ЕСІМДЕР
75 жыл бұрын (1949) Қазақстан Республикасының мемлекет қайраткері Владимир Карпович БОЖКО дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Қазақ политехникалық институтын, Минск қаласындағы СССР Мемлкеттік қауіпсіздік комитеті Жоғары курсын бітірген.
1976-1989 жылдары Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жедел уәкілі, аға жедел уәкілі, 2-ші басқарма бөлімшесінің бастығы, 3-ші басқарма бастығы, 1989-1991 жылдары Қазақ ССР Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Целиноград облысы бойынша басқарма бастығының орынбасары, 1991-1994 жылдары ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Көкшетау, Шығыс Қазақстан облыстары бойынша басқармасының бастығы. 1994-1997 жылдары ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Бас экономикалық қауіпсіздік басқармасының бастығы, 1999-2001 жылдары «Jetson Trading LTD» фирмасының вице-президенті және ҚР өкілдігінің директоры. 2001-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары, орынбасары. 2007-2014 жылдары ҚР төтенше жағдайлар министрі. 2014-2016 жылдары ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары. 2016-2011 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VI шақырылымының депутаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары.
I және ІІ дәрежелі «Айбын» ордендерімен, «Астанаға 10 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған.
65 жыл бұрын (1959) ) Қазақстан Республикасының мемлекет қайраткері, дипломат Константин Васильевич ЖИГАЛОВ дүниеге келді.
Семей қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Қазақ педагогикалық институтының аспирантурасын бітірген.
1991-1993 жылдары ҚР Президентінің көмекшісі, 1993-1994 жылдары ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары, 1994-1995 жылдары ҚР Презденті Әкімшілігінің бөлім меңгерушісі, 1996-2000 жылдары ҚР Ұлыбритания Біріккен Корольдігіндегі және Солтүстік Ирландиядағы Елшілігінің кеңесші-елшісі. 2000-2003 жылдары ҚР Польша Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, 2003-2009 жылдары ҚР Бельгия Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Люксембург Ұлы Герцогтігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін, Еуропа Одағының жанындағы және Солтүстік Атлант Шарты ұйымындағы (НАТО) Қазақстан Республикасы Өкілдігінің Басшысы міндетін қоса атқарушы. 2009-2012 жылдары ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары - Еуроодақпен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша ҚР ұлттық үйлестірушісі. 2012-2018 жылдары ҚР Канададағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2018-2023 жылдары ҚР Испания Корольдігіндегі, Андорра Князьдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі, Дүниежүзілік туристік ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының тұрақты өкілі міндетін қоса атқарушы 2-ші дәрежелі «Достық» орденімен және шетел ордендерімен, медальдармен марапатталған.
52 жыл бұрын (1972) Павлодар облысының прокуроры Қайрат Әліханұлы ӘБДІХАНОВ дүниеге келген.
Алматы облысында туған. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін заңгер мамандығымен бітірген.
Еңбек жолы: Талғар ауданы прокурорының көмекшісі, Бостандық ауданы прокурорының көмекшісі, аға көмекшісі, Алматы қалалық прокуратура бөлімінің прокуроры, Түріксіб ауданы прокурорының аға көмекшісі, Алмалы ауданы прокурорының бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасы бас прокуроры бірінші орынбасарының көмекшісі, Қазақстан Республикасы бас прокурорының көмекшісі, Алматы облысы Жамбыл ауданының прокуроры, Талдықорған қаласының прокуроры, Атырау облысы прокурорының орынбасары, 2010-2012 жылдары Қызылорда облысы прокурорының орынбасары, 2012-2017 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары, 2017-2018 жылдары Алматы облысы прокурорының бірінші орынбасары қызметін атқарды.
2018 жылдың ақпан айынан бері қазіргі қызметінде.
«Қазақстан Республикасының прокуратурасына 20 жыл», ІІ, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен, І дәрежелі «Прокуратура озаты» төсбелгісімен марапатталған.
89 жыл бұрын (1935-2019) ақын Оразақын Асқарұлы АСҚАР дүниеге келген.
Қытайдың Шығыс Түркістан өлкесіне қарасты Іле аймағында туған. Үрімжі қаласындағы Ұлттар институтын, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін) бітірген. 1955 жылы атамекені Қазақстанға түбегейлі қоныс аударды. Шекарадан өлең толы қолжазба дәптерлерін ала келген Оразақын бірден Алматыдағы Жазушылар одағына келіп, ақындар Хамит Ерғалиев, Ғафу Қайырбеков, Жаппар Өмірбековтерге жолығады. Олар жас ақынның өлеңдерін ұнатып, сол кезде баспаға дайындалып жатқан жас ақындардың «Қос жүрек» атты жинағына бір топ өлеңдерін дереу енгізеді. 1961 жылы араб әрпін білуіне байланысты арнайы сұраныспен Қазақ ССР Ғылым Академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтына кіші ғылыми қызметкер болып орналасады. 1964-1970 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетті насихаттау бюросында нұсқаушы, Поэзия секциясында орынбасар болып қызмет атқарады. 1970-1984 жылдары Кітап палатасында бөлім меңгеруші, одан 1995 жылға дейін «Жалын» баспасында поэзия бөлімінің аға редакторы болды. «Қорықтар әлеміне саяхат» деп аталатын топтама өлеңдері 1983 жылы Қазақстан табиғат қорғау қоғамының бәйгесіне ие болды. «Туған жердің картасы» деген дастаны 1974 жылы балалар мен жастарға арналған «Жалын» баспасының жабық конкурсында жүлдеге ие болды. «Тұңғыш», «Мейірім», «Белжайлау», «Балқарағай», «Өркеш», «Орбұлақ», «Күнгей», «Тәуелсіздік тартулары» атты жинақтары жарық көрді. Ол қазақтың қара өлең түрлерін ұзақ жылдар бойы ел ішінен жинап, жиырма мың жолдық екі кітабын жариялады. Бұл еңбегі 1994 жылы Мәдениет министрлігі мен Ғылым академиясы, Әдебиет институты бірігіп жариялаған ауыз әдебиетін жинаушыларға арналған бәйгеде бірінші орынды жеңіп алды.