17 наурыз. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 17 наурыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
ЕСІМДЕР
50 жыл бұрын (1976) мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Берік Сейітжанұлы КӘРІМ дүниеге келді.
Шымкент қаласында туған. Қарағандыдағы ІІМ-нің жоғарғы мектебін бітірген.
Еңбек жолын 1997 жылдан құқық қорғау органдарында тергеу саласында бастаған. Сот жүйесіндегі қызметін 2007 жылы Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотының судьясы болып бастаған. 2013-2018 жылдары Төлеби аудандық сотының төрағасы, 2018-2024 жылдары Шымкент гарнизоны әскери сотының төрағасы болды.
Қазіргі қызметін 2024 жылдың сәуір айынан бері атқарып келеді.
36 жыл бұрын (1990) қазақстандық дирижер, домбырашы, күйші, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Абылай Жанболатұлы ТІЛЕПБЕРГЕНОВ дүниеге келді.
Маңғыстау облысының Ақтау қаласында туған. 2010 жылы Маңғыстау өнер колледжінің халық аспаптар бөлімін, 2014 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын, 2016 жылы сол оқу орнында магистратураны бітірді.
Домбыра номинациясы бойынша республикалық және халықаралық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы, консерваторияның мәдени іс-шараларының белсенді қатысушысы, концерттік топпен Қазақстанды және алыс шетелдерге: Германия, Франция, Чехословакия, Иордания, Біріккен Араб Әмірліктері және ТМД елдеріне саяхаттаған. Абылай Тілепбергеннің репертуарында халық және қазіргі заман композиторлары Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Сүгір, Тәттімбет, Тілендиев, Ахмедияров және басқа да көптеген орыс және шетел классиктерінің шығармалары бар.
Қазіргі қызметін 2018 жылдың қазан айынан бері атқарып келеді.
105 жыл бұрын (1921-2011) қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби кинорежиссер әйел, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері Дариға Байжұманқызы ТІНӘЛИНА дүниеге келген.
Ақмола облысы Вишневка ауданында (қазіргі Аршалы ауданы) туған. Алматы театр училищесін, Бүкілодақтық мемлекетік кинематографистер институтының режиссерлік факультетін бітірген.
Еңбек жолын актерліктен бастаған ол «Ақ роза», «Абай әндері», «Жамбыл», «Романтиктер», «Үкімет мүшесі», «Алып туралы ән» көркем фильмдеріндегі эпизодтарда ойнады. 1953 жылдан бастап режиссер ретінде жұмыс істеп, «Қазақстан кеңістігінде» атты ғылыми-танымдық фильмді түсірді.
1954-1958 жылдары «Мосфильм» студиясының режиссері болып, «Салтанат», «Илья Муромец», «Ерекше тапсырма», «Алыстағы тауда» атты көркем фильмдердің түсірілуіне қатысты.
1964 жылдан «Қазақфильм» студиясының режиссёрі ретінде «Қорытпа», «Әзіл-шыны аралас», «Ғасырлар пернесі», т. б. көркем және хроникалық-деректі фильмдердің қойылуына ұйытқы болды.
2009 жылы «Экран шебері» атағына ие болды. «Черно-белое кино» атты монографиялық кітаптың авторы.
88 жыл бұрын (1938-2011) филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Мырзатай Серғалиұлы СЕРҒАЛИЕВ дүниеге келген.
Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.
1987-1992 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының кіші ғылыми қызметкері, Қазақ мемлекеттік университеті филология кафедрасының аға оқытушысы, меңгерушісі, филология факультетінің деканы болған.
Мерзімді және әдеби баспасөз беттерінде, сондай-ақ «Уақыт және қаламгер», «Сөзстан», «Сөз өнері», «Жазушы және сөз мәдениеті», «М.Әуезовтің қазақ тілін дамытудағы рөлі», «Мұхтар мұрасы», «С.Мұқановтың әдеби-мәдени мұрасы және қазіргі заман. II том», т. б. ұжымдық жинақтарда қазіргі әдеби процеске, көркем әдеби тілге қатысты мақалалары мен баяндамалары жарық көрген.
Көркем аударма саласында Я.Камалдың, К.Вирхтың, М.Зәрәбтың, К.Дугалдың, Б.Балаждың, Ә.Қадыровтың, В.Кожевниковтың, В.Лацистың әңгімелерін қазақ тіліне аударған.