18 мамыр. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 18 мамыр күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Фото: Pyxabai.com

ЕСІМДЕР

88 жыл бұрын (1936) ақын, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Олжас Омарұлы СҮЛЕЙМЕНОВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің география факультетін бітіріп, М.Горький атындағы Әдебиет институтында оқыған.

«Казахстанская правда» газеті редакциясының бөлім меңгерушісі, «Қазақфильм» киностудиясы сценарий-редакциялық алқасының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Қазақ ССР Кинематография жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы, ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстанның Италиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметтерін атқарған. Өз туындыларын орыс тілінде жазады.

Өлеңдері мен поэмаларының алғашқы жинағы 1961 жылы «Арғымақтар» деген атпен жарық көрген.

Оның сценарийі бойынша «Атамекен», «Көгілдір маршрут», «Қыс - қолайсыз маусым», т.б. фильмдер түсірілген. «Аз и Я», «Жазу тілі» атты тіл біліміне қатысты зерттеулері, «Нұрлы түндер», «Мешін жылы», «Көңіл көкжиегі», «Әр күн - арайлы таң», «Ақ дария аспаны», «Жұмыр жұлдыз», «Шапағатты шақ», «Атамекен», т.б. жинақтары шыққан.

І дәрежелі «Барыс», «Отан», Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі», Қазан революциясы ордендерімен, медальдармен марапатталған.

Ядролық сынаққа қарсы «Семей-Невада» қозғалысының көшбасшысы, Қазақ ССР Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстан комсомолы, БЛКЖО сыйлығының лауреаты, Татарстан Республикасының Ш.Маржани атындағы Тарих институтының құрметті докторы. Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі болды.

67 жыл бұрын (1957) Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы ҚАСЫМОВдүниеге келді.

Алматы облысы Іле ауданының Дмитриевка аулында туған. Білімі жоғары, 1979 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген, мамандығы - заңгер.

Полиция генерал-полковнигі, 1979-1988 жылдары тергеуші, аға тергеуші, тергеу бөлімінің бастығы, Алматы облысы ІІБ Іле аудандының ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, 1988-1989 жылдары Алматы облысы ІІБ қоғамдық қауіпсіздік бөлімі бастығының орынбасары, 1989-1992 жылдары Алматы облысы ІІБ Қапшағай ІІБ бастығы, 1992-1997 жылдары Алматы облысы ІІБ Криминалдық милиция басқармасының бастығы, Алматы облысы ІІБ бастығының бірінші орынбасары қызметін атқарған. 1997-2003 жылдары Алматы қаласының ішкі істер бас басқармасының бастығы, 2003-2005 жылдары Алматы облысы ішкі істер бас басқармасының, Ішкі істер департаментінің бастығы, 2005-2009 жылдары ҚР Ішкі істер министрінің бірінші вице-министрі, вице-министрі, 2009-2011 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің бастығы, 2011-2019 жылдары ҚР Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы, 2020-2021 жылдары ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің басшысы болды.

ІІ дәрежелі «Данқ» орденімен, «Астана», «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі үшін», «Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде үздік шыққаны үшін», «Қазақстан Конституциясына - 10 жыл», «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының ардагері», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталған. ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.

67 жыл бұрын (1957) Қазақстан және Астана Митрополиті, Қазақстан Республикасындағы Митрополиттік округ басшысы АЛЕКСАНДР (Александр Геннадьевич Могилев ) дүниеге келді.

Киров қаласында (РФ) туған. Бірінші разряд бойынша Ленинград діни семинариясын, Мәскеу діни академиясын, Санкт-Петербург заң университетін бітірген.

Ленинград діни академиясында оқыған. 2010 жылдың 5 наурызында қасиетті Синод шешімімен Орыс Православ шіркеуінің басшылығы Астана және Алматы архиескопы етіп тағайындады.

2010 жылғы 26 шілдедегі Қасиетті Синод шешімімен Қазақстан Республикасында Метрополитен округінің заңды рәсімделуіне байланысты атауы «Астана және Қазақстан» болып өзгертілді.

59 жыл бұрын (1965) Атырау облысы Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Гүлбаршын Жолдасқызы АРЫСТАНОВА дүниеге келді.

 

1987 жылы А.Р.Бируни атындағы Ташкент политехникалық институтын инженер-технолог мамандығы бойынша, 2013 жылы Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін инженер-кадастршы мамандығы бойынша, 2014 жылы Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін экономика және бизнес магистрі біліктілігімен, 2020 жылы Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университетін инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітірді.

