17 жастағы Әмір Омарханов алғаш рет Қазақстан чемпионатының финалына өтті

Фото: ҚТФ

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада ересектер арасында теннистен өтіп жатқан Қазақстан чемпионатында финалға шыққан ойыншылар анықталды.

Ерлер арасында турнирдің екінші ракеткасы, әлемдік ITF Juniors рейтингісінде 23-орында тұрған 17 жастағы Әмір Омарханов жартылай финалда Ислам Орынбасарды 6:2, 4:6, 6:3 есебімен ұтты.

Әмір Омарханов ересектер арасында Қазақстан чемпионатында алғаш рет алтын медаль үшін таласатынына қуанышты екендігін жеткізді.

Екінші жартылай финалда өткен жылғы чемпион Григорий Ломакин аса тартысты матчта Тимур Мәуленовті 7:6 (7:5), 7:6 (7:2) есебімен қапы қалдырды.

Әйелдер арасында чемпионаттың бірінші ракеткасы Жібек Құламбаева өзінің фаворит екендігін дәлелдеп, 18 жастағы Іңкәр Дүйсебайдан айласын асырды — 6:1, 6:3.

Екінші жартылай финалда Аружан Сағындықова Полина Слепцованы жолдан тайдырды — 6:3, 6:2.

— Ел чемпионатының финалына шыққаныма өте қуаныштымын. Жібекпен матчтың оңайға түспейтінін жақсы білемін. Ол — тәжірибелі ойыншы, көп жылдан бері жоғары деңгейде өнер көрсетіп келеді. Дегенмен мен де қарап қалмаймын. Мұндай бәсекелер шеберлігімізді шыңдайды, — деді Аружан Сағындықова.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Қазақстан чемпионатында Полина Слепцованың Сандуғаш Кенжебаеваны жеңіп кеткенін жазған едік.