1,7 млрд текше метр су үнемделеді: Қазақстан су ресурсын қалай сақтап қалмақ

АСТАНА. KAZINFORM – Алдағы бес жылда Қазақстан өнеркәсібі шамамен 1,7 млрд текше метр су үнемдеуге тиіс. Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, бұған қайта пайдаланылатын су үлесін арттыру арқылы қол жеткізіледі. Су үнемдеу үдерісі егістікте, каналдарда, су қоймаларында да жүріп жатыр. Kazinform тілшісі осы жұмыстардың қазіргі жай-күйін зерттеп көрді.

Фото: pexels.com

Зауыттар суды қайта пайдаланады

Су ресурстары және ирригация министрлігі өкілінің айтуынша, алдағы бес жылда өндіріс орындары айналымды және қайта пайдаланылатын су жүйелерін кеңейту қажет.

– Алдағы бес жылда барлық өнеркәсіп саласында айналымды және қайта пайдаланылатын судың көлемін арттыру қажет. Қазір оның үлесі 13,3% болса, 2031 жылға қарай бұл көрсеткішті 28%-ға жеткізу көзделіп отыр. Бұл шамамен 1,7 млрд текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік береді. Үнемделген су жаңа ашылған кәсіпорындарға немесе өндірістік қуатын арттыратын нысандарға бағытталуы мүмкін, – деді Су ресурстары және ирригация министрлігі департаментінің директоры Ербол Салихбаев.

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі

Бұл талап жаңа Су кодексіне енгізілген. Кодекс бойынша өнеркәсіптік кәсіпорындар мен жылу өндіретін ұйымдар суды қайта пайдалануға кезең-кезеңімен көшу үшін бес жылдық жоспар жасалмақ. Жоспар орындалмаса, рұқсат етілген су пайдалану көлемі қысқартылуы мүмкін.

Негізгі саланың су шығыны азайтылмақ

Қазақстандағы жалпы су тұтынудың шамамен 60%-ы ауыл шаруашылығына тиесілі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша су үнемдеу технологиясы қолданылатын егістік 543,5 мың гектарға жетіп, шамамен 874 млн текше метр су үнемделген. 2026 жылдың басынан бері тағы 158,8 мың гектарға технология енгізілді.

– 1 қыркүйектегі жағдай бойынша аумақ 702,3 мың гектарға жетті. 2030 жылға қарай оны 1,3 млн гектарға жеткізу жоспарланған. Осы межеге жетсе, жыл сайын 2,2 млрд текше метрге дейін су үнемделуі мүмкін, – делінген баспасөз хабарламасында.

Қаржылай қолдау да көбейген. 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджетте бұл бағытқа 228 млрд теңгеден астам қаражат көзделген, ал 2023–2025 жылдары бұл сома 55,5 млрд теңге болған. Шаруалардың шығынын өтеу үлесі 80%-ға дейін жеткізілді.

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су егістікке каналмен барады, ал суару жүйесінің едәуір бөлігі ондаған жыл бұрын салынған. Ұзақ мерзімді жоспарда 14,5 мың шақырым каналды жаңғырту көзделген. 2024–2025 жылдары 1 458 шақырымның реконструкциясы аяқталды, биыл жалпы ұзындығы 4,6 мың шақырым каналды жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. Каналдарды механикалық тазалау да артқан, 2023 жылы 678 шақырым болса, 2025 жылы 1 840 шақырым тазаланды.

Орталық Қазақстан мен Астана үшін маңызды Қаныш Сәтбаев атындағы каналды жаңғырту 2025 жылы басталған. Оңтүстікте Үлкен Алматы каналына арналған жоба үш кезеңнен тұрады, 33,3 мың гектар жерді сумен қамтиды. Қазір оны пысықтау жүріп жатыр.

Су мөлшері алдын ала есептеледі

Су саласын дамытудың жоспарында 42 жаңа су қоймасын салу және қолданыстағы 37 су қоймасын реконструкциялау көзделген. 2024–2025 жылдары бес су қоймасының реконструкциясы аяқталған, ал Жамбыл, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында үш жаңа су қоймасын салуға конкурс өтіп жатыр.

Министрліктің айтуынша, су қоймаларын салу, каналдарды автоматтандыру және су үнемдеу технологиялары 2030 жылға қарай шамамен 10 млрд текше метр суды үнемдеуге және қосымша жинақтауға мүмкіндік береді.

Суды басқару үшін алдағы көлемді де білу керек. Сол үшін БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесіп, неміс TALSIM-NG бағдарламасы Қазақстанның жағдайына бейімделіп жатыр.

Ол қардың еруін, өзен ағынын, су қоймасына келетін көлемді және су тасқыны мен тапшылықтың ықтимал сценарийін есептейді.

Қазір модельдер сегіз ірі өзен алабын қамтиды және Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі әзірлеген Tasqyn жүйесімен байланыстырылған Биыл су ресурстарын кешенді басқарудың Бас жоспарына негіз болатын сегіз бассейндік жоспарды әзірлеу аяқталуға тиіс.

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су есебі цифрлық жүйеге көшіп жатыр

Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесінде 23 мыңнан астам су нысаны цифрландырылған, атап айтқанда 17 758 өзен, 3 148 көл және 1 209 гидротехникалық құрылыс кіреді. Жүйеге шамамен 3 мың ұйым мен 5 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген. Оңтүстік өңірлерде ұзындығы 857 шақырым болатын 103 суару каналын және 65 мың гектар суармалы жерді автоматтандыру басталды.

Жер астындағы суға да көңіл бөлініп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен министрлік жанынан Ұлттық гидрогеологиялық қызмет құрылды. Қор және мұрағат материалдарының негізінде 2 772 бұлақтың картасы жасалып, 711 әлеуетті бұлақ анықталды. Жамбыл облысында 585 бұлақтың орны белгілі болды. Қазір 2027–2040 жылдарға арналған жерасты суын кешенді пайдалану және басқару тұжырымдамасы әзірленіп жатыр.

Елімізде су үнемдеу енді бір ғана салаға жүктелген міндет емес. Зауытта су қайта айналымға түссе, ауыл шаруашылығында су үнемделеді, ал каналдағы шығын қысқарса, бір су бірнеше салада кәдеге жарайды. Су қоймалары мен цифрлық жүйелер осы үдерісті толықтырады.

Бұл жұмыстың мәні де осында. Су көлемін көбейту әрдайым мүмкін емес, сондықтан бар ресурсты ұқыпты пайдалану маңыздырақ бола түсті.

Айта кетейік, бұған дейін, су үнемдеу технологияларын қолданбайтын аграршылар субсидиядан қағылатынын жазған едік.