17 маусым. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 17 маусым күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Фото: Kazinform

ЕСІМДЕР

57 жыл бұрын (1969) Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Сәния Николаевна СМАЙЫЛОВА дүниеге келді.

Фото: СҚО әкімдігі

Солтүстік Қазақстан облысы Ұзынкөл ауылында туған. С. М. Киров атындағы Омбы ауыл шаруашылығы институтын «Жерге орналастырушы» (1991), Көкшетау гуманитарлық-экономикалық университетін «Қаржы және несие» (2001) мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1991-1997 жылдары Возвышен аудандық қаржы бөлімінің бюджет жөніндегі аға маманы, іс-шараларды қаржыландыру жөніндегі бас маманы, 1997-1998 жылдары Булаев аудандық қаржы бөлімінің бюджеттік үстелінің бас маманы, 1998-2013 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы қаржы басқармасының білім беру ұйымдарын қаржыландыру бөлімінің жетекші маманы, бас маманы, басшысы қызметін атқарған. 2013-2015 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы білім басқармасының экономика және қаржы бөлімі басшысының орынбасары, 2015-2024 жылдары Петропавл қаласы әкімінің экономика, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария жөніндегі орынбасары лауазымын атқарды.

Қазіргі қызметін 2024 жылдың қарашасынан бері атқарып келеді.

«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» (2016), «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» (2021) мерейтойлық медальдарымен марапатталған.

48 жыл бұрын (1978) Ақтөбе облысы мәслихатының VIII шақырылым депутаты Естай Ибрагимұлы СИСЕНБАЕВ дүниеге келді.

Фото: Gov.kz

Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы Қарауылкелді ауылында туған. 1997-2002 жылдары Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде оқып, «Қаржы және несие» мамандығын алды.

Еңбек жолы: 1997-2003 жылдары «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ жанындағы «Ақтөбэнергонефть» басқармасының қазандық жабдықтары бойынша слесары, су сорғыларына арналған машинаның жүргізушісі болып жұмыс істеді. 2003-2006 жылдары «АСБИ» ЖШС жабдықтау бөлімінің қызметкері, бөлім басшысы, 2006-2009 жылдары «Спектр-продукт» ЖШС, «Бас Сардар» ЖШС бас директоры, 2009 жылы «СтройгазСервис — Ақтөбе» компаниясының басшысы қызметін атқарды. «BazisGroup KZ» ЖШС құрылтайшысы.

Әр жылдары Мемлекет басшысы, ҚР министрлері және облыс әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталған. 2017 жылы Мәртөк ауданының «Жыл адамы» атанды. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мерекелік медальмен және 2022 жылы «AMANAT» партиясының «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталған.

40 жыл бұрын (1986) «ҚазСтандарт» РМК бас директорының орынбасары Нұрбек Ермекұлы ХАБИЕВ дүниеге келді.

Фото: ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті

Ақмола облысы Бурабай ауданында туған. 2008 жылы Ш. Уәлиханов атындағы КМУ «Стандарттау, метрология және сертификаттау» мамандығы бойынша (бакалавриат) бітірген. 2017 жылы Гуманитарлық-техникалық академияда «Экономика» мамандығы бойынша магистр дәрежесін алды. 2020 жылы «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша К. А. Тимирязев атындағы РМАУ-МАША магистратурасын (Мәскеу қ., РФ) «Стандарттау және метрология» мамандығы бойынша үздік бітірді.

Еңбек жолын 2008 жылдың қыркүйегінде ҚР ДСМ СЭҚК Ақмола облыстық санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығында бастады, онда метрология, стандарттау және вакциналармен қамтамасыз ету бөлімінің лаборанты, кейіннен инженер-метролог болып жұмыс істеді. 2011 жылы осы орталықтың метрология және стандарттау бөлімін басқарды. 2012-2013 жылдары «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» АҚ Ақмола филиалында салыстырып тексеру
және метрологиялық өлшемдер бөлімінің маманы (салыстырып тексеруші) лауазымында еңбек етті.

2013 жылдың аяғынан бастап ҚР АШМ ВБжК Республикалық ветеринариялық зертханасына ауысып, онда метрология қызметінің бас менеджерінен бастап
бас сарапшы-менеджерге, содан кейін метрологиялық қызметтің басшысына дейінгі еңбек жолынан өтті. Ұйымда 2013-2022 жылға дейін барлығы 9 жылға жуық еңбек етті. 2022-2025 жылдары Техникалық реттеу және метрология комитетінің Ақмола облысы бойынша мемлекеттік бақылау және қадағалау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы — Департамент басшысы лауазымын атқарды.

