18 маусым. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

None
АСТАНА. 18 маусым. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 18 маусымға арналған күнтізбесін ұсынады.

18 маусым, С ӘР СЕНБІ

Әзірбайжанда адам құқығы күні. Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиевтің 2007 жылғы маусымның 18-дегі Қаулысына сәйкес жыл сайын атап өтеді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

2 2 жыл бұрын (1992) КСРО Түркістан әскери округі таратылды.

8 жыл бұрын (2006) Егеменді еліміздің байланыс және хабар таратуға арналған «ҚАЗСАТ» деп аталатын тұңғыш геостационарлық жер серігі жоспарланған таңғы сағат 4 сағат 44 минутта Байқоңыр айлағынан ғарышқа ұшырылды. Тәуелсіз Қазақстанның ғарыштық державалар қатарына қарай аяқ басқан алғашқы қадамының хабаршысындай болған осы жер серігінің ұшырылу сәтін Қазақстан мен Ресей Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин арнайы келіп бақылады. «ҚАЗСАТ» жер серігінің техникалық ресурсы 12 жыл. Бұл еліміздің ең шалғай аудандары мен ауылдарын телекоммуникациялық қызметпен қамтамасыз етуге арналған.

7 жыл бұрын (2007) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Әкімшілік рәсімдерді жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» сапалы мемлекеттік қызмет ұсынуды қамтамасыз етуге бағытталған Заңға қол қойды.

5 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы» Жарлыққа қол қойды.

5 жыл бұрын (2009) Оралда б.э.д. VІ-ІІ ғасырлардағы археологиялық қазбалар табылды. Табылған тұрмыс тіршілік заттары және әшекей бұйымдарды бағалау үшін Ресейдің және Германияның ғалымдары шақыртылған. Ғалымдар бұл қазбалардың тарихи маңыздылығы зор екенін бағалап, оларды халықаралық тізімге енетінін хабарлады.

ЕСІМДЕР

114 жыл бұрын (1900-1984) суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері АНТОЩЕНКО-ОЛЕНЕВ Валентин Иосифович дүниеге келді.

Украинаның Полтава облысында туған. Мәскеудегі жоғарғы техникалық көркемсурет шеберханасында оқыған.

«Советская степь», «Еңбекші қазақ», «Жаршы», «Әйел теңдігі» газет-журналдар редакцияларында жұмыс істеген.

Тарихи тақырыпқа жазылған «Әкелеріміздің жастық шағы», «Қамығу», «Бостандық және өлім» графикалары, «І.Жансүгіров», «П.Пикассо», «О.Ренуар», «Ы.Жақаев», «А-Х.Ярмұхамедов», тағы басқа психологиялық портреттері және замандастар өмірінен алынған романтикалық сипаттағы «Жарқырайды жаңа құрылыс оттары», «Мазар», «Қонаққа бару» линогравюралық шығармалары бар. Шығыс тақырыбына арналған «Хиуа», «Ақындар» топтамалары бар.

10 6 жыл бұрын (1908-2002) физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ДОБРОТИН Николай Алексеевич дүниеге келді.

Ресейдің Пенза қаласында туған. Дондағы Ростов қаласындағы Солтүстік Кавказ мемлекеттік университетін бітірген. 1931-1976 жылдары - КСРО Ғылым академиясы Физика институтының аспиранты, аға ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі, директордың орынбасары. 1950-1955 жылдары - КСРО Ғылым академиясы Төралқасының ғылыми хатшысы. 1968-1976 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясы Жоғары энергия физикасы институтының зертхана меңгерушісі. 1976-1987 жылдары Қазақстан Ғылым академиясы Төралқасының мүшесі, Жоғары энергия физикасы институты директорының орынбасары, Қазақстан Ғылым академиясының физика-математика бөлімшесі академик-хатшысының орынбасары болған. 1987 жылдан зейнет демалысына шыққан. Негізгі ғылыми еңбектері атом ядросы мен ғарыштық сәулелер физикасына арналған. «Ядролық физиканың эксперименттік әдістері», «Космос сәулелері» атты еңбектердің авторы.

