ЕСІМДЕР
61 жыл бұрын (1963) ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Жақып Қажманұлы АСАНОВ дүниеге келді.
Қызылорда қаласында туған. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетін бітірген. Заң ғылымдарының кандидаты. Университетті бітіргеннен кейін Қызылорда облыстық адвокаттар алқасында тағылымдамадан өтті. 1985-1986 жылдары Қызылорда облысының прокуратура органдарында облыс прокурорының көмекшісі, аға көмекшісі және облыстық прокуратурада бөлім бастығы қызметтерін атқарды. 1993-1994 жылдары Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Жалпы қадағалау басқармасының аға прокуроры, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Жалпы қадағалау басқармасының Банктер, қаржы-несие қатынастары туралы және тексеру органдарындағы заңнаманың сақталуын қадағалау бөлімінің бастығы. 1994-1996 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Заңдылық, құқықтық тәртіп және сот реформасын қамтамасыз ету бөлімінің консультанты, сектор меңгерушісі. 1996-1997 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Салық полициясы басқармасы бастығының бірінші орынбасары. 1997-2001 жылдары Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының аға көмекшісі - Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау басқармасы бастығының орынбасары, осы Басқарманың бастығы, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Мемлекеттік органдар қызметіндегі заңдылықты қадағалау департаментінің бастығы. 2001-2002 жылдары Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары. 2002-2003 жылдары Павлодар облысының прокуроры. 2003-2005 жылдары Қазақстан Республикасының Әділет вице-министрі. 2005-2007 жылдары «Атамекен» Қазақстан кәсіпкерлері мен жұмыс берушілерінің жалпыұлттық одағы атқарушы директорының орынбасары, «Қазақстан коммуналдық жүйелері» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы. 2006-2007 жылдары - «Ордабасы» корпорациясы» АҚ президенті және директорлар кеңесінің мүшесі. 2007-2011 жылдары IV сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты («Нұр Отан» ХДП партиялық тізімі бойынша). 2012 жылы қаңтар- қыркүйек V сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты («Нұр Отан» ХДП партиялық тізімі бойынша). 2012 - 2016 жылдары ҚР Бас прокурорының орынбасары. Қазақстан Республикасының Бас прокуроры (2016-2017).
Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 2017 жылғы 11 желтоқсандағы № 273-VI ПС қаулысымен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы қызметіне сайланды. Бес жылдық мерзімнің өтуіне орай және басқа қызметке ауысуына байланысты бұл қызметтен босатылды.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 24 қаңтардағы Жарлығымен Парламент Сенатының депутаты болып тағайындалды.
2023 жылғы 26 қаңтардан Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары.
Сыныптық шені - 3-ші дәрежелі мемлекеттік әділет кеңесшісі.
Заң ғылымдарының кандидаты.
«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медальдерімен, «Қазақстан Республикасы прокуратурасының Құрметті қызметкері» омырау белігісімен марапатталған.
49 жыл бұрын (1975) ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Кенжебекұлы ӘБДІҚАЛЫҚОВ дүниеге келді.
Қызылорда қаласында туған. 1996 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда педагогикалық институтын «математика және физика мұғалімі» мамандығы бойынша, 2014 жылы — Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін «ақпараттық жүйелер бакалавры» мамандығы бойынша тәмамдаған.
2005 жылы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Ақпараттық жүйелерге сервистік жүйелік-техникалық қызмет көрсету департаментінің бас маманы болып жұмыс істеді. 2005-2011 жылдары ҚР Орталық сайлау комиссиясының «Инженерлік-техникалық орталығы» РМК директоры орынбасарының міндетін атқарушы, бөлім басшысы. 2011-2014 жылдары Телекоммуникация саласындағы техникалық сүйемелдеу және талдау орталығының зертханалық сынақтар департаментінің директоры болды. 2014 жылы ҚР Байланыс және ақпарат агенттігінің департаменті директорының міндетін атқарушы, директоры қызметін атқарды. 2014-2016 жылдары ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің байланыс және ақпарат саласындағы бақылау басқармасының басшысы қызметін атқарды. 2016 жылы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және БАҚ саласындағы мемлекеттік бақылау комитеті төрағасының орынбасары. 2016-2017 жылдары ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағасының міндетін атқарушы. 2017-2019 жылдары ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары. 2019 жылы Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары болып жұмыс істеді. 2019 жылдан бастап Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
2020 жылдың маусым айынан бастап қазіргі қызметінде.
100 жыл бұрын (1924-2020) филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Рабиға Сәтіғалиқызы СЫЗДЫҚ дүниеге келді.
Ақтөбе облысының Ойыл ауданында туған. Ақтөбе мұғалімдер институтын, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын және аспирантурасын бітірген.
1951-1957 жылдары - Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының аға редакторы, редакция меңгерушісі. 1957-1961 жылдары - Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының кіші ғылыми қызметкері. 1961-1981 жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1981 жылдан Қазақстан Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының бас ғылыми қызметкері, мәдениет және қазақ тілі бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.
Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері қазақ тілі тарихы мен грамматикасы, тіл мәдениеті мәселелеріне арналған. Қазақ жазба әдебиетінің негізін салуда Абай шығармаларының зор маңыз атқарғанын дәлелдеді. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі», «Абай тілінің сөздігі», тағы басқа еңбектерді жазуға қатысты. 15-19 ғасырлардағы қазақ әдеби тілінің тарихын, Қ.Жалайырдың «Жами-ат-тауарих» атты шежіресі тілін, қазақ тіл мәдениетінің мәселелерін зерттеді. Оның «Абай шығармаларының тілі», «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы», «Сөздер сөйлейді», «Сөз сазы», «Қазақ тілі әдістерінің негізгі мәселелері», тағы басқа еңбектері жарық көрді. Р.Сыздықтың 130-дан астам ғылыми еңбегі, оның ішінде 9 монографиясы, оқулығы, оқу құралы бар. Есімі Қазақстан Республикасының Алтын кітабына енгізілген.
«Парасат», «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған. ҚР Мемлекеттік сыйлығының, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты.