17 қыркүйек. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 17 қыркүйек күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
ЕСІМДЕР
86 жыл бұрын (1939) ұлттық қауіпсіздік органдарының ардагері, отставкадағы генерал-полковник Сәт Бесімбайұлы ТОҚПАҚБАЕВ дүниеге келді.
Алматы облысы Іле ауданының ҚазЦИК ауылында туған. 1963 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін заңгер мамандығы бойынша, СССР МҚК №302 Минск мектебін, 1971 жылы СССР Жоғары дипломатиялық мектебін тәмамдаған. Генерал-полковник.
1991 жылға дейін КОКП мүшесі. 1956 жылдан -Алматы облысы Іле ауданының «Комсомол» ұжымшарында жұмысшы. 1957 жылдан - Алматы облысындағы Боралдай кірпіш зауытының вагоншы-жұмыскері. 1958 жылдан С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің студенті. 1963 жылдың шілде айынан -Алматы облыстық прокуратурасының тергеушісі. 1963 жылдың қыркүйек айынан СССР МҚК №302 Минск мектебінің курсанты; СССР МҚК кадрлық офицері, жедел өкілден ҚазКСР МҚК Басқармасының бастығы лауазымына дейінгі қызмет жолын өткен. 1991 жылдың қараша айынан - Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша ҚР МҚК Басқармасының бастығы. 1993 жылдың маусым айынан ҚР ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары. 1993 жылдың желтоқсан айынан ҚР ҰҚК төрағасы. 1995 жылдың қараша айынан ҚР Президенті Күзет қызметінің бастығы - ҚР Республикалық гвардиясының қолбасшысы міндетін атқарушы. 1997 жылдың наурыз айынан ҚР Республикалық гвардиясының қолбасшысы. 1999 жылдың қазан айынан ҚР қорғаныс министрі. 2001 жылдың желтоқсан айынан ҚР Президентінің кеңесшісі - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және ҚР мемлекеттік қызметкерлерінің қызметті жөніндегі комиссияның төрағасы - ҚР Президеті жанындағы Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссиянын төрағасы. ҚР Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі (2002 жылға дейін). 2007-2011 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісі 4-шақырылымының депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болды.
«Даңқ» (1997), «Барыс» (2008) ордендерімен; 14 медальмен марапатталған. «Жылдың әскери адамы» номинациясы бойынша Жыл адамы (Алтын Адам) (2000, 2001). Отставкадағы генерал-полковник І дәрежелі «Барыс» орденімен (2019 жыл) марапатталды.
81 жыл бұрын (1944) мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің бірінші төрағасы, қазақстандық қаржыгер, банкир, экономист Ғалым Байназарұлы БАЙНАЗАРОВ дүниеге келді.
Торғай облысы Жангельдин ауданында туған. 1969 жылы АХШИ-ды бітірген, экономист.
Еңбек жолы: 1969-1976 жылдары Мемлекеттік банкі Торғай бөлімшесінің несие инспекторы, басқарушысы, 1976-1985 жылдары Мемлекеттік банкі Арқалық қалалық басқармасының бастығы, 1985-1987 жылдары КСРО Мемлекеттік банкінің Қазақ республикалық кеңсесінің басқарма бастығының орынбасары, бастығы, 1987-1992 жылдары Қазагроөнеркәсіп банкі төрағасының 1-ші орынбасары, 1992-1993 жылдары ҚР Ұлттық банкінің басқарма төрағасы, 1994-1995 жылдары ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі қызметін атқарған. 1995-1996 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің экономикалық саясат бөлімінің кеңесшісі, 1996-1998 жылдары «Қазпоштабанк» ЖАҚ шетелдік инвестициялар департаментінің директоры, 1997-1998 жылдары «АТРЕМ» қаржы-инвестициялық компаниясының бас директоры, 1998-2002 жылдары Қазақстан сақтандырушылары одағының төрағасы, 1999-2002 жылдары «Халықтық жинақтаушы зейнетақы қоры» ЖАҚ президенті, 2000-2002 жылдары ҚР Көлік құралдарының жүргізушілері одағының Орталық кеңесі төрағасының кеңесшісі, 2002-2004 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, 2005-2007 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы хатшылығының меңгерушісі болды.
