АСТАНА. KAZINFORM – Елордада Президент кубогы үшін теннистен өтіп жатқан челленджер турнирінде Заңғар Нұрланұлы сенсациялық нәтижеге қол жеткізді.
Заңғар жұптық сында словакиялық Михал Крайчимен бірге алғашқы айналымда поляк Олаф Печковски – үндістандық Сингх Каранды қапы қалдырды – 6:4, 6:1. Бұл Заңғар Нұрланұлының спорттық жолындағы челленджер додасындағы алғашқы жеңісі еді. Отандасымыз ең шешуші тұстарда шеберлігін көрсетіп, сәтті ойнай білді.
Қазақстандық-словакиялық дуэт жартылай финалға шығу үшін жарыстың 3-ракеткалары, жапониялықтар Тайсей Ишикава – Кокоро Исомурамен таласады.
Тағы бір қазақстандық Григорий Ломакин аустралиялық Эдвард Уинтермен бірге ширек финалға өтті. Олар таилық Максимус Джонс – грузиялық Саба Пурцеладзені жолдан тайдырды – 6:3, 7:6 (7:1).
Ломакин – Уинтер ширек финалда турнирдің 2-ракеткалары, жапониялықтар Кусухара – Накагавамен кездеседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Монреаль турнирінің үшінші айналымына жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).