17 сәуір. Тұлғалар туған күн

Фото: Фото: Kazinform

Бүгін, 17 сәуір күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

65 жыл бұрын (1960) С. Сейфуллин мұражайының директоры, ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Оралбайұлы ӘБСЕМЕТОВ дүниеге келді.

Фото: Wikipedia

Балқаш қаласында туған. С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.

Еңбек жолы: 1983-1984 жылдары Жезқазған облыстық телевизиясының қоғамдық-саяси бағдарламаларының редакторы, 1984-1987 жылдары «Жәйрем шырақтары» газетінің бас редакторы, 1987-1993 жылдары Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, 1993-1999 жылдары Шығыстану институтының ғылыми мұра бөлімінің меңгерушісі, Алаш университетінің проректоры, Қазақ-Америка университетінің (ҚАУ) ғылыми-ақпараттық орталығының директоры, 1999-2006 жылдары ҚР Қаржы академиясы мен Кеден комитетінің оқу орталығының меңгерушісі, «Кеден хабаршысы» республикалық ғылыми-сараптамалық журналының және «Кеден-Густомс» газетінің бас редакторы, 2007-2009 жылдары ҚР Президенті телерадиокешенінің тәуелсіз директоры, Директорлар кеңесінің мүшесі, 2009-2011 жылдары ҚР Ұлттық мұрағаты бас директорының орынбасары, 2011-2016 жылдары ҚР Ұлттық мұрағатының бас директоры, 2016-2017 жылдары ҚР Еуро-Азия географиялық қоғамының төрағасы, 2010 жылы Астана қаласы әкімдігінің қалалық ономастикалық комиссиясының мүшесі болды.

53 жыл бұрын (1972) ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының бастығы, актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, спорттық Оскар сыйлығының иегері (АҚШ, Атлантик-Сити) Арман Тұрсынбайұлы ӘСЕНОВ дүниеге келді.

Фото: Gov.kz

Германияның Веймар қаласында туған. 1994 жылы Қазақ ауыл шаруашылық институтын, 1998 жылы Мәскеудегі С. Эйзенштейн атындағы режиссерлік курсын («кино өндірісі, мәдени және көпшілікке арналған бағдарламалардың ұйымдастырушысы» мамандығы бойынша), 2000 жылы ҚР Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттiк қаржы институтын (қаржы менеджменті) тәмамдаған.

Еңбек жолы: 1995-2000 жылдары Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-да актер, продюсер. 2000-2002 жылдары М.Горький атындағы балалар мен жасөспірімдер фильмдер киностудиясы» директорының орынбасары. 2002-2006 жылдары «Қазкинопрокат» орталығының Бас директоры. 2006-2007 жылдары Алматыдағы Республика сарайы директорының орынбасары. 2007-2010 жылдары «Жастар» сарайының директоры (Астана). 2010-2014 жылдары Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директор, кинопродюсер. 2009-2014 жылдары «Бәйтерек» продюсерлік орталығының бас продюсері. 2014-2015 жылдары Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ бірінші вице-президенті. 2015-2016 жылдары Алғашқы ұлттық «Қазақ Елі» тарихи сериалының бас продюсері. 2017-2019 жылдары «Республика сарайы» ЖШС директоры, кинопродюсер. 2019-2020 жылдары «Қазақфильм» киностудиясының директоры қызметін атқарды.

Қазіргі қызметін 2022 жылдың сәуірінен бері атқарып келеді.

«10 жыл Астана», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл», Бауыржан Момышұлы атындағы медальдармен, I және II дәрежелі «Қайсар» белгілерімен марапатталған.

47 жыл бұрын (1978) ҚР Парламент Мәжілісі Аппараты басшысының орынбасары Жаслан Есенғалиұлы ЖҮГІНІСОВ дүниеге келді.

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін бітірген. Жалпы практикалық дәрігер, кәсіптік жоғары білімді заңгер.

