17 депутат Үкіметтің 2024 жылғы бюджет есебін бекітуге қарсы дауыс берді

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаттары Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы бюджеттің игерілуі туралы есебін бекітті.

Талқылау кезінде Қазақстан халық партиясы мен «Ақжол» партиясының, Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның төрағалары өз фракиялары Үкіметтің есебін қабылдаудан бас тартатындарын мәлімдеді.

Жалпы отырысқа қатысқан 91 депутаттың 72-сі жақтап дауыс берсе, 17 депутат қарсы дауыс берді, тағы 2 депутат қалыс қалды.

— Биыл өкінішке қарай бюджеттің кіріс бөлігін жоспарлау мен орындауда кеткен кемшіліктерге байланысты мәселелер туындап отыр. Соның салдарынан Ұлттық қордан қаражат алу мен сырттан қарыз алу көлемі артып келеді. Депутаттардың бұл алаңдаушылығы орынды деп санаймын. Тиісті мемлекеттік органдар осы мәселе бойынша қорытынды жасалулары керек. Өзгерістер қағаз бетінде қалып қоймауға тиіс. Оны еліміздің әр тұрғыны, әр отбасы сезінуі керек. Сөз соңында бюджетті атқаруға қатысты айтылған бүгінгі ұсыныстарға Үкімет баса мән беруі қажет екеніне тағы да назар аударғым келеді. Бұл мәселе әрдайым депутаттардың бақылауында болады, — деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.

Сондай-ақ, бүгін Мәжілісте Ұлттық банк неге халыққа Ұлттық қорды басқару көрсеткіштері туралы ашық есеп бермей отырғаны сөз болды.