17 индустриялық жоба қуаттылық мерзімін игеруден айтарлықтай артта қалып келеді

ТАНА. 22 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Еліміздегі жүзеге асып жатқан индустриялық жобалардың 17-сі өзінің қуаттылық мерзімін игеруден айтарлықтай артта қалып келеді.

Бұл туралы бүгін Үкіметте өткен селекторлық кеңесте ҚР Вице-премьері-Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев мәлім етті.

Министрдің айтуынша, кейбір жобалардың игерілуінде объективті жағдайлар кедергі болса, енді біразына қатысты әкімдіктер тарапынан уақытылы қолдау жасалмаған. Тиісті шешімдер уақытында қабылданбағандықтан, кейбір жобаның жүзеге асу мерзімдері созылып кетіп отыр. «Мәселен, былтыр іске қосылған 135 өндірістің бірқатары өнім шығара бастады және сатылап жобалық қуатына көтерілуде. Алайда, 17 жоба бойынша қуаттылықты игеру кестесінен айтарлықтай артта қалу байқалады. Бұндай нысандардың басым бөлігі Солтүстік Қазақстан (6 жоба) және Шығыс Қазақстан (4 жоб) облыстарында орын алып отыр. Сондықтан да, тағы да қайталап айтайын, Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, әкімдер өз өңірлеріндегі әрбір жоба үшін тікелей жауапкершілікті мойнына алуы тиіс», - деді министр.

Осыған орай, Ә. Исекешев жобаға тікелей жауапты орталық және жергілікті атқарушы органдар басшыларының назарын бірқатар маңызды мәселелерге аударды. «Біріншіден, ұлттық холдингтер мен компаниялармен бірлесе отырып, жергілікті басшылар 2011 жылы жобалардың уақытылы аяқталуын қамтамасыз ететін шаралар кешенін қабылдауы қажет. Екіншіден, өңірлік басқару орталықтарының жұмысын жандандыра түскен ләзім. Үшіншіден, жүзеге асып жатқан жобаларды ұдайы қадағалап, проблемалық мәселелерге шапшаң жәрдем көрсетулері тиіс. Біздің тарапымыздан да жіті бақылау болып тұрады. Соған орай, жыл соңына дейін инвестициялық жобаларды басқарудың арнайы портал үлгісі жүзеге асады. Осы арқылы жобалардың жүзеге асу барысын, проблемалардың қалай шешімін тауып жатқанын күнделікті қадағалап отыратын боламыз», - деді Ә. Исекешев.