Еңбек жолын 2001 жылы Ақтөбе қаласындағы «Рамазан» ЖШС менеджері болып бастады. 2004-2006 жылдары «Тянь Шань Ақтөбе» ЖШС директоры. 2006-2008 жылдар аралығында Ақтөбе қаласы прокуратурасында прокурор көмекшісі, аға көмекшісі, мемлекеттік органдар қызметінің заңдылығын қадағалау жөніндегі бөлім бастығы қызметтерін атқарды. 2008-2011 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратында депутат көмекшісі, Ақпарат-талдау бөлімінің бас консультанты, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары. 2011-2012 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік мәдени-даму комитетінің қызметін қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі. 2012-2016 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісі Аппараты Басшысының орынбасары. 2016-2017 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының Басшысы. 2017 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында Парламент Мәжілісі Төрағасының кеңесшісі лауазымында болды.

2017 жылдың сәуір айында ҚР Парламенті Мәжілісі Аппараты басшысының орынбасары болып тағайындалды.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталған.

46 жыл бұрын (1979) «Астананы дамыту орталығы» ЖШС Басқарма төрағасы Ринат Олегович АҚБЕРДИН дүниеге келді.

Фото: adc.com.kz

Ақтөбе қаласында туған. Орынбор мемлекеттік университетін «Экономика» мамандығы бойынша, Еуропалық университетте (Швейцария, Женева) халықаралық бизнес саласындағы магистратураны бітірген.

Еңбек жолын 2002 жылы жеке құрылымдарда бастады. ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінде, ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының көмекшісі; ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі Басшысының кеңесшісі; Павлодар облысы әкімінің аппарат басшысының орынбасары; Павлодар қаласы әкімінің аппарат басшысы болып қызмет еткен.

Сонымен қатар, түрлі жылдары «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ басқарушы директоры — Басқарма мүшесі; Басқарушы директор — Басқарма мүшесі; «Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары; «Қазақтелеком» АҚ Басқарушы директоры; «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары, Басқарма төрағасының орынбасары, «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма мүшесі — Даму және сату жөніндегі басқарушы директор лауазымында еңбек етті. 2019 жылы «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы, 2019-2022 жылдары «Біріккен химиялық компания» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары лауазымын атқарған.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың ақпанынан бері атқарып келеді.

97 жыл бұрын (1928-2011) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы, әдебиет зерттеуші ғалым, журналист Жұмағали ЫСМАҒҰЛОВ дүниеге келген.

Фото: Wikipedia

Қостанай облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, КОКП Орталық комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасын бітірген.

1943-1946 жылдары Қостанай облысы Семиозер аудандық газетінің жауапты хатшысы. 1949-1954 жылдары «Қазақстан коммунисі» журналының бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы. 1952-1954 жылдары «Үгітші блокноты» журналының редакторы. 1954-1958 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті үгіт және насихат бөлімінің нұсқаушысы. 1961-1963 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы Қызылорда облысаралық бөлімшесінің жауапты хатшысы. 1963-1965 жылдары Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бөлім меңгерушісі. 1965-1969 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» газеті редакторының орынбасары. 1969-1973 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті жанындағы Партия тарихы институты классиктердің шығармаларын аудару секторының меңгерушісі. 1973-1987 жылдары Қазақ телеграф агенттігі директорының орынбасары (қазіргі «ҚазАқпарат» ХАА), директоры. 1987 жылдан Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары «Маржан мен махаббат», «Адам мейірі» жинақтарына енген. Бальзактың «Үзілген үміттер», Стендальдың «Қызыл мен қара», Ю.Бондаревтің «Жағалау», «Таңдау», В.Анчишкиннің «Арктика аңызы» романдарын, В.Дальдің «Бөкей мен Мәулен», Э.Казакевичтің «Көк дәптер» повестерін қазақ тіліне аударған.

Ж. Ысмағұлов Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Әлеуметтану ғылымдары академиясының академигі болды.

«Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.