НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық фристайлшы Анастасия Городко Кьеза-ин-Вальмаленкода (Италия) өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz-ке сілтеме жасап.
16 жастағы спортшы параллель могулда «алтын» жеңіп алды. Сондай-ақ, тұғырға 2 америкалық көтерілді. Ол Элизабет Лемли «күміс» жүлдегер атанса, Элли Макуга қола медальға ие болды. Фристайл могулдан барлығы 14 спортшы өнер көрсетті.
Еске сала кетсек, бұған дейін аталған жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Анастасия Городко могулдан «күміс» жеңіп алды.
Сондай- ақ, қазақстандық спортшы өткен жылы ересектер деңгейінде өнер көрсетіп, Бейжің Олимпиадасына қатысты.
Дәулет Ізтілеу
Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының түлегі. Бұған дейін "Қазконтент" АҚ e-history порталында тілші, "Елорда инфо" ақпарат порталында тілші болған. 2018 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің тілшісі.