АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, 17 жастағы Дамир Жалғасбай жұптық сында Хатива (Испания) ITF M15 турнирінде жеңімпаз атанды.
Дамир латвиялық Артурс Загарспен бірге барлық кездесуін жеңіспен аяқтады.
Финалда Жалғасбай — Загарс швейцариялық Адриен Бурде — мексикалық Алан Сау Франкомен бас жүлдені сарапқа салды.
Қазақстандық-латвиялық жұп 6:2, 6:1 есебімен айқын басымдылық танытты.
Осылайша, Дамир Жалғасбай спорттық жолында ересектер арасындағы алғашқы титулына қол жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын кортқа қайта оралған 40 жастағы Галина Воскобоеваның бастапқы жеңісіне қол жеткізгенін жазған болатынбыз.
Галина Воскобоева ресейлік Камилла Рахимовамен бірге Монреаль (Канада) WTA 1000 турнирінің екінші айналымында америкалықтар Софья Кенин — Кэролайн Доулхайдқа 3:6, 4:6 есебімен есе жіберді. Сөйтіп ширек финалдан тыс қалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).