18 маусым. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 18 маусым күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Фото: Pyxabai.com

ЕСІМДЕР

55 жыл бұрын (1969) ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Викторович ПЕТРОВ дүниеге келді.

Фото: election.gov.kz

1991 жылы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық институтын бітірді.

Еңбек жолы: 1991-2004 жылдары Ақтөбе қ. № 3 орта мектебінің химия және биология мұғалімі, ұйымдастыру және кадр жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Ақтөбе қаласы әкімінің көмекшісі, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының әкімшілік-шаруашылық қызметі және абаттандыру цехы бастығының орынбасары, 2004-2008 жылдары Ақтөбе облысы әкімінің көмекшісі, 2008-2009 жылдары Ақтөбе облысы ішкі саясат басқармасының бастығы, 2009-2015 жылдары Ақтөбе облысы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарған. 2015-2016 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы, 2016-2017 жылдары ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі болды.

Қазіргі қызметінде 2017 жылғы тамыздан бері.

«Құрмет» орденімен марапатталған.

53 жыл бұрын (1971) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бекбол Тілеумұратұлы ОРЫНБАСАРОВ дүниеге келді.

Фото: senate.parlam.kz

Маңғыстау облысында туған. 1993 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінде, 1998 жылы Ш.Есенов атындағы Ақтау университетінде, 2011 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде білім алған.

Еңбек жолы: 1993-1996 жылдары Маңғыстау облысының кеден басқармасының «Баутино» кеден постының инспекторы, 1996-1998 жылдары банк, салық, қаржы секторында түрлі қызметтерді атқарған. 1999-2005 жылдары Ақтау қаласы әкімдігінің мүлікті басқару бөлімінің бас маманы, 2005 жылы Ақтау қаласы әкімдігінде әртүрлі қызмет атқарған. 2005 жылы Ақтау қаласы әкімінің орынбасары, 2006-2019 жылдары Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Ішкі әкімшілік департаменті бухгалтерлік есеп және адам ресурстары, ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз ету бөлімінің бастығы, 2019-2021 жылдары «Ақтау теңіз порты арнайы экономикалық аймағы» АҚ басқарма төрағасы, 2021-2022 жылдары Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, 2022-2023 жылдары Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымын атқарды.

Қазіргі қызметінде – 2023 жылдың қаңтарынан.

53 жыл бұрын (1971) «Астық Транс» АҚ экономика және қаржы жөніндегі президенті Талғат Жағыпарұлы МУСИН дүниеге келді.

Көкшетау Экономика және менеджмент институтын «экономист-менеджер» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: МКД «Арнайы әскерилендірілген күзет қызметі» Көкшетау филиалында экономист, «Вагон паркін басқару жөніндегі үшінші мемлекеттік кәсіпорын» еншілес мемлекеттік кәсіпорнының вагон паркін есепке алу бөлімінің бастығы, жүк вагондарын инвентарлық есепке алу бөлімінің бас маманы, жүк вагондарын инвентарлық есепке алу бөлімінің бас маманы, жүк вагондарының инвентарлық паркін есепке алу бөлімінің жүк вагондары алмасу секторының бастығы, Экономика және қаржы департаментінің тасымалдау процесіне қатысушылармен елді мекендер басқармасының жүк вагондары паркімен тасымалдауды қамтамасыз ету бөлімінің басшысы, Басқарма басшысының орынбасары – Экономика және қаржы департаменті Операциялық көрсеткіштер дирекциясының операциялық көрсеткіштерді жоспарлау және талдау бөлімінің бастығы, экономика басқармасының басшысы, Экономика және қаржы департаменті директорының орынбасары; Экономика және қаржы департаментінің директоры (Басқарма мүшесі) қызметін атқарды.

52 жыл бұрын (1972) танымал журналист, тележүргізуші Дана Өмірбайқызы НҰРЖІГІТ дүниеге келді.

Фото: parlam.kz

1995 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген.

Еңбек жолын 1994 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде концертмейстор қызметінен бастаған. 1996 жылы К.Байсейітова атындағы Республикалық колледжде концертмейстер, 1997-2002 жылдары «Хабар» АҚ жаңалықтар бағдарламасының жүргізушісі, 2002 жылы «Хабар» АҚ продюсері, 2002 -2013 жылдары «Хабар» АҚ редактор, жаңалықтар және өзгеде бағдарламалардың жүргізушісі, продюсер, 2013 жылы «TV Fresh» ЖШС редактор, 2015-2019 жылдары «Қазақстан» РТРК» АҚ тележүргізуші, 2019-2023 жылдары VI-шақырылымдағы ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып қызмет атқарған.

