18 мамыр. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 18 мамырға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Қазақстандағы «Түркі жазуы» күні
2014 жылы ҚР Парламентінің шешімімен 18 мамыр «Түркі жазуы күні» деп жарияланып, Үкімет шешімімен бекітілді. Бұл датаның таңдалу себебі, дәл осы күні ежелгі түркі сөздері жазылған Күлтегіннің көк тасының көшірмесі Моңғолия даласынан Астанаға әкелінген болатын.
Көне түркі жазуы - руна немесе сына жазуы деп аталады. Көне түркі жазуының ескерткіштері Орталық Азия аумағында көп табылған. Олардың ішіндегі ең белгілісі Солтүстік Моңғолия жеріндегі Орхон, Селенга, Толы өзендерінің бойынан табылған тастағы жазулар. Руна жазулары түріктердің атақты билеушілері Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөктің құрметіне арналған.
Ертедегі түрік жазуын тұңғыш рет ХVІІІ ғасырдың 20-жылдарында І Петрге қызмет еткен неміс ғалымы Д.Мессершмидт пен оған еріп жүрген шведтің тұтқын офицері И.Страленберг Енисей аңғарында ашты. Олар Скандинавияның руналық жазуымен ұқсастығына қарап, оны «руналық» жазу деп атады. Атау онша дәл болмағанымен, қолайлы болып шықты және ғылымда осы атау орнығып қалды. 1889 жылы Н.М.Ядринцев Солтүстік Моңғолияда, Орхон өзенінің аңғарынан руна жазулары бар орасан зор құлыптастарды тапты.
Табылған тексті оқудың кілтін алғаш тапқан дат ғалымы В.Томсен, ал жазбаларды алғаш рет оқыған орыс түркологы В.Радлов болды.
Халықаралық музейлер күні
1977 жылдан бастап жыл сайын әлемнің 150-ден астам елінде аталып өтеді. Осы күні барлық музейлерде ашық есік күні өтеді. Қазақстанда 224 музей бар.
Дүниежүзілік СПИД-ке қарсы вакциналау күні
1997 жылы 18 мамырда АҚШ президенті Билл Клинтон Балтимордағы Морган мемлекеттік университетінің түлектері алдында сөз сөйледі. Ол өз сөзінде ғылым мен технология дәуірінде жаңа мақсаттар қоюға шақырды. Осы мақсаттардың ішінде ол ЖИТС (СПИД)-ке қарсы екпе жасауды атап, АИТВ-ға қарсы тиімді екпенің ЖИТС-ті жоя алатынын мәлім етті.
Алғаш рет Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы екпе күні бір жылдан кейін, 1998 жылы аталып өтілді.
Қырым халықтарын депортациялаудың құрбандарын еске алу күні
1944 жылдың 18 мамырында КСРО билігі органдарының заңсыз айыптарымен Қырымнан татарлар, сондай-ақ немістер, армяндар, болгарлар, гректерді депортациялау басталды. 200 мыңнан астам қырым татары Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Сібірге жер аударды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1996 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ақын Олжас Сүлейменовке «Қазақстанның Халық жазушысы» куәлігін және төсбелгісін табыс етті.
2001 жылы Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Күлтегін ескерткішінің ғылыми көшірмесі орнатылып, ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған «Байырғы түркі мәдениеті: жазба ескерткіштер» тақырыбы бойынша халықаралық ғылыми-теориялық конференция өз жұмысын бастады.
2011 жылы Шымкентте салтанатты түрде Мемлекеттік рәміздер алаңы ашылды. Онда граниттен жасалған ҚР Елтаңбасы, Тәуелсіздік туралы декларация және ел картасы орнатылған.
2011 жылы Болгарияның экономикалық, мәдени, туристік орталықтарының бірі Пловдив қаласында Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығы салтанатты түрде ашылды. Ол қазіргі Қазақстанға қызығушылық танытатын болгариялықтар үшін ақпараттық орталыққа айналып, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың дамып келе жатқанына айғақ болды.
2012 жылы ҚР Ұлттық банкі дизайны өзгертілген 10 000 теңгелік банкнотаның айналымға шығарылғанын хабарлады.
