18 адам із-түзсіз жоғалып кеткен: Қытай-Непал шекарасында көпір опырылды

Фото: Синьхуа

АСТАНА. KAZINFORM – Қытай мен Непалды байланыстыратын көпір су тасқынынан опырылып құлады, деп хабарлайды Kazinform Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап. 

Оқиға кезінде 18 адам ізім-ғайым жоғалған. Жергілікті полицияның мәліметінше, табылмай жатқан адамдардың көпшілігі көпір опырылар кезде шекара портында жұмыс істеп жатқан. 

Непалдағы Қытай елшілігінің хабарлауынша, із-түзсіз кеткендердің арасында Қытайдың қолдауымен жүзеге асырылған бақылау-өткізу пунктінің Непал жағындағы нысандарды салу жобасына қатысқан 6 қытайлық және 8 непалдық жұмысшы бар. 

Оқиға орнында Непал армиясы мен полиция бөлімшелерінің қатысуымен жедел іздестіру-құтқару операциясы жалғасып жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқан екі адамның мәйіті табылды. 

Непал муссон маусымына енді. Осы кезеңде аталған елде жыл сайын нөсер жаңбыр жауып, су тасқыны, көшкін және сел тасқыны жиі болып, адам шығыны және айтарлықтай материалдық шығынға ұшырайды. 

Бұған дейін Пәкістан аумағында толассыз жауған муссон жаңбырынан болған су тасқынынан 72 адам қаза тапқанын хабарлаған едік.