Медиа саласында ведомстволық және өзгеде марапаттары бар.

37 жыл бұрын (1987) Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымы және халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі Әсет Арманұлы ИРҒАЛИЕВ дүниеге келді.

Фото: akorda.kz

Қостанай қаласында туған. 2008 жылы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын, 2008 жылы Халықаралық бизнес мектебін (Швеция), 2009 жылы Йорк университетін, 2010 жылы Ноттингем университетін бітірді.

Еңбек жолы: 2010-2011 жылдары Лондондағы Еуропалық қайта құру және даму банкінің Шығыс Еуропа және Кавказ экономикалық департаментіне арналған аймақтық экономикалық саясат талдаушысы, 2011-2012 жылдары Лондондағы Еуропалық Қайта құру және Даму Банкі Экономика департаментінің аға сарапшысы, 2011 жылы Лондондағы Еуропалық қайта құру және даму банкі Экономика департаментінің аймақтық банк экономисі, 2013-2016 жылдары «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ директоры, вице-президентіғ Басқарма төрағасынығ орынбасары, Басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметінде болды. 2016 жылы «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Басқармасының төрағасы, 2016 жылы «Бәйтерек ҰБХ» АҚ Басқарма Төрағасының кеңесшісі, 2016-2018 жылдары ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі, 2018 жылы ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі Жобасын басқару орталығының бастығы, 2018-2019 жылдары ҚР Ұлттық экономика вице-министрі, 2019 жылы ҚР Премьер-министрі кеңсесі басшысының орынбасары лауазымында болды. 2020 жылдан бері ҚР Президенті жанындағы экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі. 2019-2021 жылдары ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі, 2021-2022 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрі, 2022-2023 жылдары ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы, 2023-2024 жылдары ҚР Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі қызметін атқарды.

Қазіргі лауазымында – 2024 жылдың мамыр айынан бастап.

103 жыл бұрын (1921-2001) Қазақстанның ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, филология ғылымдарының док­торы, профессор Ғұбайдолла АЙДАРОВ дүниеге келді.

Фото: kazpravda.kz

Қазіргі Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы Сайын Шапағатов ауылының маңындағы Емір-Торты жерінде туған. 30-жылдардағы түбекті жайлаған жұт пен ашаршылық кезінде отбасымен Жаңғақтың ойына, Шағадам шаһарына қоныс аударған. Кейіннен Бесқаланың бірі Ташауыз қаласына келген бетте Н.Айтақовтың тікелей нұсқауымен балалар үйіне қабылданып, білім алады.

1934-1935 жылдары Түрікмен КСР-інің Ташауыз қаласы педагогикалық училищесінің дайындық бөлімінде білім алады. 1935-1937 жылдары Красноводск қаласындағы Бауман атындағы техникумында оқыды. 1937-1938 жылдары Мары қаласындағы педагогикалық училищеде оқыды. Еңбек жолын ауылдағы жетіжылдық мектепте мұғалім ретінде бастайды. 1940 жылы әскер қатарына алынып, 1944 жылға дейін Ұлы отан соғысына қатысты. Соғыстан кейін барлық қажыр-қайратын білім беру саласына арнады. Қатардағы мұғалімдіктен директорлық қызметке дейін көтеріледі.

1948 жылы Шымкент оқытушылар институтын, 1952 жылы ҚазПИ-ді (қазіргі ҚазҰПУ) бітіреді. Институттың аспирантурасында оқып жүргенде көне түркі жазуларына ден қояды. 1959 жылдан Қазақстан Ғылымдар Академиясының Тіл білімі институтында кіші, аға ғылыми қызметкері болады.

Ғалым 250-ден астам ғылыми еңбек, оның ішінде 10 монография мен жоғары оқу орындарына арналған оқулықтың авторы. Ғылыми еңбектері негізінен түркі жазба ескерткіштерін зерттеуге арналған, ғылыми еңбектерінде көне түркі ескерткіштерінің мәтіндерін қазіргі графика бойынша транскрипциялап, олардың тілін лингвист тұрғыдан жан-жақты талдаған, ескерткіштер тілінің қазіргі қазақ тіліне жақындығын зерттеп, дәлелдеген.