Атырау облыстық мәслихатының хабарлауынша, депутаттардың жиналысы 17 шілде күні сағат 09:30–да Атырау қаласындағы Абай атындағы оқушылар орталығында өтеді.
Ал Ұлытау облыстық мәслихатының мәліметінше, осы күні сағат 11:00–де Жезқазған қаласындағы Алашахан көшесі, 22 мекенжайында Ұлытау облысының әкімі лауазымына ұсынылған кандидатқа келісім беру үшін мәслихат депутаттарының жиналысы өтеді.
Екі өңірдегі жиын да Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 8 маусымдағы № 912 Жарлығына сәйкес ұйымдастырылады. Осы рәсім аясында облыс әкімі лауазымына ұсынылған кандидаттарға мәслихат депутаттарының келісімі беріледі.
Әзірше Атырау және Ұлытау облыстары әкімдігіне ұсынылған кандидаттардың есімдері ресми жарияланған жоқ.
Айта кетейік, Қазақстан заңнамасына сәйкес облыс әкімдерін Мемлекет басшысы тағайындайды. Алайда оған дейін Президент ұсынған кандидаттың кандидатурасы тиісті өңірдегі облыстық, қалалық және аудандық мәслихат депутаттарының қарауына шығарылады.
Еске салайық, бұған дейін Павлодар облысы әкімінің жаңа орынбасары тағайындалғанын хабарлағанбыз.