16 қазан. Жылнама

Фото: Kazinform

Kazinform оқырман назарына 16 қазанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік нан күні

Мейрам Халықаралық наубайшылар және наубайшы-кондитерлер одағының бастамасымен 2006 жылы бекітілді. 1945 жылғы 16 қазанда БҰҰ-ның ауыл шаруашылығы мен оның өнімдерін дамыту мәселелерімен айналысатын Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы құрылған болатын. Нан күні мейрамын тойлауға 16 қазанның таңдалуының мәнісі осында жатыр.

Қазақстанда Нан күні

2019 жылы қыркүйекте Үкіметтің қаулысымен ҚР мерекелік күндер тізбесіне толықтыру енгізілді. Соған байланысты 16 қазан күні Нан күні деп бекітілді. Мерекелік күн астық және нан өнімдерінің жоғары мәртебесін бекіту, сонымен қатар қазақстандық диқаншы, ұн тартушы және наубайшылардың еңбегін құрметтеу мақсатында бекітілді.

Қазақстанда орман шаруашылығы қызметкерлерінің күні

Мерекені Қазақстан Үкіметі 2017 жылы ресми түрде бекіткен. Жыл сайын қазанның үшінші жексенбісінде атап өтіледі. Бұл кәсіби мереке орманға қамқорлық жасауды таңдаған мамандардың – түрлі қиын жағдайларда жұмыс жасайтындардың жұмыс маңыздылығын атап өтуге тамаша себеп болады.

Дүниежүзілік жүректі қайта іске қосу күні

Дүниежүзілік жүректі қайта іске қосу күнінің тарихы 2012 жылы Еуропарламент Еуропалық жүрек тоқтауы туралы хабардар болу апталығын белгілеген кезде басталды. Ол бастапқыда еуропалық деңгейде құрылды, кейін әлемнің басқа бөліктеріне тарады. Жыл сайын 16 қазанда Еуропалық реанимация кеңесіне мүше ұйымдар тегін шеберлік сағаттарын өткізеді. Онда әрбір адам жүрек реанимациясын (кеуде қуысын қысу) және AED (автоматты сыртқы дефибриллятор) қолдануды үйрене алады.

Дүниежүзілік омыртқа күні

2008 жылы 90 ұлттық хиропрактика қауымдастығын біріктіретін Дүниежүзілік хиропрактика федерациясы құрды. Ол омыртқа аурулары туралы хабардарлықты арттыруға, емделушілер ұйымдарына, денсаулық сақтау мамандарына және басқа да мүдделі тараптарға омыртқа ауруларын диагностикалау, емдеу және алдын алу бойынша озық тәжірибелерді талқылауға мүмкіндік беруге бағытталған.

Дүниежүзілік азық-түлік күні

Мереке 1979 жылы жарияланды. Оның мақсаты – Жер шарындағы аштық мәселесін шешуге назар аудару. Мереке күні 1945 жылы 16 қазанда құрылған БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының құрылған күнінің құрметіне таңдалды. Бұл халықаралық ұйым әлемнің әртүрлі елдерінде ауыл шаруашылығын дамытумен қатар ауыл шаруашылығын дамыту мәселелерімен айналыса бастады. Ұйымға 190-нан астам мемлекет мүше.

Дүниежүзілік анестезия күні

Анестезия – жүйке сезімталдығының жоғалуы. Жасанды анестезияны хирургиялық операцияны ауыртпау үшін қолданады. Анестезия жалпы, жергілікті және жұлын-ми сұйықтығы анестезиясы болып бөлінеді. 1846 жылғы қазанның 16-сында тіс дәрігері Томас Мортон алғаш рет эфир наркозымен операция өткізді. Содан бері бұл күнді дүниежүзі Анестезиологтар күні деп есептейді.

Бастық күні

Сондай-ақ, әлемде 16 қазанда ерекше мереке – шеф күні (немесе бастық күні) аталып өтеді. Бұл – барлық басшылардың халықаралық кәсіби мерекесі. Бастық бүкіл ұжымның жұмысын басқарады және оған жауап береді, бағыныштылармен қарым-қатынас орнатады және командалық рухты нығайтады.