«Парасат» орденімен, (2005); «Мемлекеттік банк үздігі» белгісімен, грамоталармен марапатталған.
57 жыл бұрын (1968) ҚР Беларусь Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, ТМД жарғылық органдары жанындағы тұрақты өкілі Тимур Мекешұлы ЖАҚСЫЛЫҚОВ дүниеге келген.
Шығыс Қазақстан облысында туған. 1993 жылы М.В. Ломоносов атындағы ММУ «Тарих» мамандығы бойынша бітірген. 1997 жылы Страсбург саяси зерттеулер институтының (Франция) магистратурасын Еуропалық зерттеулер саласының магистрі дәрежесі беріліп, бітірген. 2003 жылы Қазақ экономика және қаржы институтын «Экономика» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1993 жылы Семей бизнес және кәсіпкерлік институтының атқарушы директоры лауазымынан бастаған. 1997-1998 жылдары ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің бас маманы, бөлім басшысы, 1998-1999 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Талдау және стратегиялық зерттеулер секторының меңгерушісі, 1999-2002 жылдары ҚР Қауіпсіздік Кеңесі Талдау орталығының сектор меңгерушісі, 2002-2003 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Жүйелік зерттеулер орталығы жетекшісінің орынбасары болды, 2003-2005 жылдары ҚР Индустрия және сауда министрлігінің ДСҰ-ға кіру жөніндегі департаментінің директоры лауазымын атқарған, Женевадағы Дүниежүзілік сауда ұйымы мәселелері жөніндегі өкілдер тобын басқарған. 2005-2006 жылдары «МТЗО» АҚ атқарушы директоры, 2006 жылы ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің «Экономикалық зерттеулер орталығы» РМК директорының міндетін атқарушы, 2006-2007 жылдары «Елорданы тұрақты дамыту орталығы» МҚК, ЖШС директоры, 2007-2009 жылдары Астана қаласы әкімдігінде Экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры, Астана қаласы әкімінің орынбасары, 2009-2010 жылдары ҚР индустрия және сауда вице-министрі қызметінде болды. 2010 жылы ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Инвестициялар комитетінің төрағасы, 2010-2012 жылдары «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ Басқарма төрағасы, 2012-2014 жылдары ҚР экономикалық даму және сауда вице-министрі, 2014-2017 жылдары ҚР ұлттық экономика вице-министрі, 2017-2021 жылдары Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының Қазақстан Республикасы атынан мүшесі, 2017-2018 жылдары ЕЭК Экономика және қаржы саясаты министрі, 2018 жылы ҚР Президентінің көмекшісі, 2019-2021 жылдары Еуразиялық экономикалық комиссияның экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі қызметін атқарған.
Қазіргі қызметінде 2024 жылдың маусым айынан бастап.
52 жыл бұрын (1973) Қазақстан Республикасының Қасиетті Тақ және Мальта Егеменді Ордені жанындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Тимур Владимирович ПІРІМБЕТОВ дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. 1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.
Дипломатиялық қызметін 1997 жылы Сыртқы істер министрлігінің Еуропа және Америка департаментінде референті қызметінен бастап, содан кейін атташе және үшінші хатшы болып жұмыс істеді. 1999-2004 жылдары Қазақстан Республикасының Испания Корольдігіндегі Елшілігінің үшінші хатшысы, екінші хатшысы қызметтерін атқарды. 2004-2018 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінде аға сарапшы, бас инспектор, сектор меңгерушісі қызметтерін атқарды. 2009-2018 жылдары Қазақстан Республикасы Президент Протоколы бастығының орынбасары болды. 2018-2019 жылдары Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінде кеңесші-уәкіл, 2019-2023 жылдары Қазақстан Республикасының Латвия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, 2023-2024 жылдары Қазақстан Республикасының Мексика Құрама Штаттарындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болды.
