Қазақстанда металлург тер күні
Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылдың 15 қарашадағы Жарлығы бойынша шілденің үшінші жексенбісі металлургтер күні ретінде аталып өтеді.
Өнеркәсіп өндірісіндегі сан алуан жұмысшы мамандықтарының көптігі өмірге бүкілхалықтық салалық мерекелердің пайда болуына әсер етті. Соның бірі – Металлургтер күні.
Металлургия (грек сөзінен аударғанда – металл өңдеймін) – ғылымның, техниканың, өнеркәсіптің кеннен немесе басқа да материалдардан металл алу процестерін, сондай-ақ металл қорытпаларға олардың химиялық құрамы мен құрылымын өзгерту арқылы қажетті қасиеттер беру процестерін қамтитын саласы. Металлургия – түсті және қара, галламды өте жоғары температурада (2000-20000 К) өтетін плазмалы және лазермен өңделетін металлургия болып жіктеледі. Орындалатын процестерге байланысты пирометаллургия және гидрометаллургияға бөлінеді.
Қазақстанмен қатар, бұл мереке Армения, Беларусь, Украина және Ресейде аталып өтеді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1996 жылы Қазақстан Республикасы Халықаралық валюта қорының VIII бабына қосылды. Ол бойынша қордың келісімінсіз халықаралық операциялар бойынша төлемдер мен аударымдарға шектеу қоюға тыйым салынды.
1999 жылы Боливияның астанасы Ла-Пас қаласында ЮНЕСКО-ның бас хатшысы Федерико Майор Астана қаласына «Қалалар бейбітшілік үшін» халықаралық конкурсы жеңімпазының медалі мен сертификатын табыс етті. Осы күннен бастап Астана «Бейбітшілік қаласы» атағына ие болды.
2001 жылы Еуразия ұлттық университетінде «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы құрылды.
2005 жылы Ақтөбедегі Абай атындағы гүлзарда «Темірқазық» символдық белгісінің ашылу рәсімі болып өтті.
Темірқазық жұлдызы ерте кезде жолаушыларға, қазақ даласымен жүрген керуендерге жол көрсететін белгі болған. Жаңа «Темірқазықта» жаһанның төрт бұрышы, Ақтөбенің географиялық мәліметтері, қаланың әлемнің ірі қалаларымен ара қашықтығы көрсетілген.
2010 жылы Алматыдағы сыртқы істер министрлерінің бейресми отырысы аясында ЕҚЫҰ іс басындағы төрағасы, Қазақстанның сол кездегі Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Францияның сыртқы істер министрі Бернар Кушнермен кездесті. Кездесуде Назарбаев-Саркози Қазақстан-Франция комиссиясын құру туралы хаттамаға қол қойылды.
2011 жылы Астана уақыты бойынша сағат 5:16-да «Байқоңыр» ғарыш айлағынан қазақстандық «KazSat-2» байланыс және хабар тарату серігі сәтті ұшырылды.
2012 жылы Павлодар облысы Арбиген ауылынан 12 шақырым қашықтықта орналасқан Шалдайда діни қайраткер Ғабдұлуахит Хазірет (1853-1926) кесенесі ашылды.
2014 жылы көрнекті жазушы, қазақ тіліндегі тұңғыш романның авторы Жүсіпбек Аймауытовтың (1889-1930) жерленген жері анықталды. Павлодар облысы әкімдігінің сауалына Ресей Федерациясының Федералдық қауіпсіздік қызметінің Орталық мұрағатынан жауап келді. Онда Ж. Аймауытов Ваганьков зиратында (Мәскеу) жерленгені жайында айтылған. Мәскеуге Аймауытовтың туыстары, шығармашылық зиялы қауым өкілдері барып, жазушының басына тағзым етіп, Құран оқытып қайтты.
2014 жылы Алматыда «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортында Қазақстандағы алғашқы тау-велосипед спортының кәсіпқой тасжолы ашылды.
2016 жылы Тайландта «Amazing Thailand Film Challenge» IV халықаралық кинофестивалі өтті. Оған қазақстандық кинематографтар да қатысты. Байқаудың шарты бойынша, қатысушылар 4 күн ішінде қысқа метражды фильм түсіріп, оны бір күннің ішінде монтаждауға тиіс. Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері Диас Құлмақов пен Шерхан Таңсықбаевтың түсірген «Хат» фильмі үздік деп танылды.
2017 жылы Германияда жүзуден өткен ашық чемпионатта атыраулық спортшы-паралимпиадашы Ержан Сәлімгереев екі алтын медаль жеңіп алды.
2020 жылы New York Times Roses әніне жасаған ремиксі хит болған Ақсудан шыққан бұрынғы теміржолшы Иманбек Зейкенов туралы мақала жариялады.
2021 жылы Қазақстан ресми делегациясы Вашингтон қаласында (АҚШ) өткен Діни бостандықтың халықаралық саммитіне қатысты. АҚШ-тың халықаралық діни сенім бостандығы мәселелері жөніндегі комиссиясы – оның басты ұйымдастырушысы, ал АҚШ конгресі – тең төрағасы болды. Саммит барысында Дін істері комитеті мен АҚШ-тың «love Your Neighbor Community» үкіметтік емес ұйымы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Меморандум діни бірлестік өкілдері мен мемлекет арасында діни бостандықтарды іске асыру және адамның негізгі құқықтарын сақтау мәселелерінде диалогті жетілдіруге мүмкіндік береді.