17 шілде. ҚазАқпарат күнтізбесі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оқырман назарына 17 шілдеге арналған атаулы күндер, есте қалар оқиғалар күнтізбесі ұсынылады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1998 жылы Қазақстан мен Қырғызстан Республикалары арасындағы мемлекеттік шекараны межелеу туралы меморандумға қол қойылды.

2006 жылы Қазақстанның Ұлттық банкі «Қазақстан петроглифтері» сериясы бойынша «Күйме» деген атаумен коллекциялық күміс шақаны сатылымға шығарды.

Шақаның дизайнында біздің дәуірімізге дейінгі ІІ мыңжылдықтың екінші жартысынан бізге жеткен «Күйме» петроглифінің деталі қолданылған. Номиналы 500 теңгелік шақа 3 мың данамен шығарылған, олардың әрқайсысының бағасы – 3 мың теңге. Бұл монета – «Қазақстан петроглифтері» сериясы бойынша шығарылып отырған жетінші шақа. Оның салмағы – 24 грамм, диаметрі – 37 мм. Сапа сертификатына ие.

2013 жылы Павлодардағы Оқушылар сарайының «Блэйз» эстрадалық би студиясының ұжымы Испанияның Ллорет де Мар қаласында өткен «Теңіз, күн, фестиваль» халықаралық байқауына қатысты. Байқауда Еуропа және Азия елдерінің балалар-жасөспірімдер ұжымдары өнер көрсетті.

«Асау сезім» композициясы мен 6-18 жастағы 47 биші қатысқан «Біз біргеміз!» хореографиялық нөмірі үшін «Блэйз» студиясына екі аталым бойынша бас жүлде табыс етілді.

2016 жылы Қазақстанда жарғылық капиталы 100 пайыз мемлекетке тиесілі «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылды.

2016 жылы Гонконгта өткен математика пәні бойынша олимпиадада павлодарлық Әмір Мұхаммед Әли алтын медальға ие болды.

2019 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Оның қызметінің негізгі мақсаты – қоғам, саяси партиялар, азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен кеңінен талқылау негізінде мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу.

2019 жылы Бейнеу ауданының Тәжен ауылында «Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан Республикасы» бағытындағы республикалық маңызы бар автокөлік жолының ашылу рәсімі өтті. Салтанатты шараға қатысқан Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин автокөлік жолының ашылуымен құттықтап, оның Орталық Азиядағы көлік инфрақұрылымын дамыту, сауда көлемін ұлғайту және транзиттік әлеуетті іске асырудағы маңызын атап өтті.

2020 жылы отандық киноиндустрияны қолдау мен дамытуға бағытталған ортақ күштерді белсендіру мақсатында ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы мен «Қазақфильм» АҚ бірікті.

Енді сала үшін маңызды шешімдер бірге қабылданады, проблемалық мәселелер бойынша ортақ шешім шығарылып отырады, ал жұмыс әр тараптың мүдделері мен ұсына алатын өзара көмегі негізінде жүргізіледі.

2020 жылы Каирде «Абайдың Қазақ халқына өсиеттері» атты араб тіліндегі кітап жарық көрді. Мысырлық ғалым өз еңбегінде қазақтың ұлы ақыны жазған «Қара сөздерінің» мағынасын, олардың философиялық мәнін, ұлттық тәрбие мен дүниетаным, мораль мен құқық мәселелеріне көзқарасын түсіндіруге тырысқан.

Бұл Халед ас-Саид Ғанемнің Абай мұрасына қатысты және жалпы Қазақстан туралы алғашқы кітабы емес. 2014-2017 жылдары ол «Нұр-Мүбарак» Қазақстан-Мысыр ислам мәдениеті университетінде оқытушы болып жұмыс істеді және қазақ халқының тарихы, діні және мәдениеті туралы көптеген ғылыми еңбектер жазды.

2021 жылы Қазақстан Елшілігінде Вьетнам аудармашылары тобының жетекшісі Доан Зан Нгиепке көрнекті қазақ ақыны және ойшылы Абай Құнанбаевтың «Қара сөздері» кітабын вьетнам тіліне аударғаны үшін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатын тапсыру рәсімі өтті.