ЕСІМДЕР
Семей қаласында туған. Алматы мемлекеттік консерваториясын (Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген.
Өнер жолын көркемөнерпаздар үйірмесінен бастаған. 1951-1971 жылдары - Қазақ радиосының, Қазақ мемлекеттік филармониясының әнші-солисі. 1971-1979 жылдары - Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әнші-солисі. 1979 жылдан - Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы вокал кафедрасының профессоры. Әншінің репертуарында қазақтың халық әндері, Қазақстан композиторларының шығармалары бар. Өзінің концерттік-орындаушылық өнерін шеберліктің жоғары сатысына көтеріп, классикалық дәрежеге жеткізді. Қазақ опера өнеріне де елеулі үлес қосты. Таңдаулы партиялары: Жібек (Е.Брусиловский «Қыз Жібек»), Қарлығаш (А.Жұбанов және Л.Хамиди «Абай»), Гүлбаршын (Е.Рахмадиев «Алпамыс»), Джильда, Виолетта (Дж.Верди «Риголетто», «Травиата»). Ол «Дала қызы», «Біздің сүйікті дәрігер», «Бұл Шұғылада болған еді», «Тақиялы періште», «Балалық шағымның аспаны» фильмдерінде өз замандастарының тұлғасын жасады. Гастрольдік сапармен Канадада, Францияда, АҚШ-та, Италияда, Швецияда, Египетте, Алжирде, Сирияда, Үндістанда болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 7-9-шақырылымдарының депутаты.
Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, медальдармен марапатталған. Астана қаласының құрметті азаматы.
Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданында дүниеге келген. 1953 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірді.
Егіншілік және өсімдік шаруашылығы саласындағы көрнекті ғалым ҚазКСР ҒА (1956-1959) ботаника институтында жұмыс істеді. Аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі (1959-1967), директордың орынбасары (1967-1975), В.Р. Вильямс атындағы Қазақ егіншілік ҒЗИ директоры болды (1975-1995).
20 жыл бойы Қазақстан Республикасында егіншілік, өсімдік шаруашылығы, селекция және тұқым шаруашылығының ғылыми-техникалық бағдарламасын басқарды. Оның жетекшілігімен богарлық, толықпайтын, тау-кен және суармалы егіншіліктің аймақтық жүйелері әзірленіп, өндіріске кеңінен енгізілді, ауыл шаруашылығы дақылдарының 150-ден астам сұрыптары шығарылды, олардың тұқым шаруашылығы ұйымдастырылды, Оңтүстік-Шығыс Қазақстан аумағында гидромодульдік, гидромелиоративтік аудандастыру жүзеге асырылды.
Оның басшылық еткен жылдары институт тек КСРО-да ғана емес, сонымен қатар одан тыс жерлерде де ірі ғылыми орталыққа айналды. Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1984). Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының (1994), Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының (1996) толық мүшесі. Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, «Құрмет белгісі» орденімен, Халық шаруашылқ жетістіктері көрмесінде алтынмен, күміс және қола медальдарымен марапатталған. 260-тан астам ғылыми еңбек жарық көрді.
Қытай Халық Республикасының Шәуешек қаласында дүниеге келді.
Қытай киностудиясы түсірген «Хасен-Жәмила» көркем фильмінде басты рөлді орындап, өнерімен танылған ол 1955 жылы атамекені Қазақстанға оралды. 1959 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітіріп, М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрына қабылданды. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы осы театрда үздіксіз өнер көрсетті. Сахнада қазақ және әлем классиктерінің драмалық туындыларында, осы заманғы қойылымдарда басты рөлдерді шеберлікпен орындап, ұлттық театр өнерінің жаңа сапалық биікке көтерілуіне үлкен үлес қосты. Фарида Шәріпова кино саласында да жемісті еңбек етті. Ол әйгілі режиссерлер Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықов, Әзірбайжан Мәмбетов, Леонид Агранович түсірген көптеген танымал фильмдерде ойнады. Дубляж саласына да көп еңбек сіңірді. Фарида Шәріпова өнерлі жастарды тәрбиелеу ісіне жете көңіл бөлді. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында көрнекті актер Ы.Ноғайбаев екеуінің шығармашылық шеберханасында шыңдалған жастар бүгінде еліміздің театрларында жемісті еңбек етіп жүр.
Фарида Шәріпова мәдениет пен өнердегі еңбегі үшін Қазақ КСР халық әртісі, КСРО халық әртісі құрметті атақтарын, Қаз КСР Мемлекеттік сыйлығы мен КСРО Мемлекеттік сыйлығын, ҚР «Парасат» орденін иеленді.
Алматы қаласында туған. Алматы училищесін бітірген (1964). Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) театр және кино институтында оқыды.
1969 жылы алғашқы мультипликациялық фильмі «Аю мен қоянды» түсірді. Оның: «Қазына» (1970), «Үш тілек», (1971), «Бала мен жын» (1974), «Қадырдың бақыты», (1977), «Сыйлық», тағы басқа мультфильмдері бар. Қазақстан Комсомол жастары сыйлығының иегері (1978). ҚР Кинематографистер одағының мүшесі.
Украинада өткен анимациялық фильмдердің ашық фестивалі қазылар алқасының Арнайы сыйлығының және балалар қазылар алқасының Бас сыйлығының (Львов қаласы,1977), XIX Бүкілодақтық кинофестивальдың Бірінші сыйлығының және Алтын дипломының (Алматы қаласы, 1986), Украинадағы анимациялық фильмдердің ашық фестивалі қазылар алқасының Арнайы сыйлығының (Тернополь қаласы, 1986), Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінің Халықаралық кинофестивалі дипломының (Ташкент қаласы, 1986), славяндық және православиялық халықтардың II Халықаралық «Алтын витязь» кинофестивалінің «Қола витязь» сыйлығының және «Славян мәдениетіне сіңірген үлкен үлесі үшін» дипломының (Нови-Сад қаласы, Сербия, 1993), Халықаралық «Хиросима» кинофестивалі дипломдарының (1998, 2002), I Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі Гран-приінің (Алматы қаласы, 1998), I Ұлттық «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалінің «Шәкен жұлдызы» сыйлығының (Алматы қаласы, 2003), ең үздік «Астана-Бәйтерек» анимациялық фильмі сыйлығының (Астана қаласы, 2005) иегері. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты (1978). «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен марапатталған (2001). Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері (2002).
Семей облысында дүниеге келді. Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: Семей облысы «Қазагроөнеркәсіптехникасы» Самара бірлестігінің слесарі (1993-1994), Шығыс Қазақстан облысы ІІБ Шемонаиха аудандық ішкі істер бөлімінде тергеуші (1999-2000), Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданы прокурорының көмекшісі (2000-2003), Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха аудандық сотының судьясы (2003-2004), Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданы мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы (2004-2006), Шығыс Қазақстан облысы Глубокое аудандық сотының төрағасы (2006-2011), Шығыс Қазақстан облысы Үржар аудандық сотынрың судьясы (2011-2015).
Қазіргі қызметін 2015 жылдың мамыр айынан бері атқарып келеді.