«164 ғимарат мүлдем жарамсыз» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 8 қазан, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінде «Электронды үкіметтен үміт көп» атты мақала жарияланды. «Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен өтіп отырған форум «Тұрақты даму мақсатындағы ақылды басқару: желілік қоғамдағы әріптестіктің жаңа мүмкіндіктері» тақырыбына арналды. Мұндай форум бұдан бұрын «электронды үкіметті» дамытуда көшбасшы болып табылатын Оңтүстік Кореяда екі рет өткізілген болатын. Ал үшінші форум, мінекей, Қазақстанда ұйымдастырылып отыр. Еліміз осындай көлемді іс-шараны өткізу құқына халықаралық рейтингтерде бірнеше рет белгіленген ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және «Электронды үкімет» саласындағы жетістіктерінің арқасында қол жеткізді. Оған бір дәлел биыл БҰҰ электронды үкімет дамуы бойынша рейтингте Қазақстан 2012 жылмен салыстырғанда 10 сатыға көтеріліп, 193 елдің ішінде 28-ші орында тұрақтады. Осылайша, бұл салада алғашқы отыздықтың қатарына қосылдық», - деп жазады мақала авторы.

***

«Былтыр Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева Қазақстанда даму мүмкіндігі шектеулі балалардың саны өсіп отырғандығын мәлімдеген еді. Мәселен, 2005 жылы мүмкіндігі шектеулі балалардың саны 124 мыңды құраса, бүгінгі күні 150 мыңнан асқан. Әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінде нәрестелердің денсаулығындағы мүкістердің 70-80 пайызы бір жасқа дейін анықталып, дер кезінде емделеді екен. Себебі түзету мен сауықтыру әдістерін дер кезінде қолданса, 3-5 жасқа дейін толықтай оңалып кететін балалар болатынын айтады мамандар. Алайда, бұл жағдай елімізде әлі кенжелеп тұр. Бізде көбіне баланың диагнозын қою уақыты 6-7 жылға созылып кетіп жатады да, баланың дамуы тежеліп қалады»,-деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Мүгедек жандардың мұңы бар...» атты мақаласында. Осы тұрғыда кеше «Дара» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен педагогикамен айналысатын 70-тен аса маман Алматыда бас қосып, республикалық семинар барысында балалар дамуына ерте араласу әдісінің соңғы жетістіктерін пайдалана отырып, нәрестенің денсаулығындағы ақауларын барынша ерте анықтап, сауықтыру мүмкіндіктерін талқылады.

Осы басылымда «164 ғимарат мүлдем жарамсыз» деген мақала берілген. Елімізде жыл сайын жүздеген жаңа мектеп есігін айқара ашса да, апатты нысандар қатары әлі де азаймай келеді. Нақты ресми мәліметке қарағанда мұндай білім беру ғимараттарының жалпы саны 160-ты құрайды.

Бұлардың басым бөлігі Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан Жамбыл және Қызылорда облыстарында орналасқан. Жергілікті атқарушы билік енді қысқа мерзім аралығында апаттық жағдайдағы мектептердің мәселесін шешуі керек.

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің төрағасы Әлиақпар Мәтішев бұдан бөлек апаттық және санитарлық талапқа мүлде сай келмейтін 37 денсаулық сақтау нысанының да бақылауда тұрғанын жеткізді. Таяуда аталған ведомство елдегі мемлекеттік нысандардағы апатты әрі антисанитарлық жағдайын тексергенде барлығы 237 ғимараттың тым нашар екендігін анықтаған. Мұның 164-ін сот ары қарай пайдалануға мүлдем тыйым салса, тағы 73-інің жайы қаралып жатыр. Ал тұрғындарға су тарату жүйелері бойынша 33 нысанның ахуалы сын көтермейді. Осының салдарынан өткір ішек инфекция аурулары жыл сайын өршіп барады. Жалғыз Алматы облысы бойынша өткен жылы 173 тұрғын аталған аурудан зардап шеккен.

***

«Экспресс-К» газетінің бүгінгі санында «Остов сокровищ» деген материал басылған. Ақмола облысында полицейлерге шабуыл жасау фактісі анықталды. Өз бетімен алтын іздеуші адамдардың тобы тәртіп сақшыларына шабуылдап, алтын концентраттары салынған қапшықтарды алып кеткен. «Жолымбет» кенішінің күзетшілері алтын концентраты салынған 148 қапшықты тиеп алған 20 алтын іздеушіні ұстаған көрінеді. Олар құнды жүк пен ұсталғандардың бір бөлігін Шортанды полиция бөліміне жіберген екен.

Қалған алтын іздеушілер қашып кетіп, кейіннен полиция бөліміне жасырын түрде еніп, ол жерден тәркіленген жүкті алып кетуге талпынған. Майор Қадір Тоқсанбаев оларды тоқтауға әрекет жасаған кезде қаскүнемдер оны және тағы екі учаскелік полицейдің қолдарын байлап тастаған. Полицейлер тек 29 жасар Бауыржан Жұмағұловты ғана құрықтап үлгерген. Сот отырысында ол барлығын мойындағанымен, жанында болған өзге адамдардың аты-жөнін айтпады. Шортанды аудандық соты Жұмағұловты үш жылға бас бостандығынан айырды.