17 қыркүйек. Kazinform күнтізбесі. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 17 қыркүйекке арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

Фото: Kazinform/ Midjourney

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік пациенттердің қауіпсіздігі күні

Дүниежүзілік пациенттердің қауіпсіздігі күні 2019 жылғы мамырда Женевада өткен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының 72-сессиясында ресми түрде бекітілді. Бұл күннің негізгі мақсаты — әлем бойынша пациенттердің қауіпсіздігіне қатысты мәселелерге қоғамның назарын аудару, медициналық көмекті баршаға бірдей ету және тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін пациенттердің қауіпсіздігінің маңызын көрсету. Сондай-ақ медициналық қателіктердің санын азайтуға және орын алған ағаттықтың салдарын жоюға мүмкіндік беретін жүйелер мен рәсімдерді әзірлеуді ынталандыру көзделеді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1930 жылы аудандық «Колхоз жолы» газетінің алғашқы нөмірі жарық көрді. Көкшетау облысының құрылуына байланысты басылым «Көкшетау правдасы» болып қайта аталып, 1944 жылғы 5 тамыздан бастап облыстық газет мәртебесіне ие болды. 1976 жылы газет бүкілодақтық байқаудың лауреаты атанып, КСРО Журналистер одағының І дәрежелі дипломымен марапатталды. 1978 және 1979 жылдары КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде «Кеңестік баспасөз» павильонында таныстырылды. 1980 жылы басылымның 50 жылдығына орай «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. 1984 жылғы 4 қыркүйекте газеттің 10 000-шы мерейтойлық нөмірі жарық көрді. 1990 жылы газет «Көкшетау» атауына ие болды. 1997 жылғы 1 тамызда Көкшетау облысының таратылуына байланысты қалалық басылым мәртебесіне көшті. Бүгінде газет қазақ және орыс тілдерінде жарық көріп, бұрынғы Көкшетау облысының аумағына таралады.

2007 жылы жарғылық капиталына 100 пайыз мемлекет иелік ететін акционерлік қоғамдар құрылды. Олар: Ақтау қаласында орналасқан «Каспий» ұлттық әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, Қостанай қаласында орналасқан «Тобыл» ұлттық әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы және Ақтөбе қаласында орналасқан «Батыс» ұлттық әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы.

2010 жылы Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ арасында Біріккен Ұлттар Ұйымының паспорттарын иеленушілерді визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойылды. Қазақстан БҰҰ қызметкерлері үшін визасыз режим енгізген 26 елдің қатарына қосылды.

2010 жылы Қазақстандағы туризмді дамыту аясында Алматыдан солтүстік-батысқа қарай 170 шақырым жерде орналасқан «Таңбалы» ашық аспан астындағы музей-қорығының аумағында визит-орталық құру жұмыстары басталды. Музей-қорықтың басты көрікті орны — тас мүсіндер мен петроглифтер. «Таңбалы» музей-қорығы тарихи, мәдени және ғылыми тұрғыдан аса құнды нысан саналады. Мұнда қола дәуірінен XIX–XX ғасырларға дейінгі кезеңдерді қамтитын жүзден астам тарихи ескерткіш бар. Олар тұтастай алғанда ірі археологиялық кешенді құрайды.

2010 жылы Қостанай қаласында Александр Сергеевич Пушкинге арналған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті. Ақынның мүсінін Қазақстанға Ресей Жазушылар одағы сыйға тартқан. Авторы — мәскеулік мүсінші Николай Кузнецов-Муромский. Ескерткіш облыс орталығының қақ ортасында, әкімдік ғимаратының маңындағы Пушкин көшесіне орнатылды.

2011 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауылында XVII–XVIII ғасырлардағы мемлекет қайраткерлері Шоң би Едігеұлы мен Шорман би Күшікұлына арналған ескерткіш ашылды. Елге беделді билердің бейнесін мүсінші Жаубасар Қалиев жасады. Қос бидің мүсіні биік тұғырға орнатылып, ауыл ортасына қойылды.

