Туризм индустриясы комитетінің мәлім еткеніндей, жалпы, биылғы алғашқы жартыжылдықта Атырау облысына 83 мыңнан астам турист барған.
Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19%-ға көп.
Ал қаңтар-тамыз айларында туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 37,9 млрд теңгені құрады.
Атырау қаласынан 50 шақырым жерде, Жайық өзенінің жағасында орналасқан Сарайшық XIII–XVI ғасырларда Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі сауда, ғылым және қолөнер орталықтарының бірі болған.
Алтын Орда дәуірінде саяси және рухани маңызға ие болып, кейін Ноғай Ордасының астанасына айналған. Қала тарихы Қазақ хандығының билеушісі Қасым ханның есімімен де тығыз байланысты.
Бүгінде Сарайшық республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне енген. Музей-қорық құрамында 2023 жылы ашылған сапар орталығы, этнографиялық музей, «Хандар» кесенесі және ортағасырлық қалашық орны бар.
Келушілер археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған керамикалық ыдыстарды, тұрмыстық бұйымдарды, көне тиындарды және басқа да тарихи жәдігерлерді тамашалай алады.
Атырау облысында Сарайшықтан бөлек, Қиғаш өзеніндегі Лотос алқабы, Индер тұзды көлі, Нарын құмы, Ақкерегешың борлы қыраты және «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты туристердің қызығушылығын тудырады.
Қазіргі уақытта Сарайшықты тарихи-туристік орталық ретінде дамытуға арналған бес жылдық жоспар бекітілген. Оның аясында тарихи мұраны сақтау және туристік инфрақұрылымды дамыту көзделген.
Осыдан бұрын атыраулықтар мен туристерге лотосты жұлмау жөнінде ескерту жасалды.