараттан шыққаннан кейін алған әсерлерімен бөлісті. Мәселен, Қытай елінің өкілі Вань Тие Фэнь өзін бейне бір өзге әлемге немесе болашаққа еніп кеткендей күйде қалғанын, өткен тарихқа да бір саяхаттап қайтқанын айтты. Сондай-ақ, әр қабаттың өзіндік сырлары барын, солар арқылы өскелең ұрпақ қандай заманда күн кешетіндігін білуге болатынын сезінгенін атап өтті.

Айта кетерлігі, 1-9 тамыз күндері «Отар» әскери базасында АрМИ-2017 аясында «Артиллериядан оқ ату шеберлері», «Мергендер шебі» және «ҰҰА топтарының сайысы» атты үш байқау өтуде. Байқауға 18 елдің атап айтқанда  Әзербайжан, Армения, Бангладеш, Беларусь, Венесуэла, Грекия, Зимбабве, Үндістан, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей Федерациясы, Тайланд, Тәжікстан, Өзбекстан және ОАР-дың әскери қызметшілері қатысуда. Сондай-ақ, ойындардың басталу қарсаңында Мысыр мен Пәкістанның бақылаушылары қосылды.

Қазақстан Халықаралық Армия ойындарының қатысушыларын осымен екінші рет қабылдап отыр. Командалардың қатысушыларының жайлы тұру үшін бар жағдай жасалған, тамақтану рационы қонақтардың асханасына барынша бейімделген.

Өткен жылы Қазақстан Қарулы күштерінің құрамасы Халықаралық Армия ойындарын жеңіспен аяқтаған еді. Жалпыкомандалық есепте еліміздің әскери қызметшілері Азия, Еуропа, Африка және Латын Америкасының 19 мемлекетінен жиналған 120 әскери команда арасында екінші орын алды. Бірінші орынды Ресей иеленсе, үшінші орынды Қытай командасы еншілеген еді.