2012 жылы суретші-график, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Александр Ерашов «Үздік адамдар» халықаралық энциклопедиясының кейіпкері атанды. Павлодар облысының Ақсу қаласынан шыққан суретшінің есімі Қазақстаннан тыс жерлерге де кеңінен танымал. Александр Ерашовтың туындылары Қазақстан, Ресей, Германия, Нидерланд, Франция және басқа да елдердегі мемлекеттік және жеке коллекцияларда сақтаулы. Оның еңбектері Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі мен Павлодар облыстық көркемсурет музейінің қорында, сондай-ақ Алматыдағы «Ұлар» заманауи өнер галереясының және Артемий Троицкийдің заманауи өнер топтамаларында бар. «Үздік адамдар» халықаралық кітап жобасы Беларусь, Қазақстан, Ресей және Украинадан шыққан табысты әрі беделді тұлғалар туралы баяндайды.

2016 жылы қазақстандық боксшы Қанат Ислам елдің әлемдік аренадағы танымалдығын арттыруға қосқан үлесі үшін Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс» медалімен марапатталды.

2019 жылы Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толуына арналған мерейтойға дайындық аясында Қазақстан делегациясы Сирияның Дамаск қаласына барды. Сапар барысында Қазақстан салған әл-Фарабидің мәдени-тарихи орталығы мен кесенесінің қазіргі жағдайы зерделенді. Делегация 2020 жылы өтетін ұлы ойшылдың 1150 жылдық мерейтойын ұйымдастыру және өткізу мәселелерін де талқылады. Сапардың негізгі міндеттерінің бірі — Қазақстан мен Сирияға ортақ тарихи және мәдени мұраны дәріптеу және екі ел арасындағы өзара ықпалдастықты дамыту болды.

2019 жылы Атырау қаласында қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы, соғыс ардагері Хиуаз Доспановаға арналған ескерткіш ашылды. Биіктігі 2 метр 30 сантиметр болатын қола мүсінде батыр қыздың майданға аттанғалы тұрған сәті бейнеленген. Екінші дүниежүзілік соғыста ерлігімен елге танылған, кейін «Халық қаһарманы» атағына ие болған Хиуаз Доспанованың ескерткіші Атырау халықаралық әуежайының алдындағы алаңға орнатылды. Батыр қыз 1922 жылы 15 мамырда Атырау өңірінде дүниеге келген. Соғыс жылдарында әскери авиацияда қызмет етіп, ерлігімен көзге түсті. Соғыстан кейінгі бейбіт өмірде де ел игілігіне адал еңбек етті.

2021 жылы Грэмми сыйлығының иегері, қазақстандық диджей Иманбек Зейкенов Ресейдің «GQ Мужчины года» («Жыл ерлері») сыйлығының «Жыл жаңалығы» номинациясын жеңіп алды.

2021 жылы Қазақстанда Еуразиялық экологиялық қор құрылды. Жаңа қор көгалдандыру жұмыстарын дамытуға, биоалуантүрлілікті сақтауға және жердің шөлейттенуінің алдын алуға бағытталған жобаларды жүзеге асырады.

2021 жылы Бельгияда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай пошта маркалары айналымға шығарылды. Мерейтойлық маркалардың алғашқы топтамасы Еуропалық парламент пен Еуропалық комиссия өкілдеріне, сондай-ақ Бельгия Корольдігінің мемлекеттік органдары мен ұйымдарына табысталды.

2023 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Citigroup компаниясының бас атқарушы директоры Джейн Фрейзермен кездесті. Кездесу барысында америкалық қаржы холдингінің Қазақстандағы қызметін кеңейту перспективалары талқыланды. Citibank Kazakhstan — елімізде жұмыс істейтін жалғыз америкалық банк. Ол халықаралық инвесторлар, мемлекеттік сектор және ірі кәсіпорындар үшін жетекші серіктестердің бірі.

2025 жылы Қазақстан Ұлттық Банкі «Көрнекті оқиғалар мен адамдар» сериясы аясында E.BÓKETOV. 100 JYL коллекциялық монетасын айналымға шығарды. Монета ғалым-химик, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, қоғам қайраткері, жазушы әрі аудармашы Ебіней Арыстанұлы Бөкетовтің 100 жылдығына арналған. Дизайнда оның портреттік бейнесі қолданылған. Монета МН 25 маркалы мельхиордан әзірленді. Оның салмағы 15 грамм, диаметрі 33 миллиметр.

2025 жылы Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі басталды. Жиын «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» тақырыбына арналды. Халықаралық форумға 60 елден 100-ден астам делегация жиналды. Қатысушылар қатарында ірі конфессиялардың рухани көшбасшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар, саясаттанушылар мен қоғам қайраткерлері болды. Съезд барысында секциялық отырыстар ұйымдастырылып, қазіргі кезеңдегі бірқатар өзекті мәселелер талқыланды.