18 ақпан. Тұлғалар туған күн

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін, яғни 18 ақпан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

85 жыл бұрын (1938-2020) Қазақстан Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Нью-Йорк Ғылым академиясының мүшесі, Пәкістан ҒА мүшесі Кенжеғали Әбенұлы САҒАДИЕВ дүниеге келген.

Қостанай облысының Жангелдин ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (1960) бітірген.

Еңбек жолы: Қазақ мемлекеттік университетінде ассистент, аға оқытушы (1960-1963); Мәскеу халық шаруашылығы институтының аспиранты (1963-1966); Алматы халық шаруашылығы институтында ғылыми-педагогикалық және басшылық қызметтер атқарды (1966 жылдан); Целиноград ауыл шаруашылығы институтының ректоры (1982-1990); Қазақ мемлекеттік экономикалық университетінің (1993 жылдан Қазақ мемлекеттік басқару академиясы) ректоры (1990-1994); ҚР ҰҒА президенті (1994-1996); Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінің, Халықаралық бизнес университетінің ректоры (1996-2004); ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты (2004-2007); «Нұр Отан» ХДП тізімі бойынша ҚР Парламенті Мәжілісі 4-шақырылымының депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі (2007-2011); «Атамекен» Қазақстан ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының мүшесі (2010 жылдан).

ҚР ҰҒА академигі, Нью-Йорк Ғылым академиясының мүшесі, ҚР ЖМ ҒА және ЖМ ХҒА академигі, Пәкістан ҒА мүшесі (2002). Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері (2003). «Еңбек Қызыл Ту» (1971), «Халықтар Достастығы» (1987), «Парасат» (2005), II дәрежелі «Барыс», «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальмен марапатталған. Кембридж өмірбаян орталығының «Жыл адамы-1992» атағын алған.

62 жылбұрын (1961) Түркістан облыстық сотының төрағасы Тұрысбек Ерболғанұлы МИЯТБЕКОВ дүниеге келді.

Алматы қаласында дүниеге келді. 1993 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Алматы қаласы соттарының әкімшісі, Алматы қаласы Әуезов аудандық сотының судьясы, Алматы қалалық сотының судьясы, Бостандық, Талғар, Жетісу аудандары соттарының төрағасы болып жұмыс істеген.

2020 жылдың желтоқсан айынан бастап қазіргі қызметінде.

49 жылбұрын (1974) Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы Айдын Маратұлы НҰРБЕКОВдүниеге келген.

Өскемен қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген, заңгер (1996).

Еңбек жолы: Алматы қалалық сотының консультанты, жетекші консультанты (1995-1996); Талдықорған гарнизоны әскери соты төрағасының көмекшісі, ҚР Әділет министрлігі әскери соттар басқармасының инспектор-кеңесшісі (1996-1997); ҚР Әскери соты төрағасының көмекшісі (1997-2000); Алматы қаласы Әуезов аудандық сотының судьясы (2000-2004); Алматы қалалық сотының судьясы (2004-2007); ҚР Әскери сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасының төрағасы (2007-2010); ҚР Әскери соты кассациялық сот алқасының төрағасы (2010-2015).

Қазіргі лауазымын 2015 жылдың желтоқсанынан бері атқарып келеді.