17 маусым. Тұлғалар туған күн

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 17 маусымда тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

86 жыл бұрын (1937-2017) қазақ жазушысы, журналист, қоғам және мемлекет қайраткері Арғынбай БЕКБОСЫН дүниеге келді.

Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы Қарасу ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

Әр жылдары Алматы Жоғары партия мектебінде, СОКП Орталық комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясында, АҚШ-тың Колорадо университетінде білімін жетілдірген.

Жамбыл облыстық радиосының тілшісі, Қазақ радиосының Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарындағы меншікті тілшісі, Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінде бөлім меңгерушісі, Жамбыл аудандық «Шұғыла» газетінің редакторы, Жамбыл облыстық Партия комитетінің бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі нұсқаушысы болған.

1985-1994 жылдары Жамбыл облыстық «Ақ жол», «Еңбек туы» газетінің редакторы болып жұмыс істеді. 1994 жылғы наурызда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің, 1995 жылғы желтоқсанда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Онда Халықаралық істер, Қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік комитетінде мүше бола жүріп, бірталай аса маңызды заң жобалары бойынша жұмыс тобын басқарды. Депутаттық қызметімен қос,а ҚР Президенті жанындағы Жоғарғы Тәртіптік Кеңестің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі міндеттерін атқарды. 1999-2003 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс бөлімінің меңгерушісі болып қызмет еткен.

«Ауылым – әнім менің» (1975, «Қайнар»), «Жетіқарақшысы жоқ аспан» (1991, «Қазақстан»), «Ке- меңгермен кездесу» (1994, «Ме- рей»), «Хауа ананың аманаты» (1995, «Қайнар»), «Қылкөпір» (1999, «Өнер») кітаптары жарық көрген. «Омар һаям рубаяттарын» қазақшалаған, «Мың түрлі ой» атты төрттағандар жинағы (2001, «Елорда»), «Фәниллік драма» жинағы шыққан. Шығыс жұлдыздарының шығармалары топтастырылған «Омар Һаям жұлдыздар шоғырында» атты аударма кітабы жарық көрген (2009). Пушкин, Лермонтов, Есенин, Бунин шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған. Жан-Батист Мольердің «Еріксіз емші» комедиясын аударған, ол Жамбыл облыстық драма театрында сахналанған.

«Нюрнбергтен бұрын» атты тарихи-қаһармандық драмасы «Соңғы сезім» деген атпен Қазақтың М.О.Әуезов атындағы академиялық драма театрында (1995-1999), Жамбыл облыстық драма театрында қойылды. «Өткелдегі шайқас» атты пьесасы да сахналанды.

65 жыл бұрын (1958) Қазақстанның мемлекет және саяси қайраткері Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ дүниеге келді.

Қызылорда облысында туған. 1986 жылы С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «тарихшы» мамандығы бойынша, 1999 жылы Мәскеу бизнес және ақпараттық технологиялар халықаралық университетін «экономист» мамандығы бойынша және 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын «заңгер» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1986-1998 жылдары – Қызылорда педагогикалық институты саясаттану және әлеуметтану кафедрасының тарих пәнінінің оқытушысы, аға оқытушысы, меңгерушісі. 1994-1998 жылдары – Қызылорда мемлекеттік университеті тарих және құқық факультетінің деканы. 1998-2001 жылдары – Қазақ Мемлекеттік Заң университетің Қызылорда филиалының директоры. 2001-2002 жылдары – Қазақ Мемлекеттік Заң университетің өңірлік оқыту жөніндегі проректоры. 2002-2008 жылдары – Қызылорда гуманитарлық-заң колледжінің директоры, Қазақ мемлекеттік заң университетінің Қызылорда филиалының директоры. 2008-2011 жылдары – Қызылорда облысы әкімінің орынбасары. 2011-2017 жылдары – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі. 2017-2022 жылдары – Қызылорда облысынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болды.

«Парасат», «Құрмет» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл» медальдарымен, «Білім беру ісінің үздігі», «Ы. Алтынсарин» төсбелгілерімен марапатталған.