3 мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, медальдармен марапатталған.

10 3 жыл бұрын (1911-1943) Кеңес Одағының Батыры ЛИТВИНОВ Петр Дмитриевич дүниеге келді.

Көкшетау облысы (қазіргі Ақмола облысы) Володар ауданында туған. Днепр өзені жағалауында болған ұрыстарда асқан ерлік көрсетіп, жау шабуылына бірнеше мәрте тойтарыс берген. 1943 жылы қазанның 18-і күнгі соғыс барысында қаза тапқан. Днепропетровск облысының Верхнеднепровск ауданы Правобережное ауылында Батырға ескерткіш орнатылса, Володар ауданындағы бір мектеп Петр Литвинов есімімен аталады.

Ленин, Қызыл Жұлдыз ордендерімен, медальдармен марапатталған.

9 9 жыл бұрын (1915-2007) жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты СЕРГЕЕВ Александр Николаевич дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Ресейдің Тула қаласында туған. Алматы жоғары партия мектебін, Мәскеу жоғары партия мектебін бітірген.

Қарағанды облыстық радиокомитетінің бас редакторы, «Социалистическая Караганда» облыстық газеті бас редакторының орынбасары, «Казахстанская правда» республикалық газеті редакторының бірінші орынбасары, «Советский патриот» газетінің Қазақстан мен Қырғызстан бойынша меншікті тілшісі, «Ара» - «Шмель» журналы редакторының орынбасары қызметтерін атқарған.

«Пастырь поневоле», «Опасное задание», «Сыновья возвращаются», «Звездное небо Талгата» әңгімелер, повестерінің, «Петербургский посол», «Искупление» романдарының авторы.

Көптеген шығармалары қазақ тіліне аударылған. Орыс тіліне қазақ және ұйғыр жазушыларының шығармаларын тәржімәлаған.

Отан соғысы орденімен, медальдармен, Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен марапатталған.

9 3 жыл бұрын (1921-2001) филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері АЙДАРОВ Ғұбайдолла дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Қазіргі Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы Тельман ауылында дүниеге келген. Шымкент оқытушылар институтын, Қазақ педагогикалық институтын бітірген. 1944-1959 жылдары - мұғалім, орта мектеп директорының орынбасары, директоры. 1959 жылдан Қазақстан Ғылым Академиясы Тіл білімі институтында кіші, аға ғылыми қызметкері.

250-ден астам ғылыми-зерттеу еңбек, оның ішінде 10 монография мен жоғары оқу орындарына арналған оқулық жазған.

Ғұбайдолла Айдаров ғылыми еңбектерінде көне түркі ескерткіштерінің мәтіндерін қазіргі графика бойынша транскрипциялап, олардың тілін лингвистикалық тұрғыдан жан-жақты талдаған, ескерткіштер тілінің қазіргі қазақ тіліне жақындығын зерттеп, дәлелдеген.

7 5 жыл бұрын (1939) ветеринария ғылымының докторы, профессор БИЯШЕВ Қадыр дүниеге келді.

Қ.Бияшев инфекциялы аурудың алдын алу үшін пайдаланылатын биологиялық дәрі-дәрмектің 23 түрін ойлап тауып, өндіріске енгізді. Ол ойлап тапқан дәрі-дәрмектің 10-нан астам түрі Сан-Диего (АҚШ) қаласында өткен «Қазақстан-95» конференция-көрмесіне қойылып, мақтау қағаздарына ие болды. Ғалым ірі қара мен құстардың ішек ауруларының алдын алу жөнінде 170-тен аса ғылыми-әдістемелік еңбек жазды. Ғылыми еңбектері Түркия, Германия, Ресей, Беларус баспасөздерінде жарияланды. 2 авторлық куәлігі, 21 патенті бар.

«Парасат» орденімен, медальдармен марапатталған.