Аллерголог күні

Бұл бейресми кәсіби мерекені аллергологтер мен иммунологтер – ағзаның аллергиялық реакциялары мен адамның иммундық жүйесінің бұзылуын емдеу және алдын алумен айналысатын дәрігерлер мерекелейді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1939 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1939 жылғы 16 қазандағы Жарлығымен Лебяжі ауданы құрылды. 1963 жылғы 2 қаңтарда Лебяжі ауданы жойылып, оның аумағы Павлодар ауылдық ауданының құрамына енгізілді. 1964 жылғы желтоқсанда Лебяжі ауданы қайта құрылды.

1940 жылы Семей қаласында қазақтың ұлы ақыны, жазба әдебиетінің негізін қалаушы, философ, ағартушы, композитор Абайдың мұражайы ашылды. Республикада алғашқылардың бірі болып ашылған бұл мұражай орталық Шығыс пен Батысты байланыстырып отыр. Абай мұражайына 20 мың жәдігер қойылған. Олардың қатарында Абайдың көзін көріп, өзі тұтынған заттар да кездеседі. Сондай-ақ, мұнда 13 мың кітап қоры бар кітапхана жұмыс істейді.

1972 жылы О. Жәутіков атындағы Республикалық дарынды балаларға арналған мамандандырылған физика-математика орта мектеп-интернаты ашылды. Бұл республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар сайысынан көптеген жүлделі орындарға ие болып, ең жоғары көрсеткіштерге жеткен Қазақстан мектептерінің бірі. Аталған оқу орнында 9-11 сынып оқушылары білім алады.

1991 жылы Қазақ КСР-нің Президентін сайлау туралы заң қабылданды. Осы заңға сәйкес ел көшбасшысын таңдау жолындағы бүкілхалықтық бірінші сайлау өтті.

2006 жылы Мәскеуде ресейлік оқырмандар мен әдебиеттанушылар тобына 1890 жылы Ф. Павленков негізін қалаған «Тамаша адамдардың өмірі» топтамасына кірген «Мұхтар Әуезов» кітабы таныстырылды. Авторы – Николай Афанасьев.

2007 жылы Қазақстан, Иран және Әзербайжан темір жол тармағының құрылысы туралы келісімге қол жеткізілді. Тегеранда Каспий маңындағы мемлекет басшылары саммиті шеңберінде, Нұрсұлтан Назарбаев, Ильхам Әлиев, Махмуд Ахмадинежад келісімге қолдарын қойды. Бұл жоба темір жол құрылысын Қазақстаннан Иранға Түрікменстан арқылы Өзен-Қызылқия-Берекет-Этрек-Горган бағытында қарастырылған.

2015 жылы ҚР Ұлттық банкі «Шығыс күнтізбесі» сериясының «Мешін жылы» алтын және күміс ескерткіш монеталарын, «Қазақстанның флорасы мен фаунасы» сериясының «Шыбыншы торғай» күміс ескерткіш монетасын айналымға шығарды. Монеталардың номиналы – 500 теңге.

2016 жылы қазақстандық режиссер Елзат Ескендірдің «Өліара» (Off-season, 2016) фильмі Оңтүстік Кореяда өткен Пусан халықаралық кинофестивалінің (BIFF, Busan International Film Festival) марапатына ие болды. Азия «Оскарын» алған фильм Оралхан Бөкейдің «Өліара» повесінің желісімен түсірілген болатын.

2017 жылы Алматыда шахматтан President Almaty Union chessplayers Cup-2 халықаралық турнирі өтті. Онда ерлер арасындағы халықаралық шебер және әйелдер арасындағы гроссмейстер атағына ие Жансая Әбдімәлік жеңімпаз атанды. Додаға 9 елдің 54 шахматшысы (9 халықаралық гроссмейстер, 9 халықаралық шебер) қатысты. Жансая 9 турдың қорытындысы бойынша 7,5 ұпай жинап, 1-орынды иеленді. Дарынды қыздың рейтинг перформансы 2 679 болды. Турнир қорытындысы бойынша Жансаяның халықаралық рейтингі 80 ұпайға жоғарылады.