Қазіргі қызметін 2024 жылдың қараша айынан бері атқарып келеді.
42 жыл бұрын (1983) Қазақстан Республикасының микроқаржы омбудсмені Назгүл Қарасқызы ЕСТЕУСІЗОВА дүниеге келді.
Алматы облысында туған. 2005 жылы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін «Әлемдік экономика» мамандығы бойынша бітірген, 2018-2020 жылдары Д.А. Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясында «Құқықтану» мамандығы бойынша білім алды. 2024 жылы «Q» UNIVERSITY-ді «Құқықтану (ғылыми-педагогикалық бағыт)» мамандығы бойынша, 2025 жылы РФ ММХҚИ бітірген.
Еңбек жолы: 2005-2010 жылдары бас кеңсенің тәуекел менеджері, Несие комитетінің мүшесі, Алматы қаласы бойынша жеке және заңды тұлғаларға банктік қызмет көрсету орталығының басшысы, «Темірбанк» АҚ Алматы филиалы директорының орынбасары, 2010-2015 жылдары «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ несиелік өтінімдер бойынша андеррайтинг секторының меңгерушісі, Несие комитетінің мүшесі, қызмет көрсету орталығының басшысы, 2015-2020 жылдары «Жедел» ЖШС бас директорының кеңесшісі, бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары, қаржы директоры, 2021-2022 жылдары «Ақша өндіріп алу ұлттық қызметі» коллекторлық агенттігі» ЖШС Өтініштермен және мемлекеттік органдармен жұмыс департаментінің директоры, 2022-2024 жылдары «Қазақстанның ұлттық коллекторлар палатасысы» ЗТБ төрайымы болды.
Қазіргі қызметінде 2024 жылдың желтоқсанынан бері.
40 жыл бұрын (1985) Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Арман Әділханұлы ЖҮДЕБАЕВ дүниеге келді.
Алматы облысы Қапшағай қаласында туған. Ахмет Жұбанов атындағы дарындағы балаларға арналған музыкалық орта мектеп интернатының түлегі. 2004 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының халық музыка факультетінің домбыра мамандығы бойынша және 2005 жылы қосымша дирижерлау мамандықтарына оқуға түсіп, үздік бітірген. 2009 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының магистратура ғылыми-педагогикалық бағытында 6М040500-дирижерлеу мамандығы бойынша конкурс негізінде мемлекеттік грантқа ие болып, 2011 жылы Өнертану магистрі академиялық дәрежесін алады.
2009-2013 жылдары аталмыш оқу орнында оқытушы қызметімен қатар, студенттік ұлт аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері қызметін атқарады. 2013-2018 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің бас дирижері қызметін атқарған. 2017-2018 жылдары Дина Нұрпейісова атындағы Атырау облыстық қазақ академиялық халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, 2018-2023 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры, 2023 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы, 2023 жылы ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі, 2023-2024 жылдары ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі лауазымын атқарды.
Қазіргі қызметін 2024 жылдың қаңтар айынан бері атқарып келеді.
92 жыл бұрын (1933-2011) қазақстандық қылмыстық құқық және криминология ғылымының негізін қалаушылардың бірі, Қазақстан криминологиялық қауымдастығының құрметті профессоры Елеген Ізтілеуұлы ҚАЙЫРЖАНОВ дүниеге келді.
Атырау облысында туған. Алматы заң институтын бітірген.
Еңбек жолын Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде тергеуші болып бастаған. 1964-1973 жылдары ҚазКСР Ғылым академиясы Философия және құқық институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, 1973-1987 жылдары КСРО Ішкі істер министрлігі Қарағанды, Омбы жоғары милиция мектептерінің зертхана, кафедра бастығы, 1987-1995 жылдары Қазақ мемлекеттік университеті криминалистика кафедрасының, қылмыстық құқық кафедрасының меңгерушісі, заң факультетінің деканы, 1995 жылы «Қайнар» университетінің бірінші вице-президенті болды.
Негізгі ғылыми еңбектері криминалистикаға арналған. 200-ден астам ғылыми еңбегі бар.