Бұл туралы Астана қаласының Орталық шахмат клубы әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Белгілі болғандай, Сейдолла Төрежан аталған клубтың шахматшысы екен. Қазір ол әлемдегі ең ірі модельдік агенттіктердің бірі — IMG Models Сейдолламен келісімшарт жасасқан.
— Біздің оқушымыз — 17 жастағы Сейдолла Төрежан Париждегі ерлер сән апталығына қатысып, аңызға айналған Dior брендінің атынан подиумға шықты. Сонымен қатар, әлемдегі ең ірі модельдік агенттіктердің бірі — IMG Models Сейдолламен келісімшартқа отырды. Модельдік индустриядағы жетістіктеріне қарамастан, Торежан шахматты ұмытқан жоқ: қаңтар айында ол үшінші разрядты, ал ақпанда — екінші разрядты орындады. Бос уақыт табыла салысымен, ол шахмат тақтасына қайта отыруды жоспарлап отыр. Төрежанды және оның ата-анасын шын жүректен құттықтаймыз! Модельдік мансабында биік белестер мен шахматта жарқын жеңістер тілейміз! — делінген Орталық шахмат клубының хабарламасында.
Бұған дейін XXXIV Халықаралық «Витебск-2025» эстрадалық ән орындаушылары байқауында Гран-при жүлдесі қазақстандық Алмагүл Батталиеваға бұйырғанын жазғанбыз.