17 млрд теңге көлеміндегі заң бұзу: Туризм және спорт министрлігі түсініктеме берді
АСТАНА. KAZINFORM – Туризм және спорт министрлігі Жоғары аудиторлық палата жүргізген тексеріс қорытындыларына байланысты ведомствоға қарасты ұйымдардың қызметіндегі анықталған заң бұзу жөнінде түсініктеме берді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Еске салайық, бұған дейін Жоғары аудиторлық палата спортшыларды тәрбиелеу мен даярлауға бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне қатысты мемлекеттік аудит жүргізіп, оның нәтижелерін жариялаған болатын.
Аудит қорытындысы бойынша жалпы сомасы шамамен 17 млрд теңге болатын бұзушылықтар анықталған. Оның ішінде:
Қаржылық бұзушылықтар — 348 млн теңге;
Тиімсіз жоспарлау — 2,8 млрд теңге;
Қаражатты тиімсіз пайдалану — 13,7 млрд теңге.
Туризм және спорт министрлігі Жоғары аудиторлық палата аудиті жоспарлы түрде және толық өзара іс-қимылмен жүргізілгенін мәлімдеді. Барлық қажетті материал уақтылы ұсынылған. Тексеру барысында анықталған кейбір ескертулер жойылған.
— Аудит 2021 жылғы қыркүйектен 2024 жылғы желтоқсанға дейінгі кезеңді қамтыды. Жарияланған деректер қазіргі уақытта қаралып жатқан немесе іске асып жатқан реформаларға байланысты мәселелерге қатысты, — деді ведомствоның баспасөз хатшысы Балым Адамиденова.
Оның айтуынша, ЖАП көрсеткен олқылықтардың басым бөлігі министрлікке қарасты бір ұйымның қызметіне байланысты.
— Мұндай тәуекелдер бойынша тергеу 2023 жылдан бері жалғасып келеді. Министрлік құзырлы органдармен өзара әрекеттесіп жатыр, және тексерулердің нәтижелері бойынша толық құқықтық баға беріледі, — деп хабарлады баспасөз хатшысы.
Сонымен қатар, министрлік есепте көрсетілген заң бұзудың жалпы салалық деңгейдегі жоспарлау, бақылау және шығындардың тиімділігін бағалаудағы жүйелі мәселелермен байланысты екенін атап өтті.
— 2025 жылғы 16 маусымда қабылданған «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға енгізілген өзгерістер мұндай тәуекелдерді жоюға бағытталған. Бұдан бөлек, ЖАП-пен бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілді. Ол басқарушылық және нормативтік шараларды қамтиды, — деп толықтырды Балым Адамиденова.