2012 жылы Өзбекстанның Науаи облысының Нұрата ауданында Әйтеке би кесенесі ресми түрде ашылды, бұл бауырлас халықтар, қазақтар мен өзбектер арасындағы туыстық пен достық қарым-қатынастың жарқын белгісі болды. Бұл кешенде қонақтарға арналған қонақ үй, ғибадат орны және мұражай бар.
2015 жылы М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті ТМД-ның 130 университетінің басын қосқан Еуразия қауымдастығына кірді. Оны қабылдау туралы шешім Санкт-Петербургте Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Украина университеттерінің ректорлары мен өкілдерінің қатысуымен өткен Еуразия қауымдастығының ХІІІ съезінде қабылданды.
2015 жылы Елена Безрукова (Мусиенко) Лондон кітап жәрмеңкесіне (London Book Fair-2015) қатысқан алғашқы қазақстандық жазушы болды.
Осы жәрмеңкеге қатысудың негізгі аспектісі «London Book Fair-2015» аясында өткен Е.Безрукова мен В.Тихомированың «Проективтік графика, бірінші альбом» кітабының тұсаукесері болды. Кітап 2014 жылы Лондон қаласында «Hertfordshire Press» британдық баспа үйінен шыққан.
2016 жылы Қазақ әдебиетіне қосқан сүбелі үлесі және бейбітшілік пен азаматтық келісімді нығайтуға бағытталған белсенді қоғамдық қызметі үшін ақын, жазушы, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовке «Қазақстанның Еңбек ері» алтын жұлдызы табыс етілді.
2017 жылы белгілі актер, режиссер Асанәлі Әшімовке «Қазақстанның Еңбек ері» атағын табыс етілді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз атынан және мемлекет атынан А. Әшімовті құттықтап, оның театр мен кинодағы табысты еңбегін атап көрсетті.
2020 жылы әлемге әйгілі қазақстандық орындаушы Димаш Құдайбергеннің коронавируспен күреске арналған «We Are One» әні Қытайдың QQ Music музыкалық платформасында алтын сертификаттың иегері атанды. «We Are One» («Біз бірміз») композициясының авторлары: Gao Shang/Shang Yang (сөзі) и Dong Nan/Tang Yi (музыкасы).
2020 жылы 7,5 ұпай жинаған қазақстандық халықаралық шебер Жансая Әбдімәлік тұңғыш әлем чемпионы Вильгельм Стейницті еске алуға арналған FIDE Online Steinitz Memorial 2020 онлайн блиц-турнирінің үздік «үштігіне» енді.
2021 жылы Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Олжас Сүлейменовті Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы мәдени қарым-қатынасты дамытуға қосқан үлесі үшін «Şərəf» орденімен марапаттау туралы қаулыға қол қойды.
2021 жылы Қазақстан Республикасының Страсбург қаласындағы (Франция) Бас консулдығының ресми ашылуы өтті.
2022 жылы Қазақстанның Ұлттық банкі Street art. BATYR BEINESI коллекциялық монеталарын айналымға шығарды. Street art. BATYR BEINESI жаңа монетасы бірден екі идеялық бағытты біріктіреді – заманауи өнер және Батырхан Шүкеновтің есімін мәңгілік ету. Бұл – Ұлттық банктің қазіргі жастар өнерін қолдауға арналған алғашқы бірлескен монета жобасы.
2023 жылы Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Си Цзиньпиннің кездесуі өтті. Таң әулетінің Лотос саябағында Орталық Азия елдері басшылары мен Си Цзиньпинге арналған ресми қабылдауда қазақтың белгілі орындаушысы Димаш Құдайберген өнер көрсетті.
2023 жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапары аясында жалпы сомасы 22 млрд АҚШ долларын құрайтын 47 құжатқа қол қойылды. Олардың бірі автомобиль өнеркәсібіндегі техникалық және инженерлік кадрларды даярлау бойынша қазақстандық-қытайлық оқу орталығын ашу болды.
2024 жылы Астанадағы Қазақстанның Ұлттық музейінде Рафаэль Слекеновтың «Тәңір жарығы» атты көрмесі ашылды. Онда тәңіртану мен қазақ мифологиясына арналған 90 картина ұсынылды.