Еңбек жолы: 1991-1993 жылдары Атырау қаласындағы «Тұрғын үй шаруашылығы трестінде», шебер, басшы, ЖЭУ-2 инспекторы, 1993-1997 жылдары Атыраудағы «РЭУ-2», «РЭУ-3» инженер, экономист, жоспарлау бөлімінің бастығы, 1997-2001 жылдары «Атырау жылу электр орталығы» АҚ-да бухгалтер, бөлім бастығы, 2001 жылы «Атыраужарық» ЖШС-де экономист, «Атырау жылу орталығы» АҚ-да учаске бастығы болып жұмыс істеген. 2002 жылы «Атырауоблгаз» ААҚ-да бөлім бастығының орынбасары, 2002-2003 жылдары Атырау облысы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында бөлім бастығы, 2003-2004 жылдары Атырау облысы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында бөлім бастығы, басқарма басшысының орынбасары, басқарма басшысы, 2005 жылы Атырау облысы Табиғи монополиялардығ қызметін реттеу және бәсекелестікті қорғау басқармасында басшының орынбасары қызметін атқарған. 2005-2006 жылдары Атырау облысы Сәулет, қала құрылысы және құрылыс департаментінде бөлім бастығы, 2006-2017 жылдары Атырау облысы Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары, 2017 жылы Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары лауазымын атқарған.

Қазіргі қызметін 2017 жылдың шілде айынан бері атқарып жатыр.

43 жыл бұрын (1981) Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат НҰРБЕК дүниеге келді.

Семей қаласында дүниеге келген.Қазақстан және шетелдік деңгейде түрлі салада білім алған: Маршаллтаун колледжін (АҚШ) саясаттану мамандығы бойынша, Л.М. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Халықаралық құқық» мамандығы бойынша (2004), La Sapienza (Италия) университетін геополитика магистрі дәрежесінде, «Көкше» академиясын психология бакалавры бойынша тәмамдады. АҚШ, Сингапур, Бельгия, Жапония, Голландияда тағылымдамадан және біліктілікті арттыру курстарынан өткен.

Еңбек жолын студенттік кезден бастаған. АҚШ-та тағылымдамадан өту кезінде Конгрестің Орталық сайлау штабында, сондай-ақ президенттік кампанияда жұмыс істеді.

2000-2001 жылдары Конгрессмен Марк Смит көмекшіcі (АҚШ), Айова штатының Үкіметінде (АҚШ) қызмет атқарған. 2002-2004 жылдары Қазақстанның жастар саясатының іске асырылуына белсенді қатысты. 2006-2009 жылдары «Қазына» тұрақты даму қоры» АҚ инвестициялық жобалар саласында жұмыс істеді, ҚР Президенті Әкімшілігінің кадр саясаты секторының меңгерушісі, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының халықаралық ынтымақтастық және ғылым жөніндегі проректоры, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ департамент директоры, кадр саясаты және басқару жөніндегі атқарушы директор болып қызмет атқарды. 2009 жылы ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің директоры болып тағайындалды. 2010-2013 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Президенті қызметін атқарды. 2013-2015 жылдары «Нұр Отан» партиясының Қоғамдық саясат Институтының директоры болып жұмыс істеді. 2015-2016 жылдары Алматы қаласы Әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бастығының міндетін атқарушысы болды. 2016 жылдың шілдесінен бастап Астана Халықаралық қаржы Орталығының басқарушы директоры, Басқарма мүшесі болып тағайындалды. 2016-2017 жылдары МФЦА басқарушы директоры, 2018-2022 жылдары BTS Digital директоры, BTS Education бас директоры, 2022 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды.

ҚР Президентінің 2022 жылғы 11 маусымдағы жарлығымен ҚР Ғылым және жоғары білім министрі болып тағайындалды.

62 жыл бұрын (1962-2015) Қазақстанның әйгілі эстрада әншісі, композитор Батырхан Қамалұлы ШҮКЕНОВ дүниеге келген.

Қызылорда облысында туған. Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясын бітірген. 1982 жылдан Роза Рымбаеваны сүйемелдейтін «Арай» тобына кірді.

1987 жылы «Алматы» тобын құрады. Кейіннен ол «Алматы-Студио» тобы болып қайта құрылды.

1989 жылы өзінің атақты «Джулия» деп аталатын хитын жазды. Осы жылы «А-Студио» Алла Пугачеваның «Рождестволық кештер» әш кешіне қатысқаннан кейін ансамбль атағы бұрынғы Совет одағы аумағында танымал болды.

Әнші 2002 жылы Қазақстанға оралып, өзінің алғашқы «Отан ана» атты жеке альбомын шығарды.

2007 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мәдениет жөніндегі кеңесшісі болды.

2009 жылы ЮНИСЕФ ерікті елшісі, 2010 жылы Алматыдағы қайырымдылық балы комитетінің құрметті мүшесі болды.

Батырхан Шүкенов 53 жасқа қараған жасында Мәскеу қаласында жүрек талмасынан қайтыс болды. Марқұм Алматыда жерленді.