Қазіргі лауазымына 2025 жылдың қыркүйегінде тағайындалды.

38 жыл бұрын (1989) қазақстандық футболшы, «Жетісу» клубының капитаны, Қазақстан құрамасының мүшесі Серікжан МҰЖЫҚОВ дүниеге келді.

Фото: kazfootball.kz

Семей облысында туған.

Еңбек жолы: «Көксу» және «Жетісу-2» аттарымен белгілі талдықорғандық «Жетісу» клубының екінші командасы үшін Бірінші лигас ойыншысы; «Жетісудың» негізгі және қосалқы құрамының ойыншысы. Ол Еуропа лигасында «Жетісу» сапында гол соққан жалғыз футболшы (2008). Гол «Леха» қақпасына соғылды (06.2012). 2014 жылы елордалық «Астана» клубына ауысты, 2015 жылы «Қайсар» құрамында ойнады, содан кейін «Астанаға» оралды. Оның құрамында Мұжықов Қазақстанның алты дүркін чемпионы атанды. Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық кезеңінде де өнер көрсетті. 2020-2023 жылдары қостанайлық «Тобыл» клубының құрамында ойнады.

33 жыл бұрын (1983) ҚР мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің көркемдік жетекшісі Қуанышбек Серікұлы ТӨЛЕГЕН дүниеге келді.

Фото: ansamblsaltanat.kz

Қызылорда облысы Шиелі ауданында туған.

2002-2007 жылдары Қызылорда облысы, Шиелі ауданындағы музыка мектебінде «Хореография» сыныбында оқыды. 2012 жылы Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжін «Хореографиялық өнер», «Би ансамблінің әртісі» мамандығын, 2017 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Хореография» факультетінің «Режиссер» мамандығын бітірді.

2009 жылы «Шабыт» халықаралық байқауының II дәрежелі лауреаты. 2013 жылы «Трио де фестиваль» жас халық бишілері арасындағы халықаралық би байқауының гран-при иегері (Польша). 2015 жылы ҚР Тұңғыш Президентінің Қоры стипендиясының иегері. 2012 жылы `Turksoy` халықаралық фестивалінің I дәрежелі лауреаты (Түркия) атанды.

2015, 2019, 2022 жылдары ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің атынан Құрмет грамотасымен марапатталды.

27 жыл бұрын (1999) қазақстандық кәсіпқой теннисші, 2022 жылы Уимблдондонда жеңіске жетіп, Үлкен дулыға турнирлерінің бірін бағындыра алған Елена Андреевна РЫБАКИНА дүниеге келді.

Фото: Дирекция развития спорта РК

Мәскеуде туған. Спорттық гимнастика, мәнерлеп сырғанау, тенниспен айналысты.

2013 жылы қараша айында Всеволожскіде өткен жасөспірімдер тунниріне қатысты. Квалификациядан өтті де, бірінші айналымда Вера Лапкоға есе жііберді.

2014 жылдың наурызында ол Альметьевскідегі турнирде жеңімпаз болды; мамырда ол Түркияда жасөспірімдер арасындағы екі турнирде тұсаукере кездесулерін өткізді (Enka ITF Junior Cup, Nazmi Bari Cup 2014), ал маусым айында Мәскеуде өткен Озеров кубогында ол финалда Блинковадан ғана ұтылды — 1:6, 2:6. Қараша айында Новокузнецк қаласында өткен Siberian Open турнирінде ол жекелей жеңімпаз және жұптық финалист болды.

2015 жылы Озеров кубогында Рыбакина алтын алқадан дубль жасап, жекелей де, жұптық та сында жеңіске жетті. Сол жылдың қыркүйегінде ол Grand Slam турнирінде дебют жасады; жекелей сында екі жеңіске жетті, үшінші кездесуде венгриялық Фанни Соллардан ұтылды.

2016 жылдың ақпанында ол Қазанда Ельцин кубогында, наурызда — Хорватияда өткен турнирде, қыркүйекте Канаданың жасөспірімдер арасындағы ашық чемпионатында жұптық ойындарда жеңімпаз атанды.

2018 жылдан бастап Қазақстан атынан сынға түсіп жүр. 2019 жылдың шілдесінде Рыбакина теннистен Бухарест ашық чемпионатына қатысты, онда ол WTA бойынша бірінші титулын жеңіп алды. Финалда румындық Патрисия Мария Цигпен кездесті, турнирдің қожайыны матчта тек екі ойынға қатыса алды. Қорытынды есеп 6:2, 6:0. Елена бүкіл турнирде бірде-бір ұтылған жоқ. АҚШ ашық чемпионатында бірінші айналымда чехиялық Каролина Муховадан екі сетте ұтылды.

