17 қазан. Жылнама

Фото: Kazinform/ Midjourney

Kazinform оқырман назарына 17 қазанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады. 

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Кедейшілікті жою жолындағы халықаралық күрес күні

Бұл күн «АТД-Eourth World» атты француз қайырымдылық қозғалысының және БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Хавьер Перес де Куэльярдың бастамасымен атап өтіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1992 жылы Қызылорда облысының Қазалы ауданында қазақ халқының отаршылдық езгіге қарсы ұлт-азаттық күресінің көшбасшыларының бірі Жанқожа батырға ескерткіш орнатылды.

1992 жылы Қасиетті Тақ пен Қазақстан Республикасы ресми түрде дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, Қазақстан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы Ватиканмен ресми қарым-қатынас орнатқан бірінші мемлекет болды.

2011 жылы Алматыда қазақ композиторы, Халық Қаһарманы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің ескерткіші ашылды.

2012 жылы Ақтөбеде құны 223 млн. еуроны құрайтын рельс-арқалық зауытының құрылысы басталды. Зауыт Ақтөбенің индустриялық аймағында орналасқан.

2016 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Кенен ауылдық округінде «Тұлғалар тұғыры» атты мемориалдық кешен ашылды. «Тұлғалар тұғыры» ескерткіші Қордай жерінен шыққан белгілі тұлғалар Өтеген батыр, Кебекбай шешен, Ноғайбай би және Кенен Әзірбаевқа арналып тұрғызылды.

2017 жылы Петропавлдың көрікті жерлерінің бірі — «Абылай хан резиденциясы» мұражай кешені киелі картаға енгізілді. Оған негізгі ғимараттан басқа хан сарайы, қонақ үй және монша кіреді. Төрт залдағы экспонаттар Абылай ханның қызметі туралы баяндайды.

2017 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде «Болашаққа бағдар — рухани жаңғыру» атты кітап-иллюстрациялық көрме ашты, онда 1929-1940 жылдары жарық көрген латын әліпбиіндегі кітаптар жеке бағытта ұсынылды. Бұл латын графикасына негізделген тұңғыш қазақ әліпбиі, тіл біліміне қатысты алғашқы басылымдар, Абай шығармалары, қуғын-сүргінге ұшыраған жазушылар Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллиннің басылымдары.

2018 жылы Дүниежүзілік экономикалық форумның «Инфрақұрылым» санатындағы Жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингі Қазақстанды энергияның қолжетімділігі бойынша әлемде бірінші орынға шығарды.

2019 жылы ақтөбелік Назарбаев мектебінің оқушылары Асан Қожин мен Нұрдәулет Таумергенов «BlindHelper» жобасын — зағип жандарға арналған навигациялық жүйесі бар таяқ әзірледі. BlindHelper қолданбасын пайдалану үшін сізге үшінші тараптың көмегі қажет емес. Жүйе белгілі бір жерде адамның ағымдағы орнын табады және нейрондық желілерді пайдалана отырып, соңғы нүктеге дейінгі бағытты белгілейді. Жігіттер жобаны әзірлеп, жаппай пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

2020 жылы «Астана Опера» театрының сахнасында «Мольер, Вольтер және Бомарше немесе француз комедиясының әкесі» опера-симфониялық концертінің премьерасы өтті. Жобаның авторы — театрдың бас дирижері Алан Бөрібаев.

«Бұл мүмкіндігінше көп өнерді біріктіру әрекеті, өнердің әмбебап синтезін жасау әрекеті. Сахнада симфониялық оркестр, классикалық әдебиет, балет, пантомима, опера әншілері, сонымен қатар заманауи технологиялар бар. Бұл театрдың барлық күші жұмылдырылған концерт. Бұл бірегей өнім дер едім, тіпті шетелде де баламасы жоқ», — деп бөлісті А.Бөрібаев.

2021 жылы Астанада «Қанаттылар» инклюзивті театры ашылды, оның ерекшелігі — ерекше қажеттіліктері бар адамдарды әлеуметтендіру, олардың әлеуетін ашу, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік беру. Соның ішінде сабақтар арқылы сіз де оңалтудың бір түрін аласыз.

Сахнада көру, есту, сөйлеу қабілетінде белгілі бір проблемалары бар адамдар, сондай-ақ мүгедектер арбасындағы адамдар өнер көрсетеді. Театрдағы арнайы адамдар сахналық өнермен, хореографиямен айналысады, мәдени шараларға белсене қатысады.

2021 жылы елордада «Жас батыр» спорт кешенінің жанынан Қажымұқан Мұңайтпасовқа ескерткіш ашылды.

Ескерткіштің ашылуына атақты балуанның туыстары, спорт ардагерлері, қоғам қайраткерлері келді. Салтанатты шара барысында «Жас батыр» кешеніне Қажымұқан есімі берілгені айтылды.

2023 жылы Хельсинкиде Қазақстан құрамасы футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу матчында Финляндиямен ойнады. Бірінші голды 28-минутта фин футболшысы Тейлор Роберт соқты. Ол айып добын орындап, есеп ашты. Ойын тартысты өтті. Алайда бірінші тайм қазақстандық команданың қарсыластарының пайдасына аяқталды. Екінші тайм тағы да финдердің шабуылымен басталды. Ал жартылай қорғаушы Бахтиер Зайнутдинов тек 77-минутта пенальти кезінде гол соғып, есепті теңестірді.

2024 жылы Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде филиал, ал Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының аймақтық форсайт-орталығы ашылды.

2024 жылы Германияда 95 елден 1000 автор қатысқан «FrankfurterBuchmesse-2024» атты Франкфурт кітап жәрмеңкесі өтті. Қазақстандық баспашылар үшін 250-ден астам кітап қойылған арнайы стенд ұйымдастырылды. Халықаралық жәрмеңкеге Қазақстаннан 30-дан астам өкіл қатысты, оның ішінде қоғам қайраткерлері, отандық баспашылар мен аудармашылар, сонымен қатар «Мектеп», «Алматыкітап», «Атамұра», «ARMAN-PV», «Steppe & World Publishing», «ASTANA-KITAP», «AmalBooks» сияқты ірі баспалар болды.

2024 жылы Баянауыл ауданындағы көлдерге 50 мыңға жуық амур балығы жіберілді. Бұл балықтар су қоймаларын қамыстан тазартуға, су сапасын жақсартуға және экожүйені қалпына келтіруге көмектеседі. Баянауыл көлдеріне жалпы құны 100 млн теңгені құрайтын 85 мың балық жіберілді. 2300 сазан Талинка көліне, ал ақ амур Сабындыкөл мен Торайғырға кетті.