16 жыл бойы қашып жүрген қылмыскер ұсталды
СҚО ІІД баспасөз қызметінің келтірген мәліметіне сәйкес, Тайынша ауданында 2001 жылы үйлердің біріне белгісіз біреулер басып кіріп, 3 миллион теңгенің тауарын қолды еткен. Тәртіп сақшылары сол тұста-ақ шабуылға қатысқан алты адамды бірден тұтқындағанымен, фигураттардың бірі із суытып кеткен.
«2017 жылдың желтоқсан айында СҚО ІІД Қылмыстық полиция басқармасының қызметкерлері Шымкент қалалық ІІБ-дағы әріптестерімен бірге жедел іздестіру жұмыстарын жүргізді. Бірлескен шара барысында іздеуде жүрген адам ұсталып, уақытша оқшаулағышқа қамалды», - деп хабарлайды ІІД баспасөз қызметінен.
СҚО ІІД Қылмыстық полиция басқармасының бастығы Петр Климовтың айтуынша, 2017 жылы облыс аумағында іздеуде жүрген 103 қылмыскердің 88-і ұсталған. Қазіргі уақытта әлі де 39 қылмыскер іздестірілуде. Жедел іздестіру шаралары барысында ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар ұсталып жатыр.