Оның айтуынша, министрлік бұл бағытта цифрлық платформалармен бірлесіп жұмыс істейді. Негізгі міндеттердің бірі — әлеуметтік желі пайдаланушыларының жеке басын растап, жасын анықтаудың тиімді жолын табу. Бұл ретте басқа елдердің тәжірибесі де ескеріледі.
— Ең басты мәселе — пайдаланушының жеке басын анықтау. Бұл — өте күрделі жұмыс. Сондықтан адамның жасын анықтаудың бірыңғай алгоритмін әзірлеу үшін цифрлық платформалардағы әріптестерімізбен бірлесіп жұмыс істейміз, — деді Қанат Ысқақов.
Бірінші вице-министр жоспарланып отырған шектеу тек әлеуметтік желілерге қатысты болатынын нақтылады. Ал WhatsApp пен Telegram сияқты мессенджерлерге қолжетімділік сақталады.
Сонымен қатар, ол балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ата-аналардың да атсалысуы маңызды екенін атап өтті. Оның сөзінше, балаларды қорғау шаралары олардың білім алуына және пайдалы ақпаратқа қол жеткізуіне кедергі келтірмеуі керек.
— Бұл бастама тиімді болуы үшін кәсіби қауымдастықпен және цифрлық платформалармен бірлесіп жұмыс істейміз. Балалардың білім алуына және өзге де маңызды ақпаратқа қол жеткізуіне шектеу қоймауымыз керек, — деді ол.
Қанат Ысқақов бастаманың сала мамандары мен цифрлық платформалардың қатысуымен кезең-кезеңімен пысықталатынын жеткізді.
Бұған дейін Қазақстанда 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне шектеу қойылуы мүмкін екенін хабарлаған едік.