1700-ден аса ақмолалық медициналық сараптамаға онлайн кезекке тұрған

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысында 1700-ден астам тұрғын медициналық-әлеуметтік сараптамадан өту үшін электрондық кезек қызметін пайдаланды.

Фото: Еңбекмині

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік саладағы мемлекеттік қызметтерді жетілдіру аясында офлайн мүгедектікті белгілеу кезінде электрондық кезек енгізу жөніндегі пилоттық жобаның алғашқы нәтижелерін жариялады. Жоба Ақмола облысында 2025 жылғы 20 қарашадан бастап іске қосылғалы бері жаңа цифрлық қызметті 1700-ден астам азамат сәтті пайдаланған.

Бұл бастама қызмет алушыларға медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдеріне алдын ала жазылу арқылы баруын жоспарлауға мүмкіндік береді. Жүйенің енгізілуі азаматтарға өзіне қолайлы күн мен уақытты таңдауға жағдай жасап, мемлекеттік қызметті алу үдерісінің ыңғайлылығын арттырып, кезекте ұзақ күтуді болдырмайды.

Жазылу рәсімі Әлеуметтік қызметтер порталында (aleumet.egov.kz) жүзеге асырылған және пайдаланушылар үшін барынша жеңілдетілген. Уақытты брондау үшін азамат порталға электрондық цифрлық қолтаңба арқылы кіріп, жеке кабинеттен қажетті қызметті таңдаса жеткілікті. Жүйе өтініш берушінің тұрғылықты жеріне қарай тиісті медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімін автоматты түрде анықтайды.

— Брондау рәсімі аяқталғаннан кейін пайдаланушының ұялы телефонына күні, уақыты, бөлімшенің мекенжайы және талон нөмірі көрсетілген SMS-хабарлама жіберіледі. Пайдаланушылар үшін қосымша ыңғайлы функция — қабылдау уақытына үш күн қалғанда SMS-ескертудің қайта жолдануы. Қажет болған жағдайда азаматтар жеке кабинеті арқылы жазылудың күшін жоя алады. Белгіленген уақытта келмеген жағдайда жүйе жазбаны автоматты түрде жойып, бұл туралы пайдаланушыға хабарлама жібереді, — делінген хабарламада.

Ақмола облысындағы пилоттық жоба биылғы желтоқсанға дейін жалғасады. Оның қорытындысы бойынша министрлік жүйенің тиімділігіне талдау жүргізіп, электрондық кезекті елдің барлық өңіріне енгізу туралы шешім қабылдайды.

Бұдан бұрын