16 мың астаналықтың мемлекет алдындағы қарызы 907 млн. теңгені құрап отыр
Прокуратура өкілінің айтуынша, бүгінгі күні әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алуға ерекше мән беріліп отыр. «Бұл ретте әкімшілік айыппұлдың 18 мыңға тарта құжаты бойынша қалдық сомасы 531 млн. теңгені құрайды. Ал 16 мың құжатты қамтитын мемлекет алдындағы салықтық берешек 907 млн. теңгені құрап отыр. Яғни, 16 мың азамат көліктері, жер учаскелері бойынша салықтық жүктемелерін төлемей отыр деген сөз», - деді Берік Адамов.
Оның сөзіне қарағанда, атқарылып жатқан құжаттардың барлығы бойынша борышкерлердің мүліктерін арестке алу, Қазақстаннан шет елге шығуына шектеулер қою секілді шаралар белсенді түрде атқарыла бастады. Сонымен қатар, қарызы барларды ұстап, олардың автокөліктерін айыппұл тұрағына қою мақсатында рейдтер де жүргізілуде.
«Осыған байланысты Астана қаласының тұрғындарына өздерін қарызы барлардың базасынан тексеруін және салықтық қарыздары мен әкімшілік айыппұлдарын уақытылы төлеулерін сұраймыз. Әйтпесе сот органдары арқылы қарызды мәжбүрлі өндіру, арестке алынған мүліктерді сату және жеке тұлғалардың ел аумағынан шығуына шектеу қою секілді шаралар қолданылатынын еске саламыз. Ал ондай мәселелер орнымен жүзеге аспаған жағдайда прокуратура органдары мен сот орындаушылары сот актілерін орындау мақсатында қылмыстық іс қозғауға дейін жазалау шараларын қолданатын болады», - деді Астана қаласы прокуратурасының өкілі.