7 3 жыл бұрын (1941-1999) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Өсімдікті қорғау комитетін ұйымдастырушы әрі тұңғыш төрағасы, «Өсімдікті қорғау» журналының негізін қалаушы әрі алғашқы бас редакторы ҚАСЫМХАНОВ Рахымбек Қасымханұлы дүниеге келді.

Павлодар облысында туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірген. 1965-1970 жылдары - Қазақ КСР-і Астық өнімдері министрлігінің жетекші, бас маманы. 1970-1977 жылдары - Қазақ КСР-і Дайындау министрлігі Республикалық астық өнімдерін қорғау жөніндегі басқармасы бастығының орынбасары, бастығы. 1977-1979 жылдары - Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесі төрағасының бірінші орынбасарының көмекшісі. 1979-1994 жылдары - «Қазауылшаруашылықхимия» РҒӨБ төрағасының бірінші орынбасары. 1994-1996 жылдары - «Құнарлылық» Мемлекеттік акционерлік компаниясынің бірінші вице-президенті. 1996-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Мемлекеттік химия комиссиясының, Өсімдікті қорғау комитетінің төрағасы болған.

6 5 жыл бұрын (1949) техника ғылымының докторы, профессор ШЫНЫБАЕВ Мақсат Даниярұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Қазақ химия-технология институтын бітірген. 1971 жылдан қазіргі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің кіші ғылыми қызметкері, оқытушысы, аға оқытушысы, доценті, қолданбалы механика кафедрасының профессоры қызметтерін атқарған.

Ғалымның 80-нен астам ғылыми еңбегі, оның ішінде 3 монографиясы, 2 оқулығы жарық көрген.

5 8 жыл бұрын (1956-2006) заңгер, заң ғылымының кандидаты, полиция генерал-майоры ЕСІМОВ Серік Аяшұлы дүниеге келді.

Ақтөбе қаласында туған. КСРО Ішкі істер министрлігі Қарағанды жоғары мектебін бітірген. 1979-1986 жылдары - Батыс Қазақстан Көліктегі ішкі істер басқармасының инспекторы, аға инспекторы, аға жедел уәкілі, тергеушісі. 1986-1994 жылдары - Ақтөбе стансасындағы Желілік ішкі істер бөлімі Социалистік мүлікті талан-таражға салумен күрес бөлімінің бастығы, Қандыағаш стансасындағы Желілік ішкі істер бөлімінің бастығы, Батыс Қазақстан Көліктегі ішкі істер басқармасының бөлім бастығы, Ақтөбе стансасындағы Желілік ішкі істер бөлімінің бастығы, Батыс Қазақстан Көліктегі ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары. 1994-1995 жылдары - Ресей Федерациясы Ішкі істер министрлігі Академиясының тыңдаушысы. 1995-1997 жылдары - Батыс Қазақстан Көліктегі ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасары, бастығы. 1997-2002 жылдары - Ақтөбе облыстық Ішкі істер басқармасының бастығы. 2002-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Мемлекеттік күзет қызметі департаменті бастығының бірінші орынбасары. 2003-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі аса ауыр қылмыстармен күресті үйлестіру орталығының Батыс аймақтық ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының бастығы.

«Криминологическая характеристика краж грузов на на железодорожном транспорте» атты кітабы жарық көрген.

5 7 жыл бұрын (1957) ҚР БҒМ Ғылым комитеті Информатика және басқару проблемалары институтының директоры ҚАЛИМОЛДАЕВ Мақсат Нұрәділұлы дүниеге келді.

Алматы облысы Райымбек ауданының Текес ауылында туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің механика және қолданбалы математика факультетін бітірген (1980), мамандығы - «Қолданбалы математика». Физика-математика ғылымдарының кандидаты (1990), докторы (2000). Докторлық диссертациясының тақырыбы: «Желілік емес көпшамалы фазалық жүйелердің тұрақтылығы және математикалық үлгіленуі». Профессор (2003 жылдан). ҚР ИА корреспондент-мүшесі (2003). 4 жарияланған монографияның, 5 көмекші оқу құралының; 80-нен астам ғылыми мақаланың авторы. Авторлық куәлік иегері (2010). Оның жетекшілігімен физика-математика, техника және педагогика ғылымдарының ғылыми дәрежелерін ізденуші 1 докторлық және 7 кандидаттық диссертация қорғалған.

