170,3 млн. астам бюджет қаржысын жымқырды деп айыпталып отырған М.Оңдағанов бастаған топқа қатысты сот талқысы жалғасуда

None
ОРАЛ. 12 қараша. ҚазАқпарат - БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында М.Оңдағанов, Қ.Жетпісов, М.Жәкенов, Т.Бекарыстановқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот талқысы жалғасуда.
Облыс прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, М.Оңдағанов облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болған уақытта қызметтік жағдайын пайдалана отырып, бағынысты спорт ұйымдарының басшылығына өзіне адал және бұрын күрес түрлерімен шұғылданған адамдарды тағайындап, ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны үшін айыпталуда. Соның салдарынан 2008-2012 жылдары М.Оңдағановтың басшылығымен ұйымдасқан қылмыстық топ 170,3 млн. астам теңге бюджет қаражатын ұрлаған. Қылмыстық істе ақша қаражаты ұрлануының 71 эпизоды (ҚР ҚК 176-бабы), қызметтік жалғандық жасаудың 70 эпизоды (ҚР ҚК 314-бабы), ақша қаражаттарын заңдастырудың 1 эпизоды (ҚР ҚК 193-бабы), ұйымдасқан қылмыстық топты құру және оған басшылық жасаудың 1 эпизоды (ҚР ҚК-235-бабы) біріктірілген. Іс бойынша айыптау тарапынан 407 куә айғақ береді, Батыс Қазақстан облыстық кәсіби адвокаттар алқасының 6 адвокаты және 3 қоғамдық қорғаушы қорғауды жүзеге асыруда. Бүгінгі таңда айыптау тізіміндегі 48 куәгерден жауап алынып, олардың айғақтары негізінде М.Оңдағановпен жалған іссапарларды және жалған спорттық шараларды рәсімдеу арқылы бюджет қаражатын ұрлауға бағытталған тұтас жүйені құруы, оның ұйымдасқан қылмыстық топқа басшылық жасауы өз дәлелін табуда. Мәселен, «Ақжайық» допты хоккей клубындағы ұрлықтар бойынша сот тергеуі аяқталуға жақын, команданың бас бапкері А.Ионкин, команданың жаттықтырушылары мен әкімгерлері, негізгі құрамның хоккейшілері және дайындық тобынан жауап алынды, олардың айғақтарынан жалған іссапарға шығу, жалған оқу-жаттығу жиындарын өткізу фактілері анықталды, соған арналып бөлінген 13,5 млн., 5 млн., 3 млн. теңге қаражаттар М.Оңдағановтың жеке өзіне немесе М.Жәкенов арқылы беріліп отырған. Қазіргі уақытта №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебіндегі ұрлық фактілері бойынша сот тергеуі жүргізілуде. Сот процесі күрделі жағдайда жүруде. Куәгерлер алдын ала тергеу барысында берген бастапқы жауаптарынан бас тартуда. Прокуратураның пайымдауынша, бұған сот талқылауы кезінде сотталушылардың және олардың туысқандарының тарапынан жасалған психологиялық қысым себеп болып отыр. Куәгерлердің азаматтық және әділеттілік жолын ұстанбауына мысал ретінде «Ақжайық» хоккей клубының бас жаттықтырушысы А.Ионкиннің команданың жалған іссапарға шығуынан түскен 7,5 млн. теңгені сотталушыларға бергендігі туралы айғағын келтіруге болады. «Жеке қаражат емес, іссапарға арналған мемлекеттік қаржы екендігін біле тұра, оны апарып беруге не себеп болды?» - деген мемлекеттік айыптаушының сұрағына ол: «Барлығы осылай өмір сүреді, бұл - осындай жүйе», - деп жауап берді. Сот талқысы одан әрі жалғасуда.