ЕСІМДЕР
73 жыл бұрын (1951) ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің Қаржы қызметтері консультативтік комитетінің мүшесі Ерсерік Дәменұлы СИЫРБАЕВ дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған. 1974 жылы Омбы теміржол көлігі институтын «электр механигі» мамандығы бойынша, 1987 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын «экономист» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1968 жылы Шар станциясында депо фрезершісі ретінде бастаған. 1974 жылы «Казжелдорпроект» институтының инженері, 1975-1988 жылдары КСРО Мемлекеттік банкі Қазақ республикалық конторында инженер, бөлім меңгерушісі болған. 1988-2011 жылдары «Қазақстанның халық жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, 2011-2012 жылдары «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі, 2012-2013 жылдары екінші деңгейлі бірқатар банктерде басшылық қызметтер атқарған. 2013-2023 жылдары ҚР банк омбудсмені лауазымында болды.
«Қазақстан Республикасының тәуелсiздiгiне 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы» медальдарімен марапатталған.
65 жыл бұрын (1959) танымал әнші, композитор, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Марат ОМАРОВ дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Әл-Фараби атындағы Мәдени-ағарту институтын бітірген.
Шымкент облыстық филармониясында «Ауылым – әнім» ансамблінің әншісі, Қазақ телевизиясының музыкалық редакторы қызметтерін атқарған. 2001 жылдан Астана қаласында Президент оркестрінде және филармонияда қызмет еткен. Ол «Наурыз» шығармашылық қорын, «Балаларды дамыту» қорын ашқан. 2000 жылы Лос-Анджелес қаласындағы FIDOF Әлемдік композиторлар қауымдастығының мүшесі болып қабылданды. Әншінің орындауында «Анашым», «Әке арманы», «Қыз сыны», «Сыңарым», «Әнші балапан», «Қоштасқым келмейді», «Арман қала – Астана», «Мекке-Мәдине», «Наурыз», т.б. әндер бар.
Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, Республикалық «Жігер-87», Халықаралық «Ыстықкөл-89», «Бұқара-90» фестивальдерінің, Ш. Қалдаяқов атындағы республикалық байқаудың, «Азия дауысы-95», «Алтын диск-97» (Ыстанбұл), Франциядағы «Достық әндері» фестивальдерінің, «Каир-2003» (Мысыр) халықаралық байқауының лауреаты.
64 жыл бұрын (1960) «Қазақ күресі» федерациясының бірінші вице-президенті Бәделхан ҚАМАЛХАНҰЛЫ дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған. 1996 жылы заңгер мамандығы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдады.
Еңбек жолы: 1990-1992 жылдары Алматы облыстық атқару комитеті ІІБ Қаскелең аудандық атқару комитеті ІІБ-де Социалистік меншікті талан-таражға салуға қарсы күрес бөлімінің жедел уәкілі, 1992-2005 жылдары ҚР ішкі істер органдарында түрлі басшылық қызметтер атқарды. 2005-2006 жылдары Қызылорда облысы ІІД басшысының бірінші орынбасары, 2006-2009 жылдары Жамбыл облысы ІІД басшысының бірінші орынбасары, 2009-2010 жылдары Батыс Қазақстан облысы Көліктегі ІІД басшысының бірінші орынбасары, 2010-2012 жылдары ҚР-дағы «Интерпол» Ұлттық орталық бюросының басшысы, 2014-2017 жылдары ҚР ҚМ МКД Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары – экономикалық тергеу қызметінің басшысы, 2017-2018 жылдары ҚР Ішкі істер министрлігі Есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткі айналымын бақылау департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарған.
Моңғолияның Олимпиада комитетінің «Қазақ күресін дамытуға қосқан үлесі үшін» алтын орденімен, қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін, еңбекте жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін және Қазақстан Республикасының елордасының 10 жылдығын мерекелеуге байланысты «Астананың 10 жылдығы , «ІІМ-де мінсіз қызметі үшін» 1, 2, 3 дәрежелі, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медальдарымен, «Қазақстан полициясына 15 жыл», «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгілерімен марапатталған.
52 жыл бұрын (1972) Қазақстан Республикасының Польша Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әлім Серікұлы ҚИРАБАЕВдүниеге келді.
Алматы қаласында туған. 1994 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірді, 1993 жылы АҚШ-та тағылымдаман өтіп, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Дипломатия институтының ҚР СІМ құрылымдық бөлімшелері басшыларының біліктілігін арттыру курсынан өтті.
