17 жастағы Әмір Омарханов Шымкенттегі турнирдің ширек финалына шықты

Фото: Фото: ҰОК

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, 17 жастағы Әмір Омарханов Шымкент ITF M15 турнирінде екі қарсыласын қапы қалдырды.

ATP рейтингісінде 988-орында тұрған жас талант алдымен әлемнің 680-ракеткасы, 27 жастағы германиялық Адриан Отцбахты жарыс жолынан тайдырды – 6:4, 7:6 (7:5). Тартысты бәсеке 2 сағат 22 минутқа созылды.

Әмір екінші айналымда рейтингіде 903-орында тұрған ресейлік 20 жастағы Савелий Ивановтан да қаймықпады. Екі сағат 3 минутқа созылған матчта қазақстандық спортшы 7:6 (7:5), 6:3 есебімен жеңіске жетті.

Омарханов жартылай финалға шығу үшін рейтингіде 884-орындағы Польша өкілі Жаза Сайричпен таласады. 

Отандасымыз қазіргі сәтте ATP Live рейтингісінде бірден 951-орынға көтеріліп тұр. 

Тағы бір қазақстандық теннисші, әлемнің 172-ракеткасы Тимофей Скатов Рим челленджер додасының жартылай финалынан тыс қалды. Ол ширек финалда 2 сағат 3 минутқа созылған ойында рейтингіде 191-сатыдағы аустриялық Лукас Ноймайерге жол берді – 3:6, 6:7 (3:7).

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Мадрид мастерс турнирінің екінші айналымына өткенін жазған болатынбыз.