Қазақ, орыс және ағылшын (ауызекі) тілдерін біледі. 1975 жылдан - С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің студенті. 1980 жылдан - ҚазКСР ҒА Математика және механика институтының экономикалық-математикалық әдістер зертханасының инженері. 1982-жылдан - С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (әл-Фараби атындағы ҚазМУ) басқару теориясы кафедрасында аға зертханашы, аспирант, ассистент, аға оқытушы, доцент. 2001 жылдан - ҚР БҒМ Ғылым департаментінде басқарма бастығы, департамент директорының орынбасары. 2003 жылдан - ҚР БҒМ Жоғары аттестациялық комитеті терағасының бірінші орынбасары. 2005 жылдан - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ақпараттық жүйелер кафедрасының профессоры.

2008 жылдың мамыр айынан бері - ҚР БҒМ Ғылым комитеті Информатика және басқару проблемалары институтының директоры.

50 жыл бұрын (1964) «Қазақстан инжиниринг» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы СМАҒҰЛОВ Болат Советұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысында туған. Қарағанды кооперативтік институтын, «Тұран» университетін бітірген. 1992-1998 жылдары жеке кәсіпкерлікпен айналысқан. 1998-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Кәсіпорындарды қайта құру және тарату агенттігі Астана қаласы бойынша филиалының директоры. 2001-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің комитет төрағасының орынбасары. 2003-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі Сауда комитетінің төрағасы, Индустрия және сауда вице-министрі. 2006-2008 жылдары - Астана қаласы әкімінің орынбасары. Кейінгі жылдары «Қазақстандық мемлекеттік-жеке әріптестік орталығы» акционерлік қоғамы басқарасының төрағасы болды.

10 9 жыл бұрын (1905-1989) кеңес шығыстанушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Тәжік КСР Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, Тәжік КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері БРАГИНСКИЙ Иосиф Самуилович дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Киев қаласында туған. Мәскеу Шығыстану институтын бітірген.

КСРО Ғылым Академиясының Шығыстану институтында, Дүниежүзілік әдебиет институтының ғылыми қызметкері, «Азия және Африка халықтары» журналының бас редакторы болған.

Негізгі еңбектері Орта Азия халықтары әдебиетінің тарихи және теориялық мәселелерін, Шығыс пен Батыс әдебиетінің өзара байланысын, парсы-тәжік әдебиетінің классиктері Рудаки, Фирдоуси, Хафиз, Жәми еңбектерін, тәжік кеңес әдебиетін зерттеуге арналған.

«Садриддин Айни», «12 миниатюр», «Исследования по таджикской культуре», «Иранское литературное наследие» атты кітаптардың авторы.

7 9 жыл бұрын (1935) кеңестік және ресейлік театр және кино актері, педагог, қоғам қайраткері СОЛОМИН Юрий Мефодьевич дүниеге келді.

7 8 жыл бұрын (1936) Суринам саясаткері, Суринам президенті (1991-1996, 2000-2005, 2005-2010) Рональд Руналдо ВЕНЕТИАН дүниеге келді.

7 2 жыл бұрын (1942) Оңтүстік Арфинка Республикасының 1999-2008 жылдардағы президенті Табо МБЕКИ дүниеге келді.

6 5 жыл бұрын (1949-2010) Польша президенті (2005-2010), «Құқық және әділеттілік» партиясы көшбасшыларының бірі Лех Александр КАЧИНЬСКИЙ дүниеге келді.

72 жыл бұрын (1942) британдық музыкант, «The Beatles» тобының негізін қалаушылардың бірі Джеймс Пол МАККАРТНИ дүниеге келді.