16 маусым. Kazinform күнтізбесі. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 16 маусым күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Фото: Pixabay

52 жыл бұрын (1974) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Нигматуллаұлы АШЫҚБАЕВ дүниеге келді.

Фото: gov.kz

Алматы қаласында туған. 1998 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген, халықаралық қатынастар саласының маманы, екі шет тілін меңгерген референт-елтанушы. 2012 жылы Гарвард университетінің Дж.Кеннеди атындағы Мемлекеттік басқару мектебі магистратурасының мемлекеттік басқару мамандығын бітірген, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты.

Еңбек жолы: 1998-1999 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігі департаменті Азия, Таяу Шығыс және Африка басқармасының референті, 1999-2001 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігі Халықаралық экономикалық ынтымақтастық департаментінің атташесі, үшінші, екінші хатшысы, 2001-2002 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігі Экономикалық саясат департаменті Еуропа және Америка елдерімен экономикалық ынтымақтастық бөлімінің бастығы, 2002-2005 жылдары Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Елшілігінің бірінші хатшысы. 2005 жылы ҰР Сыртқы істер министрлігі Халықаралық гуманитарлық және экономикалық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары лауазымын атқарған. 2005-2007 жылдары ҚР Сыртқы істер министрі кеңсесінің жетекшісі, 2007-2009 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы, 2009-2011 жылдары Ерекше тапсырмалар жөніндегі елші — ҚР Сыртқы істер министрінің кеңесшісі, 2012 жылы ҚР Премьер-Министр кеңсесі басшысының орынбасары, 2012-2013 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығының меңгерушісі, 2013-2021 жылдары ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары, 2021-2025 жылдары Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарған.

2025 жылдың қазанынан бастап қазіргі қызметінде.

«Ерен еңбегі үшін» (2014), «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» (2015), «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» (2015), «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетіне 20 жыл» (2015), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» (2016); «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметіне 25 жыл» (2017); «ҚР ҰҚК шекара қызметіне 25 жыл» (2017), «Астана 20 жыл» (2018) медальдарімен марапатталған.

48 жыл бұрын (1978) Қазақстан Республикасының Бас жоғары прокуроры Берік Қуанышбекұлы ЖҮЙРІКТАЕВ дүниеге келді.

Фото: Алматы қаласының прокуратурасы

«Тұран» университетін бітірген Әділеттің 3-сыныптағы мемлекеттік кеңесшісі (05.2019).

Еңбек жолы: 1999-2010 жылдары Алматы қаласы және Алматы облысы прокуратурасында түрлі қызметтерде жұмыс істеген. 2010-2013 жылдары Алматы қаласы прокурорының орынбасары, Алматы облысы прокурорының бірінші орынбасары, 2013-2018 жылдары
Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары, 2018-2023 жылдары
Алматы қаласының прокуроры, 2023-2025 жылдары Павлодар облысының прокуроры лауазымын атқарған.

Қазіргі қызметін 2025 жылдың қыркүйегінен бастап атқарып келеді.

І дәрежелі «Даңқ» орденімен (2025), ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен (2018), «Жауынгерлік ерлігі үшін» (2014) медалімен марапатталған.

45 жыл бұрын (1981) «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Ернұр Көшерханұлы БУРАХАН дүниеге келді.

Фото: ШҚО ішкі саясат басқармасы

Абай облысында туған. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін «тарихшы» мамандығы бойынша, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген (әскерлік әкімшілендіру магистрі).

Еңбек жолын телевизия саласынан бастаған. 2001-2008 жылдары телеарнада редактор, бас редактор болды. 2007-2011 жылдары «Qazaqstan» Ұлттық арнасының елордадағы ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясында комментатор, редактор, шеф-редактор қызметін атқарды.

2011 жылдан бастап әр жылдары облыс әкімінің баспасөз хатшысы, бас инспектор, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» акционерлік қоғамының, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысы болып еңбек етті. 2013-2015 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары лауазымын атқарды.2015-2017 жылдары Ақтөбе облысы әкімінің аппараты басшысының орынбасары болды.

2017-2019 жылдары «Қазақстан» РТРК АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры, 2019-2023 жылдары «Қазақ радиолары» серіктестігінің Бас директоры, 2024-2025 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі, 2025 жылы Шығыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының басшысы қызметін атқарды.

2025 жылдың 18 тамызынан «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясының Басқарма төрағасы қызметінде.

40 жыл бұрын (1986) «Самұрық-Қазына» АҚ Цифрландыру жөніндегі басқарушы директоры Абылайхан Есенұлы ОСПАНОВ дүниеге келді.

Фото: primeminister.kz

Алматы қаласында туған. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін тәмамдаған.

Әр жылдары «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының республикалық штабында, түрлі коммерциялық ұйымдарда, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, ішкі істер, байланыс және ақпарат, көлік және коммуникациялар, инвестициялар және даму министрліктерінде, ҚР Байланыс және ақпарат агенттігінде, «Nur Otan» партиясы орталық аппаратының қабылдауында, «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ жұмыс істеді. 2017-2019 жылдары «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ басқарма төрағасы болды. 2019-2021 жылдары ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі (цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі), 2021-2024 жылдары «Банк Фридом Финанс Қазақстан» АҚ басқарушы директоры, 2024-2025 жылдары ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі лауазымын атқарды.

2025 жылдың тамыз айынан бастап қазіргі қызметінде.

90 жыл бұрын (1936-2023) ҚР Минералдық ресурстар академиясының мүшесі, Қазақстандағы геологиялық барлау саласының негізін қалаушы ғалым Орал Ақшолақұлы АҚШОЛАҚОВ дүниеге келді.

Фото: And.kz

Туған жері — Гурьев қаласы. И. М. Губкин атындағы Мәскеу мұнай институтын тәмамдаған. Геолог, геология-минерология ғылымдарының кандидаты, ҚР жер қойнауын барлау ісінің үздігі, ҚР жер қойнауының құрметті барлаушысы.

1958 жылдан бастап еңбек жолын мұнай және геология мекемелерінде бастаған. 1985-1988 жылдары Батыс Қазақстан ұңғымаларды геофизикалық зерттеу экспедициясының бастығы, 1988-1992 жылдары Алматы геофизика экспедициясының бас геологы, «Қазгеофизика» ӨГБ геология бөлімінің бастығы, 1992-1994 жылдары ҚР Геология және жер қойнауын қорғау министрлігінің мұнай және газ бас басқармасының бастығы, 1994-1998 жылдары «Қазмемжерқойнау» минералдық ресурстар бас басқармасы бастығының орынбасары, 1998-2001 жылдары «Степной леопард» бірлескен кәсіпорнының бас директоры, 2001-2003 жылдары «Кен-экономикалық консалтинг» ЖШС бас маманы, 2003 жылы «Центрконсалтинг» ЖШС директоры қызметін атқарған. Н. А. Марабаев атындағы «Мұнайшы» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің құрылтайшысы, мүшесі.

«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.