160 млрд теңге инвестиция және транзиттік жобалар: саясаттанушы Тоқаевтың Түркияға сапарының маңызы жайында

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға сапары – аумалы-төкпелі жағдайдағы Қазақстанның сыртқы саясатындағы маңызды қадамы. Мұндай пікірді Kazinform агенттігінің тілшісіне саясаттанушы Сұлтан Әкімбеков білдірді.

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға ресми сапарының маңызын қазіргі геосаяси жағдай аясында қалай бағалар едіңіз?

- Бүгінгідей аса қарқынды әрі тұрақсыз кезеңде Президенттің Түркияға жасаған сапары - аса маңызды оқиға. Әсіресе, бұл елдің қазіргі геосаяси жағдайдағы атқарып отырған рөлімен байланысты. Мұның үстіне оның ықпалы Таяу Шығыспен, оған іргелес өңірлермен ғана шектелмейді. Түркияның ықпалы оның белсенді сыртқы саясатымен айқындалады.

Сонымен қатар бұл күндері Анкараның көбіне тосқауылдың екі жағында тұрған барлық күшпен де қарым-қатынас орната алу қабілеті ерекше талап етіліп отыр. Бүгінде идеологиялық емес, прагматикалық тәсілдердің уақыты келді деуге болады және Түркия сыртқы саясаттың жаңа ұстанымдарына сай келеді.

- Сапар аясында Мемлекет басшысы түрік бизнес өкілдерімен кездесу өткізіп, онда логистикалық өзара іс-қимыл мәселелеріне айрықша назар аударылған болатын. Сіздің ойыңызша, Түркиямен ынтымақтастық аясында Қазақстан үшін бұл салада қандай мүмкіндіктер ашылмақ?

- Бүгінде Түркия Қазақстан үшін аса маңызды сыртқы саяси серіктес екені сөзсіз. Мұның үстіне түркі халықтарына ортақ тарихи тамырластыққа ғана байланып қалмай, елдеріміз Түркі мемлекеттері ұйымының жұмысына бірлесе қатысып келеді.

Фото: Ақорда

Түркия жаһандық және аймақтық геосаясаттың маңызды қатысушысы ретінде Қазақстанның көпвекторлы саясат тұжырымдамасында үлкен рөл атқарады. Қазіргі уақытта аймақтық мемлекеттердің біздің өңірімізде тарихи тұрғыдан өзара іс-қимыл жасап, бәсекеге түскен бірқатар ұлы державаны жиі толықтыра бастағанын көріп отырмыз. Ал олардың арасында Түркия өзінің Орталық Азия аймағы елдерімен сыртқы саясаттағы белсенділігі және дәстүрлі тату қарым-қатынасы арқылы ерекшеленеді.

- Келіссөздер қорытындысында 160 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылғаны мәлім болды. Қазіргі экономикалық жағдайда Қазақстаан мен Түркияның инвестициялық серіктестігі қаншалықты маңызды деп санайсыз?

- Түркия экономикалық серіктес ретінде айтарлықтай маңызға ие. Оның ішінде көлік дәліздерін дамыту тұрғысынан да. Құрлықтың дәл ортасында орналасқан Қазақстан үшін көлік маршруттарының барлық мүмкін бағыты – Солтүстік-Оңтүстік, Батыс-Шығыс бағыттары ерекше маңызды. Олар транзиттік аумақ идеясын жүзеге асыруға көмектеседі. Бұл экономика үшін барлық уақытта да жақсы.

Фото: Ақорда

Осы тұрғыда Каспий, Кавказ және Түркия арқылы өтетін транзиттік жобалар – әсіресе бізді қосымша Жерорта теңізі мен Еуропаға шығаратын Орта дәліз жобасы жүзеге асырылып жатыр. Баку-Жейхан мұнай құбырын да атап өтуге болады.

- Бүгінде Түркия сыртқы саяси және экономикалық серіктес ретінде қаншалықты маңызды деп санайсыз?

- Әрине, жаңа инвестициялар барлық уақытта кез келген ел үшін маңызды. Қазақстан үшін түрік инвестициясының ерекшелігі – олар барынша әртараптандырылған әрі әдетте көптеген жобаға бөлінген. Бұл әдетте үлкен экономикалардан құйылатын инвестициялар кезінде сөз болатын ірі кәсіпорындар емес. Бұл - өзге тәжірибе. Дегенмен экономикамыз үшін зор маңызға ие. Мұның үстіне түрік бизнесі кезінде Еуропадан көп дүниені меңгеріп, бәсекеге қабілетті өндіріс құрды. Кейіннен осы өндірістер Түркияға ғана емес, сонымен қатар өңірдегі өзге елдерге де инвестиция құйды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркия Республикасына ресми сапары осы елдің негізін қалаушы әрі тұңғыш Президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің кесенесінен басталды.

Президент сапары қандай нәтижеге жетеледі, қазақ-түрік қатынасында қандай бетбұрыс болуы мүмкін? Бұл сауалға Kazinform тілшісі жауап іздеді.