АСТАНА. KAZINFORM – Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (АТР) жаңартылған рейтингіні жария етті.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик жекелей сында 43-тен 45-ке түссе, Александр Шевченко 100-ден 97-ге жоғарылады.
17 жасар Әмір Омарханов 922-ден 915-ке көтерілді. Бұл – оның ең үздік көрсеткіші. Осыған дейін Әмір Италиядағы ITF M15 турнирінде, сондай-ақ жасөспірімдер арасында Ролан Гаррос жарысында бақ сынады.
Дмитрий Попко 170-тен 181-ге, Михаил Кукушкин 182-ден 191-ге, Тимофей Скатов 214-тен 215-ке, Денис Евсеев 265-тен 270-ке төмендесе, Бейбіт Жұқаев 246-дан 244-ке ауысты.
Әйелдер арасында WTA рейтингісінде жекелей сында Елена Рыбакина – 11, Юлия Путинцева 27-орнында қалды.
Зарина Дияс 280-нен 275-ке шықса, Жібек Құламбаева 306-дан 308-ге түсті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Германияда екі жыл бұрын чемпион атанған жарыста ойнайтынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).