2019 жылы Еуропа Кеңесінде Қазақстанның сыбайлас жемқорлықпен күресетін мемлекеттер тобына (СЖКМТ) қосылу келісіміне қол қою рәсімі өтті. СЖКМТ-ға қосылу сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы Конвенцияны ратификациялауға мүмкіндік береді. Бұл келешекте құқықтық көмек көрсету, қылмыскерлерді экстрадициялау және олар заңсыз иемденген мүлікті қайтару мәселелері бойынша Еуропа елдерімен ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді және халықаралық тергеу тапсырмалары бойынша жүргізілетін Еуропа мемлекеттерінің территориясындағы жедел іздестіру шараларына Қазақстанның құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысуына негіз болады.

2019 жылы Өскемен қаласында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) өкілдерінің қатысуымен Ұйымның Қазақстандағы Төмен байытылған уран банкіне төмен байытылған уранның алғашқы партиясын жеткізу рәсімі өтті. МАГАТЭ төмен байытылған уран банкінде атом электр станцияларында стандартты жеңіл су реакторында отын өндіруге жарамды 90 метрикалық тонна уран гексафториді сақталады. ТБУ-дің бұл қоры радиоактивті қалдық емес, халыққа және қоршаған ортаға қауіп төндірмейді және МАГАТЭ-ге мүше мемлекеттер саяси себептермен дәстүрлі отын жеткізілімінің тоқтатылуына ұшыраған жағдайлар үшін қарастырылған.

2020 жылы елімізге 1941-1945 жылдардағы Екінші Дүниежүзілік Соғысқа қатысқан қазақстандықтар туралы бірегей мұрағат материалдары Қазақстанға берілді. Онда соғысқа қатысқан барлық полктердің, бөлімшелер мен бөлімдердің қалай және қайда шайқасқаны туралы тізімдер мен материалдар бар. Сонымен қатар Бас штаб бастықтары мен Жоғары Бас Қолбасшы және Ставка жетекшісінің сол кездері қабылдаған шешімдерінің түпнұсқа құжаттары жинақталған. Онымен қоса, панфиловшылардың Мәскеудің түбінде өткізген алғашқы шайқастары туралы жазылған материалдар жарияланған газеттің 1941-1942 жылдардағы нөмірлерінің түпнұсқасы берілді.

2020 жылы алғаш рет «Әл-Фараби» энциклопедиясы қазақ тілінде жарық көрді. Онда тарихи деректер, мәліметтер, географиялық нысандар, биографиялық деректер, ойшылдың өмірлік жолы мен ғылыми мұрасы (трактаттар мен оларға берілген түсіндірмелер), түсініктер мен терминдер, араб-мұсылман ренессансы кезеңіндегі белгілі ғылымдардың еңбектері жинақталған. Қазақ тіліндегі бірегей энциклопедия ізгілікті қоғам құру үшін гуманизм қағидаттарына құрылған Әл-Фарабидің барлық мұрасын түсіндіреді.

2021 жылы Кипр Республикасы Президентінің сарайында Кипр Сыртқы істер министрі Никос Христодулидестің қолдауымен Сауда-өнеркәсіп палатасының «Жыл дипломаты» сыйлығымен марапаттау рәсімі өтті. Жүлдеге Қазақстан елшісі Сатыбалды Бұршақов ие болды. Өз сөзінде қазақстандық дипломат осы марапаттау еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы, атап айтқанда, Еуропалық одақпен қарым-қатынас құрудағы белсенді рөлін тану болып табылатынын атап өтті.

2021 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының Бірінші комитетінің отырысында Семей сынақ полигоны жабылуының 30 жылдығына орай Қазақстан Республикасы мен Кирибати Республикасы Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарттың (ЯҚТСШ) аясындағы оң міндеттемелерін қолдайтын Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Аталған шарттың оң міндеттемелері ядролық сынақтардан кейінгі радиациядан зардап шеккен азаматтарды оңалту және қоршаған ортаны қалпына келтіру бойынша көмек шараларын көздейді. Кирибати – Тынық мұхиттегі аралдық мемлекет, ХХ ғасырдың 50-60 жылдарында АҚШ мен Ұлыбритания жүргізген ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен.