16 қараша. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 16 қараша күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Фото: Kazinform

48 жыл бұрын (1975) «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ экономика және қаржы жөніндегі бас директоры Руслан Бақытжанұлы БЕКЕТАЕВ дүниеге келді.

Шымкент қаласында туған. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін, Бристоль университетін (Ұлыбритания), Оксфорд университетін (Ұлыбритания) бітірген.

Еңбек жолы: 1996-2001 жылдары - ҚР Ұлттық құнды қағаздар комиссиясының лицензиялау және қадағалау департаментінде жетекші маман, сектор меңгерушісі, бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары, департамент директорының орынбасары міндетін атқарушы. 2001-2004 жылдары ҚР Ұлттық банкінің қаржылық қадағалау департаментінің инспекциялау басқармасының бастығы, 2004-2005 жылдары ҚР қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігі банктерді қадағалау департаментінің инспекциялау басқармасының бастығы, 2005-2010 жылдары қаржы органдарындағы, ҚР Экономикалық қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінде қызмет етті. 2011 жылы «Қазақ гуманитарлық заң университеті» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі, 2011-2012 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің қаржылық мониторинг комитеті төрағасының орынбасары, 2012-2014 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитетінің төрағасы, 2014-2021 жылдары ҚР Қаржы вице-министрі, 2021-2023 жылдары Еуразиялық экономикалық комиссияның экономика және қаржы саясаты министрі қызметін атқарды.

2023 жылдың қаңтар айынан бастап қазіргі қызметінде.

48 жыл бұрын (1975) ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Ақан Жылқышыбайұлы ӘБДУӘЛИЕВ дүниеге келді.

Алматы облысы Жамбыл ауданы Шиен ауылында туған. 2005 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын, 2012 жылы Алматы экономика және статистика академиясын тәмамдаған.

Еңбек жолын Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясынан бастаған. Кейінірек Ж. Елебеков атындағы Республикалық эстрада – цирк колледжінде, сондай-ақ Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында ұстаздық қызметтер атқарған. Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы музыка факультетінің «Дәстүрлі музыка орындаушылық» кафедрасының меңгерушісі болды. 2008-2009 жылдары А. Жұбанов атындағы ҚОМММИ директорының музыка ісі жөніндегі орынбасары, 2009-2015 жылдары А. Жұбанов атындағы РҚМММИ директоры, 2015-2016 жылдары Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясының директоры қызметтерін атқарған. Алматы облысы әкімінің өкімімен 2016 жылдың 1 маусымынан бастап облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы болып тағайындалды. 2018-2019 жылдар аралығында Алматы облысы әкімінің орынбасары, 2019-2021 жылдары Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ректоры, 2021-2022 жылдары ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы қызметін атқарды.

48 жыл бұрын (1975) «Егемен Қазақстан РГ» ЖШС Бас директорының орынбасары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің басшысы Әскер Аллабердіұлы ПІРИЕВ дүниеге келді.

1995 жылы Шымкент энергетика және бизнес колледжінің «экономика және менеджмент» мамандығын, 2001 жылы «Тұран» университетінің халықаралық экономика және бизнес мамандығы бойынша, 2013 жылы Қазақ технология және бизнес университетін экономика ғылымдарының магистрі дәрежесімен тәмамдады.

Еңбек жолын 1995 жылы «МТК ХИЛАЛ» ЖШС-дан бастап, 1998-2003 жылдары «Ак-пласт инжиниринг» ЖШС бас директорының орынбасары, 2003-2011 жылдары «Әлем-Систем» ЖШС бас директоры қызметін атқарды. 2011 жылдан бері «Алуана» ЖШС директоры, «Тенгри» қонақүйінің директоры.

41 жыл бұрын (1982) ҚР Үкіметі аппараты басшысының орынбасары Құндызбек Болатұлы ӘБДІРАСІЛОВ дүниеге келді.

Әулие ата университетін және Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетін бітірген.

Еңбек жолы: 2005 жылы Жамбыл облысы, Байзақов ауданы бойынша Салық комитетінде штаттан тыс қызметкер, кейіннен салықтық тіркеу бөлімінің бас маманы болып жұмыс істеді. 2014-2018 жылдары «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, ҚР Статистика агенттігінде, Ұлттық экономика министрлігінде түрлі қызметтерді атқарды. Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты министрінің хатшылығын басқарды, Астана қаласы Статистика департаменті басшысының орынбасары, басшысы болды. Әртүрлі жылдары ҚР Қаржы министрінің, премьер-министр орынбасарының, премьер-министрдің кеңесшісі, ҚР премьер-министрі хатшылығының меңгерушісі қызметтерін атқарды.

40 жыл бұрын (1983) ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, бокстан Олимпиада чемпионы Серік Жұманғалиұлы СӘПИЕВ дүниеге келді.

Қарағанды облысында туған. Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің дене шынықтыру және спорт, экономика факультеттерін бітірген.

2002-2004 жылдары ҚР Қарулы күштер қатарында әскери борышын өтеген. 2003-2009 жылдары Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінде дене шынықтыру оқытушысы және құқықтану мамандықтары бойынша білім алған. 2011-2014 жылдары тау-кен істерінің бакалавры мамандығы бойынша ҚарМТУ-ін бітірген. 2014-2016 жылдары Қазақ спорт және туризм академиясының академиялық педагогика ғылымының магистрі дәрежесін алды. 2014 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша спорт менеджері мамандығын алды. 2004-2014 жылдары келісімшарт бойынша мерзімінен тыс әскери қызметте болды. 2010-2012 жылдары «Қазақстанның бокс федерациясы» ҚН ЗТБ-ның жаттықтырушы-оқытушысы, 2013-2014 жылдары «Қазақстанның бокс федерациясы» ҚН ЗТБ-ның спорт жөніндегі директоры, 2005-2013 жылдары бокс жөніндегі ҚР ұлттық командасының нұсқаушы-спортшысы, 2014-2017 жылдары «Astana Arlans» ЖШС бас директоры, 2017-2019 жылдары VI сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі болды. 2019-2021 жылдары ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы қызметін атқарды.

«Парасат», «Отан» ордендерімен, «Астананың 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» медальдарымен марапатталған.