Орталықтың мәліметінше, қауесет 1 қарашада X әлеуметтік желісінде Wesley лақап атымен тіркелген қолданушының жазбасынан кейін тарала бастаған. Ол португал тілінде жариялаған хабарламасында даркнеттегі анонимді дереккөзге сілтеме жасаған.
Кейін кейбір елдер тұрғындарға азық-түлік пен су қорын жинауға кеңес беріпті деген ақпарат тараған. Осылайша, бастапқыда бір-біріне қатысы жоқ екі хабарлама бір оқиға ретінде ұсынылған.
Әлеуметтік желіде тараған мәлімдемелердің бірі – хакерлер банк шоттарындағы ақшаны жаппай жойып жібереді деген болжам. Алайда банктер қаржы туралы мәліметтерді бірнеше деректер орталығында сақтайды және ақпараттық жүйелерді қалпына келтіру жоспарларын әзірлейді. Мұндай шабуыл туралы банктер де, мемлекеттік органдар да ресми ескерту жасаған жоқ.
Интернеттің үш айға толық өшірілетіні туралы ақпарат та негізсіз. Интернет көптеген тәуелсіз желіден тұратындықтан, оны бір ғана кибершабуыл арқылы бүкіл әлемде бір мезетте істен шығару мүмкін емес.
– Жалған ақпарат өздігінен таралмайды. Оның таралуына әрбір репост, үрейге толы пікір және «сақтық үшін басқаларға да жіберейін» деген әрекет себеп болады. Кез келген күмәнді хабарламаны бөліспес бұрын, алдымен оның авторын және ресми дереккөздерде жарияланған ақпаратты тексеріңіз. Фейктің таралуын тоқтатудың ең сенімді жолы – оған назар аудармау, – делінген орталық ақпаратында.
Сонымен қатар 17 қараша күні АҚШ-та шұғыл хабарлау жүйесін жоспарлы тексеру көзделген. АҚШ-тың Төтенше жағдайлар жөніндегі федералдық агенттігі (FEMA) мен Федералдық байланыс комиссиясы радио және телеарналар арқылы бір минуттық сынақ сигналын таратуды жоспарлаған. Бұл шараның жаһандық кибершабуылға қатысы жоқ.
Қауесетті күшейткен тағы бір мәлімдеме – «Симпсондар» мультсериалы мұндай оқиғаны алдын ала болжаған деген ақпарат. Алайда аталған эпизодта 2026 жылғы қарашаға қатысты ешқандай болжам жасалмаған.
Қазақстанда да тиісті мекемелер бұл ақпаратқа түсініктеме берген.
Төтенше жағдайлар министрлігі интернеттің өшуі туралы ескерту жасамағанын және тұрғындарды азық-түлік қорын жинауға шақырмағанын мәлімдеді.
«Қазақтелеком» АҚ телекоммуникация желісі штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын хабарлаған. Ал Кибершабуылды талдау және тергеу орталығы 17 қарашаға қатысты тараған ақпараттың ресми дереккөздерде расталмағанын жеткізген.
Мамандар мұндай қауесеттерді алаяқтар пайдалануы мүмкін екенін де ескертеді. Атап айтқанда, азаматтарға банк шоттарындағы қаражатты «кибершабуылдан қорғау» сылтауымен күмәнді қызметтер ұсынылуы ықтимал.
Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы тұрғындарды әлеуметтік желідегі үрей туғызатын хабарламаларды таратпауға және кез келген мәліметті ресми дереккөздер арқылы тексеруге шақырды.
Айта кетейік, бұған дейін де мамандар 17 қарашада интернет үш айға өшетіні туралы тараған ақпаратқа түсініктеме берген болатын.