16 маусым. Kazinform күнтізбесі. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 16 маусымға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

Фото: Pixabay

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық отбасылық ақша аударымы күні

БҰҰ халықаралық атаулы күндер жүйесіне енгізілген. Негізгі мақсаты -отбасын асырап, шетелде жұмыс істеп жүрген мигранттардың экономиканы дамытуға қосатын үлесіне назар аударту.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1993 жылы ҚР Президенті Біріккен Ұлттар Ұйымының делегациясын қабылдады. Келіссөздер барысында Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдігін ашу туралы уағдаластық жасалды.

1993 жылы ҚР Президенті әкімшілігі жанынан Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты құрылды. Аталған институтқа Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшылық етеді.

2000 жылы Астанаға «Қалалар — бейбітшілік үшін» ЮНЕСКО сыйлығының сертификаты табыс етілді.

2011 жылы Беларусь ұлттық кітапханасында беларусь тілінде шыққан қазақтың ұлы ақыны Абайдың «Кең дала» атты кітабы таныстырылды. Абай өлеңдерін беларусь тіліне аударған автор — БР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Полымя» журналының бас редакторы Микола Метлицкий.

2011 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде алғаш рет жаппай қырып-жою қаруы қолданылған Бельгияның Ипр қаласында ядролық сынақ құрбандарына арналған қазақстандық ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

2016 жылы аты аңызға айналған «Л» сериялы паровоз Сарыөзек стансасының вокзал маңы алаңына орнатылды. Паровоз белгілі конструктор Лев Лебедянскийдің басшылығымен Коломенск зауытында екінші дүниежүзілік соғыстың аяғында шығарылды. Өткен ғасырдың ортасында «Лебедянка» бұрынғы Одақтың темір жолдарында жиі пайдаланылған.

Алматы-Сарыөзек-Үштөбе учаскесінде 50-ге жуық паровоз жүріп-тұрған.

2017 жылы ҚР Ұлттық музейінде «Бейбарыс сұлтан және оның дәуірі» көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Көрмеге Бейбарыс сұлтанның өмірі мен ел билеу тарихын баяндайтын Ислам өнері музейі (Каир қ., Мысыр) жинағынан 22 жәдігер қойылды.

2017 жылы «Польша поштасы» АҚ «Астана EXPO 2017 халықаралық көрмесі» сериялы пошта маркасын айналымға шығарды.

2017 жылы Нұр-Сұлтанда Халықаралық түркі академиясы белгілі түрколог, көне және заманауи түркі тілдерінің зерттеушісі Эмир Наджиптің «XIV ғасырдағы түркі тілдерінің тарихи-салыстырмалы сөздігі» атты көптомдық еңбегін таныстырды. Ол Құтбтың «Хұсрау мен Шырын» шығармасының негізінде жазылған. Аталмыш еңбек — әлемдік түркология үшін маңызы зор алғашқы толық басылым.

2017 жылы ТМД-да алғаш рет Павлодарда үш күндік «мейкатон» марафоны өтті. Онда өнертапқыштар мүмкіндігі шектеулі жандардың өміріне қажетті құрылғыларды ойлап табумен және оны құрастырумен айналысты.

2019 жылы қазақстандық шахматшы Динара Сәдуақасова Қытайдың Синтай қаласында өткен Азия чемпионатында жеңімпаз атанды. Динара әлемнің 15 елінен келген 36 қарсыласын жеңіп, 9 ұпайдан 7,5 ұпай жинаған.

2022 жылы ширек ғасырдан кейін облыс мәртебесін қайта алған Ұлытау өңірінде Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы өтті. Аталған іс-шараға ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

2022 жылы ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасы халықаралық үйлестіру кеңесінің (ХҒС МАБ) 34-ші сессиясында «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығын ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттарының жаһандық желісіне қосу туралы шешім қабылданды.

2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысы өтіп, онда елдің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзекті мәселелері талқыланды. Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы мемлекеттік органдар басшыларының баяндамаларын тыңдады.

2024 жылы алғаш рет қазақстандық Eurasian Journal of Physics and Functional Materials ғылыми журналы әлемдегі ең ірі Elsevier платформасында шығарыла бастады. Журналды 2017 жылдан бастап Еуразия ұлттық университеті ағылшын тілінде шығарып келеді. Ғылыми басылымның барлық мақалалары сондай-ақ Scopus халықаралық ғылыми базасына кіреді. Онда ядролық физика, жоғары энергиялар физикасы, баламалы және сутектік энергетика және т. б. салалардағы ғылыми зерттеулердің нәтижелері туралы материалдар бар. Eurasian Journal of Physics and Functional Materials журналының Elsevier платформасында жариялануы журналдың ғана емес, Қазақстанның бүкіл ғылыми қауымдастығының дамуы үшін жаңа перспективалар ашады. Бұл — Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-да және Қазақстанда жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулердің халықаралық деңгейдегі сапасының мойындалуы.

2025 жылы «Қытай — Орталық Азия» индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумы аясында Астана қаласының әкімдігі мен «Хуавей Технолоджиз Қазақстан» ЖШС 50G PON технологиясын қолдана отырып, «Huawei 10G кең жолақты желісін демонстрациялық тестілеу» пилоттық жобасын іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы келісім жасасты. Жоба елордада озық телекоммуникациялық шешімдерді енгізуге бағытталған.

2025 жылы Қазақстан астанасында ҚР Энергетика министрлігі Инфрақұрылымдық және инновациялық дамуға жәрдемдесу қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырған «Орталық Азия энергетикасы — Қытай» бірінші өңірлік энергетикалық форумы басталды. Форумның мақсаты — мемлекет басшылары деңгейіндегі уағдаластықтарды іс жүзінде жүзеге асыру. Кездесу соңында мұнай-газ химиясы мен «жасыл» энергетиканы дамытуға бағытталған бірқатар инвестициялық келісімдер мен стратегиялық жобаларға қол қойылды.