16 мыңнан астам Құлсары тұрғыны уақытша Бейнеу ауданына қоныстанды

Фото: Бейнеу ауданының әкімдігі

АҚТАУ. KAZINFORM — Атырау облысының Жылыой ауданындағы тасқын су салдарынан 16 мыңнан астам тұрғын Бейнеуге эвакуацияланып, тиісті пунктерге толық орналасты.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта көшірілген адамдардың 8 625-і аудан орталығында болса, қалғаны Боранқұл, Сарға, Есет ауылдарында уақытша тұрып жатыр.

Фото: Бейнеу ауданының әкімдігі

«Әр эвакуациялық орында мектеп психологтары, әлеуметтік педагогтар, медицина мамандары тұрғындармен жұмыс жүргізуде. Төтенше жағдайға байланысты аудандағы мектептер онлайн оқу форматына көшіріліп, мұғалімдер аудан оқушыларымен қатар, құлсарылық балалардың оқуын да қадағалап жатыр. Сондай-ақ балалардың көңілін аулау мақсатында әртүрлі тренингтер, сұхбаттар, ойындар ұйымдастыруда», — деді Бейнеу ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Назарбек Қадыр.

Фото: Бейнеу ауданының әкімдігі

Қазіргі уақытта аудан көлемінде эвакукацияланған құлсарылықтарға еріктілер қажетті заттарды жеткізіп жатыр.

Бейнеу ауданының әкімі Рахымжан Шалбаев Боранқұл ауылындағы қабылдау орталықтарын аралап, су апатынан зардап шеккендердің жағдайын тікелей қадағалап отырғанын мәлімдеді.

Фото: Бейнеу ауданының әкімдігі

Бұған дейін Атырау облысынан Маңғыстауға көшірілген тұрғындар саны артып жатқаны мәлім болған еді. 

Сондай-ақ, Жаңаөзен қаласынан көмек бригадасы Құлсарыға жолға шықты. 

Фото: Бейнеу ауданының әкімдігі
Фото: Бейнеу ауданының әкімдігі