Дипломатиялық қызметін 1997 жылы ҚР СІМ Еуропа елдері басқармасының референті, кейіннен Көпжақты ынтымақтастық департаментінің атташесі лауазымдарынан бастады. 1997-1999 жылдары Бірінші департаменттің БҰҰ және халықаралық экономикалық ұйымдар басқармасының үшінші хатшысы, 1999-2000 жылдары Халықаралық экономикалық ынтымақтастық департаментінің екінші хатшысы, 2000 -2003 жылдары Қазақстанның Мысырдағы Елшілігінің екінші хатшысы, 2003 жылы Қазақстанға оралғаннан кейін Еуропа және Америка департаментінің, ҚР СІМ Аппаратының, Халықаралық гуманитарлық және экономикалық ынтымақтастық департаментінің кеңесшісі қызметін атқарды. 2005-2006 жылдары Қазақстан Республикасының Жапониядағы Елшілігінің бірінші хатшысы, 2006-2007 жылдары Ақпараттық-талдау департаментінің Ақпараттық-талдау жұмыстары және болжамдық бағалау басқармасының бөлім басшысы, 2007-2010 жылдары Америка департаментінің басқарма басшысы, кейіннен директорының орынбасары, 2010 -2019 жылдары ҚР СІМ Сыртқы саяси талдау және болжамдау департаментінің директорының орынбасары және директоры, 2019-2020 жылдары ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі қызметінде болды.
Қазіргі қызметін 2020 жылдың наурыз айынан бастап атқарып жатыр.
50 жыл бұрын (1974) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қуандықұлы ҚЫДЫРӘЛІ дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданында дүниеге келген. 1991-1992 жылдары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де 199-1996 жылдары және Түркияның Мармара, 1996-1997 жылдары Докуз Эйлүл, 1997-1998 жылдары Эгей, 1998-2001 жылдары Ыстанбұл университеттерінде білім алған. 2001 жылы Ыстанбұл университетінде докторлық диссертация қорғап, «философия докторы» ғылыми дәрежесін иеленген, 2010 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ-да докторлық диссертация қорғап, тарих ғылымдарының докторы атанған. Тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА-ның корреспендент-мүшесі.
Еңбек жолы: 2001-2005 жылдары Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде аға ғылыми қызметкер, ғалым-хатшы, кафедра меңгерушісі, аппарат жетекшісі, жетекші ғылыми қызметкер, 2005-2006 жылдары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде доцент, аға ғылыми қызметкер, 2006-2007 жылдары ҚР Президенттік мәдениет орталығында директордың орынбасары, 2007-2008 жылдары ҚР Білім және ғылым министрінің кеңесшісі қызметін атқарған. 2008-2009 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінде сарапшы, сектор меңгерушісі, 2009-2012 жылдары ҚР Президенті Баспасөз хатшысының орынбасары, 2012-2014 жылдары Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары болып қызмет атқарды. 2014 жылдан бастап Халықаралық Түркі академиясының президенті. 2015 жылғы маусымнан Түркі әлемі Ұлттық ғылым академиялар одағы хатшылығының басшысы қызметін қоса атқарады және аталған одақтың ұйымдастырушысы болып саналады. 2015 жылы ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде «Қорқыт мұрасы және Түркі әлемі» атты халықаралық мәдени шараны, 2016 жылы Нью-Йорк қаласындағы Біріккен Ұлттар ұйымының штаб-пәтерінде «2030 Жоспары үшін Жібек жолы бойындағы жаңа синергия» атты халықаралық симпозиумды ұйымдастырды. 2016-2022 жылдары «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы болды. 2018 жылы Халықаралық Түркі академиясының президенті болып екінші мерзімге тағайындалды. 2022-2023 жылдары ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі лауазымын атқарған.
50 жыл бұрын (1974) Жамбыл облысы прокурорының бірінші орынбасары Қанат Есіркепұлы МАМАЕВ дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1996 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласы прокуратурасында стажер болып бастаған. 1997-2008 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының прокуратура органдарында бірқатар лауазымдарды атқарды. 2008-2010 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының прокуроры, 2010-2011 жылдары Алматы қаласы Алатау ауданының прокуроры, 2011-2016 жылдары Алматы қаласы Алмалы ауданының прокуроры, 2016-2017 жылдары Алматы қаласы Медеу ауданының прокуроры, 2017-2019 жылдары Алматы қаласы прокурорының орынбасары, 2019 жылы Қостанай облысы прокурорының орынбасары болды. 2019-2020 жылдары Ақмола облысы прокурорының бірінші орынбасары лауазымын атқарды.
Қазіргі қызметінде 2020 жылдың ақпан айынан бастап.
49 жыл бұрын (1975) Астана қаласы прокурорының бірінші орынбасары Ержан Сәкенұлы БЕРДІБЕКОВдүниеге келді.
Қазіргі Түркістан облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.
Прокуратура органдарындағы еңбек жолын 1996 жылы Маңғыстау облысы Ақтау қаласы прокурорының көмекшісі лауазымынан бастады. Маңғыстау облысы прокуратурасының әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау бөлімінің прокуроры, Маңғыстау облысы прокурорының аға көмекшісі, Маңғыстау облысы прокуратурасының экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау бөлімінің бастығы, Маңғыстау облысы Қарақия ауданының прокуроры, Маңғыстау облысы прокурорының орынбасары, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының Аппараты Хатшылығының Бас прокурорының аға көмекшісі, Астана қаласы «Сарыарқа» ауданының прокуроры қызметтерін атқарған. Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының бірінші орынбасары болды. 2019-2022 жылдары Астанада қала прокурорының орынбасары лауазымын атқарған.
Қазіргі қызметін 2022 жылдың қыркүйек айынан бастап атқарып жатыр.