$18 млрд кіріс: Трамп әлем чемпионатының АҚШ экономикасына әсерін айтты

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл өткен футболдан әлем чемпионаты АҚШ экономикасына $18 млрд-тан астам кіріс әкеліп, 160 мыңнан астам жұмыс орнының ашылуына ықпал етті. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді, деп Informsports.kz жазды.

Фото: FIFA.com

Америкалық көшбасшы әлеуметтік желідегі парақшасында өткен әлем чемпионатының ел экономикасына әсеріне тоқталып, туризм саласына тигізген ықпалын атап өтті.

— Америкалық туризм үшін қандай керемет жаз болды. Америкалықтар ел ішінде шамамен 300 млрд миль жол жүрді, ұлттық саябақтарға 78 млн адам барды, ал миллиондаған адам әуе көлігін пайдаланды. Тек футболдан әлем чемпионатының өзі экономикамызға $18 млрд-тан астам кіріс әкеліп, 160 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Саяхат пен туризм — бұл жұмыс орындары, инвестициялар және америкалық компаниялар мен жергілікті қауымдастықтарға түсетін миллиардтаған доллар, — деді Дональд Трамп.

АҚШ президенті туризм саласы мен көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған шаралар туралы да айтты.

— Біз бюрократиялық кедергілерді жойып, әуе тасымалы жүйесін жаңартып, АҚШ-қа келуді және елде бизнес жүргізуді жеңілдетіп жатырмыз. Америка Құрама Штаттары бизнес үшін ашық, ал ең жақсысы әлі алда, — деп атап өтті ол.

2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтті. Турнирге алғаш рет 48 ұлттық құрама қатысты.

АҚШ аумағында 78 матч ойналды. Олардың қатарында плей-офф кезеңінің шешуші кездесулері мен Нью-Джерси штатындағы «Метлайф» стадионында өткен финал бар.

FIFA 2026 жылғы 1 маусым мен 2 қыркүйек аралығындағы халықаралық трансферттерге шолу жариялады. Деректер футболшылар нарығында рекордтық белсенділік байқалғанын, сондай-ақ әлем чемпионатының ойыншылар трансферіне ықпал еткенін көрсетті.

Еске салайық, Дональд Трамп FIFA-ның алғашқы «Бейбітшілік сыйлығының» лауреаты атанды.

Еуропа Инфантиноны FIFA президенттігіне қайта сайлауға қарсы екенін жаздық.