17 наурыз. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 17 наурыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Фото: Kazinform

ЕСІМДЕР

54 жыл бұрын (1970) Целиноград ауданы әкімінің орынбасары Ерік Қуантайұлы ЖИЕНБЕКОВ дүниеге келді.

Фото: Целиноград ауданының әкімдігі

Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы Карл Маркс атындағы ауылда туған.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Экономист» және «Құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1992 жылы Жезқазған облысы бойынша Мемлекеттік салық инспекторы қызметінен бастады. 1998 жылға дейін Жезқазған облысының салық жүйесінде түрлі лауазымдарда жұмыс істеді.1998 жылдан бастап Қарағанды облысы Жезқазған қаласы бойынша Салық комитетінің төрағасы қызметін атқарды.

Әр жылдары Қарағанды және Маңғыстау облыстары бойынша Салық комитетінде (департаментінде) басшылық қызметтер атқарды.

2009-2010 жылдары Қарағанды облысы Саран қаласының әкімі қызметін атқарды.

2015-2017 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігі тұтынушылардың құқықтарын қорғау Комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК ішкі аудит қызметінің басшысы қызметін атқарды.

Қазіргі қызметін 2023 жылғы 1 ақпаннан бастап атқарып келеді.

53 жыл бұрын (1971) Қазақстан Республикасы Қарулы күштері жоғары қолбасшылығының өкілі, генерал-майор Нұрлан Мұсақанұлы ҚАШАҒАНОВ дүниеге келген.

Жамбыл облысының Михайловка ауылында дүниеге келді 1993 жылы Алматы қаласының Жоғары жалпы әскери командалық училищені тәмамдады.

2001 жылы ҚР ҚК Әскери академиясын тәмамдады. 2011 жылы Беларусь Республикасы Әскери академиясының Бас штаб факультетін тәмамдады.

Офицерлік қызметін Республикалық ұланда взвод командирі ретінде бастады.1993-1999 жылдары Республикалық ұланда түрлі офицерлік лауазымдарда қызмет етті.

1999-2001 жылдары ҚР Қарулы Күштерінің Әскери академиясының тыңдаушысы, 2001-2003 жылдары ҚР Республикалық ұлан полк командирінің орынбасары, 2003-2004 жылдары ҚР ҚМ ШБК Жедел жоспарлау департаментінің аға офицері, 2004-2005 жылдары мотоатқыш дивизиясы мотоатқыш полкының командирі — штаб бастығы, 2005 жылы мотоатқыш дивизиясы мотоатқыш полкының командирі, 2005-2009 жылдары механикаландырылған бригада командирі, 2009-2011 жылдары Беларусь Республикасы Әскери академиясы БШ факультетінің тыңдаушысы, 2011-2013 жылдары мотоатқыш бригадасының командирі, 2013 жылы Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары — Аэроұтқыр әскерлері штабының бастығы, 2013-2016 жылдары «Астана» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары — өңірлік қолбасшылық әскерлер қолбасшысы басқармасы штабының бастығы болып қызмет атқарған. 2016-2019 жылдары «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, 2019-2021 жылдары Қарулы күштер бас штабының жауынгерлік әзірлік департаментінің бастығы қызметінде болған.

III деңгейлі «Айбын» орденімен, мерейтойлық медальдармен және еңбек сіңірген жылдары үшін медальдарымен марапатталды.

103 жыл бұрын (1921-2011) қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби кинорежиссер әйел, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері Дариға Байжұманқызы ТІНӘЛИНА дүниеге келген.

Фото: kino-teatr.ru

Ақмола облысы Вишневка ауданында (қазіргі Аршалы ауданы) туған. Алматы театр училищесін, Бүкілодақтық мемлекетік кинематографистер институтының режиссерлік факультетін бітірген.

Еңбек жолын актерліктен бастаған ол «Ақ роза», «Абай әндері», «Жамбыл», «Романтиктер», «Үкімет мүшесі», «Алып туралы ән» көркем фильмдеріндегі эпизодтарда ойнады. 1953 жылдан бастап режиссер ретінде жұмыс істеп, «Қазақстан кеңістігінде» атты ғылыми-танымдық фильмді түсірді.

1954-1958 жылдары «Мосфильм» студиясының режиссері болып, «Салтанат», «Илья Муромец», «Ерекше тапсырма», «Алыстағы тауда» атты көркем фильмдердің түсірілуіне қатысты.

1964 жылдан «Қазақфильм» студиясының режиссёрі ретінде «Қорытпа», «Әзіл-шыны аралас», «Ғасырлар пернесі», т. б. көркем және хроникалық-деректі фильмдердің қойылуына ұйытқы болды.

2009 жылы «Экран шебері» атағына ие болды. «Черно-белое кино» атты монографиялық кітаптың авторы.

86 жыл бұрын (1938-2011) филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Мырзатай СЕРҒАЛИҰЛЫ СЕРҒАЛИЕВ дүниеге келген.

Фото: adebiportal.kz

Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.

1987-1992 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының кіші ғылыми қызметкері, Қазақ мемлекеттік университеті филология кафедрасының аға оқытушысы, меңгерушісі, филология факультетінің деканы болған.

Мерзімді және әдеби баспасөз беттерінде, сондай-ақ «Уақыт және қаламгер», «Сөзстан», «Сөз өнері», «Жазушы және сөз мәдениеті», «М.Әуезовтің қазақ тілін дамытудағы рөлі», «Мұхтар мұрасы», «С.Мұқановтың әдеби-мәдени мұрасы және қазіргі заман. II том», т. б. ұжымдық жинақтарда қазіргі әдеби процеске, көркем әдеби тілге қатысты мақалалары мен баяндамалары жарық көрген.

Көркем аударма саласында Я.Камалдың, К.Вирхтың, М.Зәрәбтың, К.Дугалдың, Б.Балаждың, Ә.Қадыровтың, В.Кожевниковтың, В.Лацистың әңгімелерін қазақ тіліне аударған.