17 желтоқсанда елдегі қай жолдарда қозғалыс тәртібі өзгерді

Фото: Әскербек Қаракөз / Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы елдегі жолдардың қазіргі ахуалы туралы хабарлады.

Ұлттық компанияның мәліметінше, Қарағанды облысында ауа райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар «KAZ01 Астана – Қарағанды-Алматы» автомобиль жолының 92-164-шақырымында (Ақмола облысы шекарасы – Теміртау қаласының терминалы) аралығында көліктің барлық түрі үшін жылдамдық режимі 80 шақ/сағатқа өзгертілді.

Ақмола облысында республикалық маңызы бар «KAZ02 Астана – Көкшетау (айналып өту жолы) – Петропавл – РФ шекарасы (Жаңа Жол өткізу пункті)» автожолының 19-231-шақырымында (Астана қаласы – Щучинск қаласының бақылау-өткізу пункті) автокөліктің барлық түрі үшін жылдамдық сағатына 80 шақырымнан 60 шақырымға дейін төмендетілді.

«KAZ01 Астана – Қарағанды – Алматы» автомобиль жолының 30-92-шақырымында (Жібек Жолы к. станциясынан Қарағанды облысы шекарасы) көліктің барлық түрі үшін жылдамдық режимі 80 шақ/сағ болып өзгерді.

Тіркемесі бар және жартылай тіркемелі жүк көліктерінің қозғалысы Осинов асуында уақытша шектелді. Шектеу «Өскемен – Алтай – Катонқарағай – Рахман қайнары» автожолының 46-66-шақырымындағы (Северное ауылы – Серебрянск қаласы) учаскесінде қыс аяқталғанша сақталады.

«Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» автожолында (Қалқаман елді мекеніне кіреберіс пен Астанаға шығатын бағыт) көліктің барлық түрі үшін қозғалысқа уақытша шектеу енгізілді. Қалқаман елді мекенінен Астанаға қозғалыс Береке «Қалқаман – Ақсу» көлік айрығы арқылы (ұзақтығы 6 шақырым) және Павлодар қаласынан Қалқаман елді мекеніне қозғалыс «Баянауыл» көлік айрығы арқылы жүзеге асырылады.

Еске салайық, бұған дейін синоптиктер 17 желтоқсан күні Астанада және Қазақстанның 17 облысында қолайсыз ауа райына қатысты ескерту жасаған еді.