2020 жылдың күнтізбесінің басында Елена Рыбакина Шэньчжэньдегі турнирде ресейлік Екатерина Александровадан екі сетте жеңілді.

2020 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарына қатысып, төртінші орын алды, жүлдеге іліне алмады.

2022 жылы әйелдер арасындағы Уимблдон жарысының жеңімпазы атанды. Финалда ол үш сетте әлемнің екінші ракеткасы Онс Жаберді жеңді.

2023 жылдың көктемінде WTA 1000 өткізген екі сайыста жеңіске жетіп, әлемдік рейтингте 4-ші орынға көтерілді.

Маусым айында Елена Рыбакина ресми түрде әлемнің 3-ші ракеткасы атанды.

2024 жылдың ақпанында ол WTA 500 аясында Әбу-Даби турнирінің финалында ресейлік Дарья Касаткинаны жеңді.

89 жыл бұрын (1937-2017) қазақ жазушысы, журналист, қоғам және мемлекет қайраткері Арғынбай БЕКБОСЫН дүниеге келді.

Фото: egemen.kz

Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы Қарасу ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

Әр жылдары Алматы Жоғары партия мектебінде, СОКП Орталық комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясында, АҚШ-тың Колорадо университетінде білімін жетілдірген.

Жамбыл облыстық радиосының тілшісі, Қазақ радиосының Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарындағы меншікті тілшісі, Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінде бөлім меңгерушісі, Жамбыл аудандық «Шұғыла» газетінің редакторы, Жамбыл облыстық Партия комитетінің бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі нұсқаушысы болған.

1985-1994 жылдары Жамбыл облыстық «Ақ жол», «Еңбек туы» газетінің редакторы болып жұмыс істеді. 1994 жылғы наурызда ҚР Жоғарғы Кеңесінің, 1995 жылғы желтоқсанда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Онда Халықаралық істер, Қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік комитетінде мүше бола жүріп, бірталай аса маңызды заң жобалары бойынша жұмыс тобын басқарды. Депутаттық қызметімен қос, а ҚР Президенті жанындағы Жоғарғы Тәртіптік Кеңестің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі міндеттерін атқарды. 1999-2003 жылдары ҚР Парламенті Сенатының бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс бөлімінің меңгерушісі болып қызмет еткен.

«Ауылым — әнім менің» (1975, «Қайнар»), «Жетіқарақшысы жоқ аспан» (1991, «Қазақстан»), «Ке- меңгермен кездесу» (1994, «Ме- рей»), «Хауа ананың аманаты» (1995, «Қайнар»), «Қылкөпір» (1999, «Өнер») кітаптары жарық көрген. «Омар һаям рубаяттарын» қазақшалаған, «Мың түрлі ой» атты төрттағандар жинағы (2001, «Елорда»), «Фәниллік драма» жинағы шыққан. Шығыс жұлдыздарының шығармалары топтастырылған «Омар Һаям жұлдыздар шоғырында» атты аударма кітабы жарық көрген (2009). Пушкин, Лермонтов, Есенин, Бунин шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған. Жан-Батист Мольердің «Еріксіз емші» комедиясын аударған, ол Жамбыл облыстық драма театрында сахналанған.

«Нюрнбергтен бұрын» атты тарихи-қаһармандық драмасы «Соңғы сезім» деген атпен Қазақтың М.О.Әуезов атындағы академиялық драма театрында (1995-1999), Жамбыл облыстық драма театрында қойылды. «Өткелдегі шайқас» атты пьесасы да сахналанды.

61 жыл бұрын (1965-2023) қазақстандық актер, сатирашы, сцерийші Асқар Әбдіғалымұлы НАЙМАНТАЕВ дүниеге келді.

Фото: facebook.com/erlan.ryskali.7

Алматы облысының Нарынқол ауылында туған. Алматы театр және кино институтын бітірген. Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының режиссер мамандығы бойынша магистрі.

М.Әуезов атындағы Академиялық театрда актер болып жұмыс істеді. Ол көптеген сценарий жазып, үлкен шоу-бағдарламалар, тележобалар, концерттердің режиссері болды.

«Айналайын», «Домашние войны», «Қымызхана» сериалдарының сценарийшілер тобында қызмет етті. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері. 2023 жылдың 2 желтоқсанында қайтыс болды.